Жұмысшыларын жалақысыз қалдырған заңды тұлғаларға айыппұл салынды

2563

Жамбыл облысында соңғы екі айда 2991 жұмыскердің алдында 248,7 млн теңгенің жалақы қарызы анықталған.  

Жұмысшыларын жалақысыз қалдырған заңды тұлғаларға айыппұл салынды

Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 2807 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалып, 221,4 млн теңге жалақы қарызы қайтарылыпты. Бұл туралы өңірдегі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев айтты.

"Бүгінде орын алған жалақы қарызының 1103 жұмыскер алдындағы 98 млн теңгесі жеке кәсіпорындарға, 150,2 млн теңгесі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға тиесілі. Бұл жалпы жалақы қарызының 60,4 %-ін құрайды", – деді ол.

Қызығы, Жамбыл облысында жалақыларын ала алмай жүрген педагогтар да бар екен. Мәселен, Мойынқұм ауданындағы 1279 мұғалімнің еңбекақы алашағы 120,9 млн теңгеге, 34 тәрбиешінің "Мөлдір" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан алашағы 8,6 миллион теңге жеткен. Десе де, бұл кәсіпорын қазіргі таңда жалақы қарызының 3,7 миллион теңгесін жауып үлгерген.

"Мұндай қарыз Т.Рысқұлов ауданындағы – 14, Жуалыдағы – 2 балабақшада, Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорынында да анықталды. Осыған жол берген лауазым иелері мен заңды тұлғаларға басқарма тарапынан 1 206 205 теңге айыппұл салынды", – деді Қ.Досаев.

Ал "Қазсушар" РМК Жамбыл облыстық филиалының 70 жұмыскер алдындағы жалақы қарызы 3,8 млн теңгені құрағанымен, кәсіпорын бүгінгі таңда біраз жұмысшыларын ақысыз еңбек демалысына жіберіпті. Жұмыста қалғандарының өзі жарты айлыққа жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бұл деректі растаған филиал өкілі проблеманың таяу күндері шешілетіндігін айтады.

Айта кетейік, былтыр өңірдегі 10 385 кәсіпорын 76,7 мың жұмыскердің жалақысын орта есеппен 36,7 мың теңгеден 48,6 мың теңгеге көтерген болатын. 95 ірі кәсіпорынның 92-і (97%) 43,4 мыңнан астам жұмысшысының жалақысын арттырған. Жеке сектордағы 33 ірі кәсіпорынның 28-і 13591 жұмыскердің  жалақысын көтерген. Бұдан бөлек, 42 орта, 10251 шағын кәсіпорындар да өз жұмысшыларының жалақысын талапқа сай жоғарылатқан.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу