Жұмысы жандаған кәсіпорындар неге мән беруі керек?

2549

Талапты сақтамағандар айыппұл төлейді. 

Жұмысы жандаған кәсіпорындар неге мән беруі керек?

Елордада карантиндік шектеулер аясында жұмысы жанданған кәсіпорындар қандай талаптарды сақтауы керек? Қалалық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен тікелей эфир барысында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілі Гүлнара Қалиева осы сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітті.

"Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі карантин шектеулері босаңдатылатын мемекелер санатын жариялады. Оның көбі өндіріс пен құрылыс саласына тиесілі.  Нақты тізіммен қала әкімдігінің сайтында танысуға болады", – деген маман маңызды деген талаптарды атап, әрқайсына жеке-жеке тоқталды.

Жұмысшылар қалай қатынайды?

"Қала ішінде қоғамдық көлік қозғалысына шектеу қойылғандықтан, жұмысшыларды арнайы көліктермен тасу қажет. Жұмысқа шақырылған қызметкер жеке көлігімен жедел штабтың рұқсатынсыз жүре алмайды. Яғни, жұмыс беруші көлік ұсына алмаған жағдайда жеке көлігі бар қызметкер тиісті рұқсат алу үшін жедел штабқа жүгінуі керек. Тек қаланың өмірін қамтамасыз ететін қызметтер мен медицина қызметкерлеріне, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына жеке көлігімен арнайы рұқсатнама бойынша қатынау рұқсат етілген", – дейді Гүлнара Қалиева.

Оның айтуынша, жұмысы жандаған кәсіпорындардағы өндірістік процеске тікелей қатысы жоқ персоналды түгелдей қашықтан жұмысқа ауыстыру қажет. Әкімші мамандар, есепшілер онлайн режимде жұмыс істеуге тиіс.

Тәуліктік режимге рұқсат

Карантин кезінде жұмысы жандаған кәсіпорындардың көбінде күндік кесте 8.00-18.00 аралығында. Бұл жұмыс кестесі қатаң сақталуы керек. Тек құрылыс нысандарында ғана жұмысты тәуліктік режимде жүргізуге болады.

"Оның өзінде құрылыс компаниясының салынып жатқан нысанның басында болу міндетті емес өкілдері 18.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал сату бөлімдері карантин кезінде жұмыс істей алмайды. Өйткені сатуды онлайн режимде де ұйымдастыруға болады", – дейді маман.

Маскамен жүру – міндет

"Өндіріс кезінде жұмысшылардың қауіпсіздігі қатаң сақталуы керек. Бірінші кезекте бақылау-өткізу бекетінде әр қызметкердің дене қызуы өлшенеді. Ол үшін кәсіпорын басшылығы жанасусыз өлшеу құрылғысын алуға міндетті. Нысанға жұмысшылар маскамен ғана жіберіледі. Ал дайын өнімді қаптаумен, жолданатын тауарға тікелей жанасатын адамдар, оргтекхника сатумен және жөндеумен айналысатын қызметкерлер міндетті түрде қолғап киюі керек. Маскалар 2 сағат сайын, қолғаптар күніне 2 рет жаңаланып отыруы керек".

Оқшаулағыш бөлме

Ірі және орта өнеркәсіп нысандарына оқшаулағыштың болуы міндетті. Яғни, оқшаулауға арналған медициналық бекет болуға тиіс.

"Ірі және орта өнеркәсіп нысандарының көбінде медициналық бекет бар. Ол бекетте әрдайым медицина маманы отыруы қажет. Осы бекеттің құрамында оқшаулағыш орын болуы керек. Жұмысшыларды нысанға өткізу кезінде дене қызуы жоғары адам анықталған жағдайда жедел жәрдем жеткенше, әлгі қызметкерді осы оқшаулағыш орында ұстау керек. Бұл жұмысшы саны 250 ден асатын кәсіпорындарға қойылып отырған талап", – дейді департамент өкілі.

Жоспардан тыс тексеру

Жұмысы жанданған барлық нысанда төтенше жағдай кезінде жұмыс істеу тәртібі қалай сақталып жатқанын аудандық әкімдіктер қадағалайды. Егер тәртіп сақталмағанын көрсе, әкімдік өкілдері тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне аталмыш мекеме туралы ақпарат беруге құқылы. Әкімдік берген деректің негізінде департамент өкілдері аталмыш кәсіпорында жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы бастама көтеруге құқылы.

Химиялық тазарту

Химиялық тазарту нысандары сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін істейді. Кәсіпорын тапсырысты не жалдап алған көлікпен, не қызметтік көлікпен әкетіп жеткізе алады. Ал жеке көлікпен тапсырыс тасығысы келсе, жергілікті жедел штабқа тіркелуі керек. Тұрғындар жақын жерде орналасқан химиялық тазарту мекемесінде жеткізу қызметі қарастырылмаған болса, өз аяғымен баруына болады. Оның өзінде ең жақын орналасқан мекемеге бару керек.

Қозғалысы шектелген көлікті жуу – заңсыз

Көлік жуу орындары тек қала ішінде қозғалуға рұқсаты бар көліктерді ғана қабылдайды. Ал қозғалысы шектелген көліктерді жуған мекемелер айыппұл төлеуі мүмкін.

Ұялы байланыс операторларының абоненттік бөлімдеріне де жұмыс рұқсат етілмейді. Банктер күндізгі сағат 16.00-ге дейін жұмыс істейді.

Жүк көліктеріне блокпостардан өтіп, қала ішінде қозғалуы үшін жұмыс орнынан анықтама болса жеткілікті.

Тамақтану орындары тапсырысқа ғана жұмыс істейді

"Карантиннің басында айтылғандай, қоғамдық тамақтану мекемелері тек жеткізіп беру арқылы ғана жұмыс істей алады. Клиент тапсырысын өзі келіп әкете алмайды. Яғни, тамақты есіктен сатуға рұқсат жоқ. Тапсырыс жеткізуге денсаулығы талапқа сай екені туралы құжаты бар курьрерлер ғана тартылуы керек. Аталмыш кәсіпорындар үшін онлайн таспсырыспен жұмыс істеу уақыты 22.00-ге дейін ұзартылды", - деді Гүлнара Қалиева.

Жұмысшылар қалай тамақтанады?

Карантин кезеңінде  жеке ғимаратта орналасқан кәсіпорындаы ғана жұмысын жандандыра алатыны айтылды. Ал басқа ғимараттың бір бөлігінде орналасқан өндіріс нысаны карантин кезінде жұмыс істей алмайды.

"Түскі үзіліс кезінде жұмысшылар  үшін арнайы тамақтанатын аудан немесе демалыс орны ұйымдастырылуы керек. Жұмыс үстінде тамақтануға мүлде болмайды. Әр түрлі учаскенің жұмысшылары бір уақытта тамақтанбауы керек. Сондықтан тамақтанудың нақты кестесі болуға тиіс. Тамақтанып отырған адамдар 2 метрлік ара қашықтықты сақтайды. Үстелдердің  арасы да 2 метрден кем болмауы керек. Асхана ыдысы босаған сайын әуелі жуғыш затпен, кейін дезинфекциялық сұйықтықпен өңделуі керек. Бұрын дезинфекциялық сұйықтықпен күніне бір рет жуылса, енді әр ыдыс босаған сайын  өңделуі міндетті", - деді департамент өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу