Дастан Сәтпаев өміріндегі ең маңызды жылдары алматылық ұжыммен байланысты екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Рақмет, "Қайрат!" Өмірімнің ең маңызды жылдары осы клубпен байланысты. Осында өсіп, білім алып, күнде өзімді дамытуға тырыстым. Бұл клуб маған үлкен футболдағы алғашқы қадамымды жасап, арманымның соңынан жүруге мүмкіндік берді, – деп жазды Дастан Сәтпаев.
Сонымен қатар, ол өзіне әрдайым қолдау көрсеткен жанкүйерлерге, академия мен негізгі құрамның бапкерлеріне, клуб басшылығына, клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевқа, алаңдағы серіктестеріне және барлығына алғыс айтты.
– Қолдауын әрдайым сезінген жанкүйерлерге рақмет! Академиядағы барлық бапкерге, негізгі команданың бапкерлер штабына, клуб басшылығына, Қайрат Советайұлына, алаңдағы барлық серіктесіме алғыс айтамын! Сары-қара жейдені кию мен үшін үлкен мәртебе болды. Бұл сәттер жүрегімде мәңгі сақталады, – деп ағынан жарылды футболшы.
Бұған дейін 17 жастағы футболшы Дастан Сәтпаевтың "Қайратпен" қоштасқанын жазған едік.