Жүргізушілердің жаппай наразылығын туғызған айыппұл тоқтатыла тұруы мүмкін

1758

Цифрландырудың кезекті толқыны қазақстандық бизнес үшін "сау басқа сақинаға" айналып, жаңа кедергілер тудырды.

Жүргізушілердің жаппай наразылығын туғызған айыппұл тоқтатыла тұруы мүмкін Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Бұл жерде әңгіме биылғы жылдың жаңалығы – "Бірыңғай көлік құжаттарын басқару жүйесі" турасында (оны шенеуніктер ресми құжаттарда орысша да, қазақша да ЕСУТД деп алып жүр).

esutd.gov.kz порталында орналасқан бұл жүйе көлік құжаттарын тіркеу, сақтау және тасымалдаушылар мен мемлекеттік органдар арасында алмасу үшін құрылған.

2026 жылдың 1 маусымынан бастап ЕСУТД-да жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын (ТКЖ) тіркеу "қатаң түрде міндетті" деп танылды. Бұл норманың іргетасы сонау 2020 жылы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №546 бұйрығымен қаланған болатын. Бірақ 10 жылдан бері ол ерікті сипатта ғана болып келді. Енді ойын ережесі біржола қатайтылуда.

Салдарынан, салмағы 3,5 тоннадан асатын көлікпен жүк тасымалын жүзеге асыратын нарық қатысушылары соққы астында қалды. Енді әрбір рейс (!) цифрлық базада тіркелуге тиіс. Енді жүктің әрбір тоннасын емес, әрбір данасын және оны тасыған әрбір рейсті тіркеуге көшті. Тіркелуді ұмытып кетсең – айыппұл арқалайсың.

Салық кеңесшісі Лилия Поддубная кәсіпкерлер ортасында: "ЕСУТД-ты ендіру мерзімі 2027 жылға қалды!" деген қуанышты қауесеттердің белсенді тарап, белең алып жатқанын қаперге салды.

Алайда, оның түсіндіруінше, ерте қуануға негіз жоқ. Көлік министрлігі шынымен де бұл міндеттемені 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін, жарты жылға әрі ысыруды қарастыруда. Бірақ тиісті бұйрыққа әзірге қол қойылмапты. Құжат жобасы тек қоғамдық талқылау және басқа ведомстволармен келісу сатысынан ғана тұр. Ол рәсімдердің қашан бітері мүлдем белгісіз.

"Көлік министрлігі 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін шегеру мәселесі қарастырылып жатқанын растады. Дегенмен, бүгінде құжат келісу және қоғамдық талқылау сатысында ғана тұр. Қолданыстағы талаптарды ешкім жойған жоқ, олар күшінде. Сондықтан кәсіпкерлер заңнама нормаларын қатаң сақтап, бұйрықтың ресми жариялануын жіті қадағалауды жалғастыруы қажет", – деп ескертті сарапшы.

Неліктен бизнес, әсіресе жүк тасымалдаушылар, бұл ережелердің күшінің жойылуын немесе ең болмағанда кейінге шегерілуін соншалықты жан-тәнімен қалап отыр? 

Бұған дейін "Атамекен" ҰКП алаңында шенеуніктер, логистер, өндірушілер мен салалық қауымдастықтар өкілдерінің басын қосқан ауқымды тыңдау өткен еді. Онда бизнес мынаны ашық мәлімдеді, бірқатар инфрақұрылымдық және техникалық проблемаларын шешпей, ЕСУТД-ты толыққанды енгізуге болмайды.

Кәсіпкерлердің жанын ауыртқан 5 басты проблема

Біріншіден, бұл – ақпараттық вакуум: ірі елді мекендерден шалғайда орналасқан кен орындарында, карьерлер мен жүк тиеу нүктелерінде ұялы байланыс пен интернет атымен жоқ.

Екіншіден, бизнес аттандырар жүгінің салмағын "көзбен өлшеуге" мәжбүр: құм, қиыршық тас сияқты инертті материалдарды тасымалдау кезінде автокөлік таразыларының жоқтығынан жүктің нақты салмағын дәл көрсету мүмкін емес. Мысалы, жүк көлігіне құм артқанда экскаватордың шөмішімен де есептейтін тәжірибе кездеседі.

Үшіншіден, кадр тапшылығы қысып тұр: шағын кәсіпкерлік субъектілерінің штатында бухгалтерлер, механиктер мен лицензиясы бар медицина қызметкерлері қарастырылмаған. Ал, ЕСУТД солардың болуын талап етеді.

Төртінші кілтипат – енді жүргізушілердің рейске шығар алдындағы міндетті медициналық тексерісін ұйымдастыру қажет. Еліміздің шалғай өңірлерінде оны жүзеге асыратын ешкім – бірде бір дәрігер жоқ.

Бесіншіден, бизнестің байламынша, жүйенің өзі техникалық шикілікке толы: әлі күнге дейін ЕСУТД-тың мобильді қосымшасы жасалмаған. Қате кеткен құжаттарды түзету функциясы қарастырылмаған. Ең бастысы – жүйе бүгінде әрбір компания қолданатын корпоративтік есеп жүйелерімен (1С, ERP, WMS) автоматты түрде интеграцияланбаған.

Маусым айы басталғалы жаңа жүйенің кәсіпкерлікке қандай қиындық әкелгеніне тәжірибеден нақты мысал: энергетикалық сусындар шығаратын ірі тамақ өнеркәсібі кәсіпорны тәулігіне орта есеппен 350-ден астам ТКЖ құжатын рәсімдейді. 1С жүйесімен интеграция болмағандықтан, енді ол әрбір жүкқұжатты қолмен енгізуге тура келуде. Бір ғана құжатты дұрыс әрі толық толтыруға шамамен 10 минут кетеді. Тауар жеткізілімін үзіп алмау үшін бизнес штатты шектен тыс кеңейтіп, алапат, жоспарланбаған шығындарға батып жатыр.

Мәселенің бағасы: миллиондық айыппұлдар

Бизнестің ерекше үрейін туғызып отырған жайт – қатал әкімшілік жауапкершілік. Жүйеде құжаттарды тіркемегені, оларды рәсімдемегені немесе бұрмаланған мәліметтер енгізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 571-1-бабының 1-бөлігі бойынша қомақты санкциялар қарастырылған:

  • Жеке тұлғалар үшін – 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге);
  • Шағын бизнес үшін – 40 АЕК (173 000 теңге);
  • Орта бизнес үшін – 50 АЕК (216 250 теңге);
  • Ірі бизнес үшін – 60 АЕК (259 500 теңге).

Бір жыл ішінде қайталап бұзылған жағдайда айыппұл сомасы 1,5 есеге артып шыға келеді.

Кәсіпкерлер толық техникалық интеграция аяқталмай жатып жазалау шараларын қолдану нарыққа шамадан тыс салмақ түсіреді деп дабыл қағуда. Бизнестің пікірінше, цифрлық реформалар процестерді жеңілдетіп, жеделдетуге тиіс. Ал, "шикі" механизмді міндеттеп енгізу тасымал-логистикалық шығындардың өсуіне, жеткізілімдердің ұзақ уақытқа үзілуіне және соның салдарынан соңғы тұтынушы үшін тауарлардың бұлтартпас қымбаттауына әкеп соғады.

Бір айдың шежіресі: ескертуден жол коллапсына дейін

Бар-жоғы 1,5 ай бұрын Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында бизнес ашық ескерткен болатын. Шенеуніктер платформаның әлі де жетілдірілетінін, кез келген кемшілігі "жұмыс барысында шешілетінін" айтып, сендірген еді.

Міне, жүйенің жұмыс істеп тұрғанына екі-ақ апта болды, бірақ кәсіпкерлердің ең қорқынышты қауіптері шындыққа айналуда. Өңірлер техникалық ақаулар туындап жатқанын хабарлауда. Бұдан бөлек, жаңа цифрлық платформа арқылы құжаттарды рәсімдеуде қиындықтардың туындауы кесірінен елдегі ірі трассаларда жүк көліктерін тоқтатып, айыппұл салудың алғашқы деректері тіркеліп үлгерді.

Бұл ретте проблеманың ауқымы болжанғаннан әлдеқайда кең болып шықты: ЕСУТД-ты іске қосудың салдары тек жүк тасымалы саласымен шектелмей, оның шеңберінен шығып кетті. Егер бастапқыда бұл жаңашылдық тек көлік компанияларына қатысты құрал ретінде көрсетілсе, бүгінде ол бөлшек сауда, дүкен-супермаркеттерден бастап агроөнеркәсіпке дейінгі отандық бизнеске ауыр тиюде. 

"Енді саудадағы кәсіпкерлер де тауарды алғанын растау үшін жүйеге тіркелуге міндеттелуде. Бірақ орынды сұрақ туындайды: мұны кім жасауы керек? Күні бойы сатып алушыларға тынбай қызмет көрсететін сатушы ма? Әлде дүкен иесі ме? Бірақ ол үнемі дүкенде тапжылмай отырмайды, жүк келгенде орнында болмауы мүмкін және қандай тауар әкелінгенін көре бермейді", – деп кейістік білдірді ШҚО Сауда кәсіпкерлері қауымдастығының басшысы Владимир Бердник.

Кәсіпкерлердің байламынша, бизнес-процестерді жеңілдетеді деп уәде етілген бұл жүйе керісінше, миллиондаған шағын және орта бизнес субъектілеріне ауыр әкімшілік жүк артуда.

Аграршылардың да көкейінде қордаланған сұрақтары аз емес. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Фарид Әбітаев ЕСУТД-ты әзірлеушілер ауыл шаруашылығының ерекшелігін мүлдем ескермегеніне қапалы.

"Ауыл шаруашылығы өнімін жөнелту кезінде біз нақты салмақты көрсетеміз. Алайда зауыттағы зертханалық зерттеулерден кейін есептік салмақ анықталады: соның негізінде төлем төленіп, электронды шот-фактуралар ұсынылады. Бірақ тауар-көлік жүкқұжаты бұл уақытта рәсімделіп қояды және оны жүйеде өзгерту мүмкін емес! Салдарынан, бұл құжаттардағы цифрларда айтарлықтай алшақтықтар пайда болады", – деп түсіндірді депутат.

Агроөнеркәсіптік кешен үшін бұл жай ғана техникалық қолайсыздық емес, нақты қаржылық шығындарға, бақылаушы және фискалдық органдар тарапынан қатаң айыптауларға әкеп соғатын қауіп.

Бизнестің 3 басты талабы

Министрлік пен кәсіпкерлік қауымдастықтарға ЕСУТД бойынша түсініктеме беру және жағдайды қарастыру туралы өтініштер Қазақстанның барлық өңірлерінен түсіп жатыр. Бизнес цифрландыруға қарсы емес, алайда реформалар кәсіпорындардың жұмысын қиындатпай, жүйедегі олқылықтар үшін айыппұл салуға жол бермеуі тиіс деген ұстанымда.

Жағдайды ушықтырмау, жаппай қамтитын проблемаларды болдырмау үшін бизнес 3 нақты ұсынысын жолдады. Біріншіден, 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезеңді белгілеу қажет, бұл уақытта электрондық құжаттар қағаз құжаттармен қатар қолданылғаны жөн.

Екіншіден, Көлік министрлігі, ІІМ және "Атамекен" ҰКП арасында бизнестің жаңа жүйеге бейімделу кезеңінде айыппұлдарға толық тыйым салу туралы меморандум жасасу талап етіледі.

Үшіншіден, бизнестің басты талабы – ТКЖ (тауар-көлік жүкқұжаты) рәсімделгеннен кейін 7 күн ішінде оған түзетулер енгізу мүмкіндігін беру.

"Цифрландыру кәсіпкерлікке жаңа кедергілер туғызбай, қайта көмектесуге тиіс. Әйтпесе, экономикалық тиімділіктің орнына мемлекет бизнестің наразылығына тап болады. Өйткені олар үшін жүйенің әрбір қателігі – көліктің тұрып қалуын, тасымалдың доғарылуын, уыстан шығып кеткен пайда немесе айыппұл түрінде орасан зор шығынның келуін білдіреді", – дейді кәсіпкерлер палатасындағылар.

Көлік министрлігі райынан қайта ма?

Билік тарапынан бизнес пікіріне назар аударылып жатқаны байқалады. Тасымалдаушылар мен "Атамекен" ҰКП-ның қатал ұстанымын ескеріп, Көлік министрлігі ЕСУТД бойынша даулы норманың қолданысын 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін уақытша тоқтата тұруды жоспарлап отыр.

Бұл үзіліс тасымалдаушы-логистикалық компанияларға, жүк жөнелтушілер мен бухгалтерлерге асығыстық пен айыппұл санкцияларынсыз, компаниядағы процестерді ретке келтіру, деректер базасын интеграциялау үшін қажетті уақыт берер еді.

Қазіргі кезде Көлік министрлігі түзетулердің салыстырмалы кестесін дайындап қойды. Құжат жобасы бейінді ведомстволарға келісуге жіберілді және таяуда барлық мүдделі тұлғалардан ұсыныстар жинау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Көлік министрлігі Автокөлікпен жүк тасымалдау қағидаларына ауқымды өзгерістер пакетін әзірлеуде. Реформа рәсімдеу процесін бюрократиядан арылтуға бағытталған:

  • Жол парақтарын оңтайландыру: бланкілерден артық бағандар мен талаптар алып тасталады.
  • Қайталануды жою: жүйе бірін-бірі қайталайтын сұраныстар мен артық құжаттардан тазартылады.
  • Жеңілдетілген тәртіп: ТКЖ рәсімдеу процесін диспетчерлер мен рейстегі жүргізушілер үшін қосымша түсіндірусіз-ақ ұғынықты және аз еңбекті қажет ететіндей етуге уәде берілді.

Дегенмен, бұйрық ресми түрде жарияланып, күшіне енгенге дейін ескі, қатал ережелер қолданыла береді. Сарапшылар кәсіпкерлерге арқаны кеңге салмауға, ағымдағы заңнама аясында жұмысты жалғастыруға және цифрландыруға ары қарай дайындалуға кеңес береді. ЕСУТД бәрібір толыққанды әрі тұрақты негізде күшіне енеді, бизнес тек уақытша тыныстауға мүмкіндік ұсынатын тактикалық жеңіске ғана қол жеткізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу