Жүргізушілерге жүргіншілерді жолдан өткізбей қоюға рұқсат ететін түзетулер сынға ұшырады

3979

Ішкі істер министрлігі кептелістерді азайту үшін жүргізушілерге ерекше құқық бермек.

Жүргізушілерге жүргіншілерді жолдан өткізбей қоюға рұқсат ететін түзетулер сынға ұшырады Фото: canva.com

Ал сарапшылар дамыған елдердегідей, бізде де жүргінші – басымдыққа ие болуға тиіс деп табандайды.

2023 жылғы желтоқсанның ортасына дейін "Ашық НҚА" порталында еліміздің жаңа Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтің жаңа бұйрығының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.  

Дегенмен, жаңажылдық мерекенің қамымен болған халық пен сарапшылар оған енді ғана назар аударып отыр. Себебі, ол қабылданса, онда кез келген көлік иесі бағдаршамның қызыл көзі жанғанына қарамастан, жүргіншілерге жол бермей, олардың алдын кесіп өте беретін болады.

Urban Forum Kazakhstan көлік жөніндегі эксперті Роман Барабанов мұны "жүргіншіге қарсы бағытталған бастама" (түпнұсқада "антипешеходная инициатива") деп бағалады.

"Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті жүргіншіге қарсы бағытталған жаңа бастама көтеріп отыр. Қысқаша мәніне тоқталсам, егер автомобиль маневрін аяқтап үлгермесе, онда жаяу жүргінші тіпті өзі үшін бағдаршамның жасыл түсі жанып тұрса да және сол бағдаршамдағы сандар тез түгесіліп бара жатса да, көлікке дереу жол беруге міндетті болады. Мұндай жаңалықсымаққа әсіресе, бағдаршамның жасыл көзін сарылып, 100 секунд және одан көп күтуге мәжбүр болатын астаналықтар "қатты қуанады" деген ойдамын", – деп мысқылдады Роман Барабанов.

Дау тудырған жаңа бұйрық жобасы "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" ҚР Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.    

Оған сәйкес, ведомство қолданыстағы Жол жүрісі қағидаларын өзгертуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, 3-тараудың 16-тармағы келесідей жаңа редакцияда жазылған:

"16. Жаяу жүргіншілер жүріс реттеліп тұратын жерлерде – реттеушінің сигналын немесе жаяу жүргіншілер бағдаршамын, ал ол болмағанда – көлік бағдаршамын басшылыққа алады. Сондай-ақ бағдаршамның немесе реттеушінің рұқсат беру сигналы қосылған кезде, жаяу жүргінші жол қиылысы арқылы бұрын бастаған қозғалысты аяқтауы үшін көлік құралдарына жол береді", – делінген құжатта.

Сарапшылардың пікірінше, егер қолданыстағы қағидаларға осы өзгерістер еніп кетсе, онда жаяу жүргіншілерге бағдаршамы бар елді мекендерде, әсіресе, қалаларда жүріп-тұру қиындап кетеді.

Мысалы, қазіргі кезде жүргізушілердің басым көпшілігі жүргіншілердің қаһарынан қорқып, ашуын туғызудан аяқ тартып, бағдаршамның жасыл көзі жыпылықтай бастағанда, жедел тоқтайды, "зебраға" шықпауға тырысады.

Сарапшылар министрдің бұйрығы бұл тәртіпті бұзуы мүмкін екеніне назар аудартады. Тәртіпсіз жүргізушілер тезірек өтіп кету үшін жасыл түс жыпылықтай бастағанда тежелмей, керісінше, жылдамдығын арттырады. Өйткені жаңа бұйрық оған маневрін аяқтауы үшін жүргіншілерді кері шоршып, жол жиегіне ығысуға мәжбүр етуге құқық бермек.

Сарапшылар осының кесірінен бір жағынан, апаттар, жүргіншілерді басып кету оқиғаларының саны күрт өседі деп қауіптенеді. Екінші жағынан, "маневрін аяқтаушылар" саны да еселеп артып, бұл көшелердегі кептелістердің көбеюіне әкелмек.

Мысалы, ірі қалаларда жаяу жүргіншілер үскірік аяз бен ақ түтек боранда әрбір бағдаршамның жанында 1,5-3 минутқа дейін күтуге мәжбүр. Содан кейін жасыл түс айталық, небәрі 17 секундқа ғана жанады. Бұл "қас-қағым" мезетте қария адамдар жолды кесіп өтуге үлгермей жатады. Енді оларды "маневрін аяқтаушылар" жасқайтын болса, онда қарттардың немесе сырқат жандардың жолдан өтуі мұңға айналмақ.

Terricon Valley ІТ-жобаларының менеджері, қоғам белсендісі Әзиза Таласпаева бұл жаңашылдық жас ұрпаққа қауіп төндіретінін қаперге салды.

"Vision Zero" жол-көлік оқиғаларында жоғарғы өлім-жітімге қарсы күрестің халықаралық тұжырымдамасына сәйкес, жол қозғалысы ережелері бірінші кезекте жаяу жүргіншінің түсінуі үшін қарапайым әрі анық болуға тиіс. Тиісінше, көлік жүргізушілерінің ойы мен ниетін дұрыс түсінбеуге соқтыратын жол қозғалысы шарттарын тузығуға болмайды. Мен ІІМ-нің бұл жаңашылдығына қарсымын. Өйткені ол Vision Zero концепциясына мүлдем қайшы. Бұл түзету осы күйінде өмірге жолдама алса, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттарының санын еселеп арттыруы мүмкін. Бұл жаңа бастама жол қозғалысына қатысушылардың осал топтары үшін ерекше қауіпті. Жүргізушімен салыстырғанда, жүргіншінің көзі жіті көрмеуі мүмкін. Сондай-ақ жас балалар да автомобильдің өз маневрін бастағанын не аяқтағанын танып біле алмайды. Ендеше балдырғандарға бағдаршамның жасыл түсінде, жүргіншілер өтпесінен өту кезінде көліктің астына түсіп қалу қаупі төнеді", – деді Әзиза Азаматқызы.

Оның айтуынша, БҰҰ-ның ЮНИСЕФ қоры 10 жасқа дейінгі балалардың жол қозғалысының қағидаларын дұрыс түсініп, сайма-сай (адекватты) қимылдауға қабілетсіздігін анықтапты. Оның үстіне ересектерге қарағанда балалардың сенсомоторлы реакциясы да кемел дамымаған. Демек, жүргізушісі: "жүргіншілер жол беруге міндетті, маневрімді аяқтаймын!" деп "газды басқан" автокөлікті байқаса да, олар кері ыршып түсе алмай қалады.  

Әзиза Таласпаева қалаларымызда 6 жолағы бар жолдарда бағдаршамның жүргіншілерге арналған жасыл көзі тек 15 секунд қана жанатынын мәлім етті. Билік осы арқылы онсыз да жүргіншілер есебінен жол кептелісімен күреседі.  

Қоғам тарапынан туындаған наразылыққа Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді. Ведомство министрдің аталған бұйрығының жобасы шынында да әлгі түзетуді қарастыратынын растады.

"Аталған норма бірінші кезекте жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қарастырады. Себебі, қазіргі кезде жүргіншілер өз басының қауіпсіздігін қамдау жайын жиі елеусіз қалдырады да, бағдаршамның рұқсат ететін сигналы жана салысымен автожолға шұғыл аяқ басады. Бұл ретте олар көлік құралдарының бұрын бастаған маневрін аяқтағанына-аяқтамағанына да қарамайды. Мұндай жағдайда автокөлік жүргізушісінің жүргіншілер өтпесінің алдында тез тоқтауға мүмкіндігі болмай қалады", – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Бірақ ведомство бұқара мен сарапшылардың пікірін ескеруге ниетті. ІІМ жол қозғалысы қағидаларына жаңа түзетулер әзірге қабылданбағанын, мемлекеттік органдар арасында келісімнен өтіп жатқанын жеткізді. Бұйрықты қабылдау кезінде қоғамдық талқылау нәтижелерін ескеруге уәде етті.

Сарапшылар Vision zero тұжырымдамасы аясында барлық дамыған елдер "жүргінші басымдыққа ие" қағидатын қабылдағанын еске салды. Нәтижесінде, мысалы, озық елдердің азаматтары "зебраны" басып тоқтаған көліктің иесін жазалау үшін оның машинасының капотына дейін шығып, басып өткені бейнеленген видеолар әлеуметтік желіде толып тұр.

2022 жылы Еуропада, соның ішінде Ұлыбританияда жол қозғалысы ережелеріне жаңа түзетулер күшіне енді. Онда "жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің приоритеті" ресми бекітілді. Бір ғажабы сол, жергілікті автомобилистер ұйымдары бұл өзгерістерді қызу құптады.

Өйткені тіпті машинасы бар адамдар да одан шыға салысымен жүргіншіге айналады.

Мысалы, британдық Корольдік автоклубтың хабарламасында айтылғандай, "бұдан былай жүргізушілер бұрылыс кезінде, бағдаршам болмағанның өзінде, жолдан өткелі тұрған барлық жүргіншілерге жол беруге міндетті". Корольдік автоклуб мамандары жаңа ережелер жүргіншілер мен велосипедшілер, сондай-ақ жол қозғалысының осал қатысушылары үшін көшені қауіпсіз ететінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу