"Жұрт көз ашқалы жөнделген жол көрген жоқ" - депутат

3666

Халық қалаулысы БҚО тұрғындарының жан айқайын жеткізді. 

 "Жұрт көз ашқалы жөнделген жол көрген жоқ" - депутат Фото: inbusiness.kz

Мәжілісмен Нартай Аралбайұлы Батыс Қазақстан облысының бірқатар өңіріндегі жол мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz.

"Бөкей Орда ауданы мен Жәнібек ауданындағы жұрт көз ашқалы түзу трасса, жөнделген жол көрген жоқ. Қазір де жұрт облыс орталығы Оралға дейін көлікпен 7-8 сағат жүруге мәжбүр, жаңбыр жауса батпаққа батқан бұқара 14-15 сағат жол жүреді, көбісі күрежолдың бойында қонып қалады. Арнайы техниканың өзі көктем мен күздегі балшықтан өте алмайды. Салдарынан ауыр науқасқа шалдыққан адамдар мен сәбилердің қиналады", – деді депутат Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Оның сөзінше, 2022 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен БҚО әкімдігіне өңірдегі жол мәселесін тез арада шешуді тапсырған.

"Президент 2021 жылы аяқталуға тиіс болған Қазталов, Жәнібек, Бөкей орда аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын күрежолға әлі асфальт төселмегенін шегелеп айтып, "тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануға тиіс" деген болатын.  Осы сыннан кейін сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен босатылды. Бірақ сол жолдың бүгін-ертең бітетін түрі жоқ", – деді ол.

Депутаттың айтуынша, ақша бар, бірақ облыста қиыршық тас пен битум жоқ. Оны көрші облыстар мен көрші елден тасымалдау керек.

"Жол құрылысын аяқтау үшін биыл 1931 тонна қиыршық тас керек, оны  әкелуге 28 мың вагон қажет. Бірақ биылға тек 7 жарым мың вагон қарастырылған. Бұл өз кезегінде жолға қажетті материалдың жетіспеушілігіне, жол құрылысы мерзімінің ұзаруына және жоба құнының өсуіне әкеледі", – деді Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу