Жүз мыңнан аса компанияға жаппай айыппұл салынуы мүмкін

1826

Қазақстанда айыппұлдың жаңа түрлері енгізілмек.

Жүз мыңнан аса компанияға жаппай айыппұл салынуы мүмкін Фото: Google

Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылыков Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2023 жылғы қаңтарда 5,6% өскенін жариялады. Бір қызығы, Қазақстанның экономикасы шынында бұдан да жоғары қарқынмен өсіп жатуы мүмкін. 

Себебі бар: көптеген кәсіпорын өндірісі мен табысын жасырады, әрі статистикасын да мемлекетке уақыты бере бермейді.

Міне, осыларға қарсы Қазақстанның жаңа Үкіметі жазаның жаңа түрін енгізуі мүмкін. 

Ұлттық статбюроның хабарлауынша, бұл бастамаға Президент әкімшілігінің, Премьер-министрдің, Ұлттық экономика министрлігінің, Бас прокуратураның оң қорытындысы алыныпты. "Атамекен" ұлттық палатасынан бір ескерту түскен, оған бюро негізделген жауап қайырған екен, содан кейін палатадан ескертулер болған жоқ дейді.

Ведомство Президент әкімшілігінің тапсырмасын орындау үшін Бас прокуратурамен, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 497-бабына өзгерістер енгізетін заңнамалық түзетуді әзірледі. Ол жаңа сайланған Мәжіліске енгізілмек.

Құжаттың көздеген бір ғана мақсаты бар, ол – статистикалық деректерді уақытылы және нақты бермегені үшін немесе соны алуға статистикашыларға кедергі жасағаны үшін кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейту.

"Қазір көптеген респонденттер бастапқы статистикалық деректерді тек статистика органы бұзушылықтарды анықтап, оны жою туралы қорытынды жолдағаннан кейін ғана жібереді. Басқа да проблемалар бар. Көбінесе олар нөлдік форманы толтыра салады немесе "анық емес деректерді" ұсынады. Статистика органдары анықтаса ғана қателерін түзетеді. Салдарынан, 2018 жылғы маусымнан бері респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсынуды үнемі бұзу саны еселеп өсіп барады: егер 2018 жылы респонденттерге – 30 706 хабарлама ғана жіберілсе, 2019 жылы бұл сан – 130 627, 2020 жылы – 192 423, 2021 жылы – 206 674, 2022 жылы – 222 323-ке дейін ұлғайды", – деп түсіндірді Ұлттық статбюро.

Тау басынан құлаған жентек қардай алапат ауқым алып бара жатқан бұл кесірге тосқауыл қоюға статистикашылардың еш қауқары, жазалаушы құралы, қылар қайраны жоқ. Себебі, осы жөнсіздікке жол беретіндер үшін заңнамада тек "ескерту жасау" ғана көзделген. Мұны тәртіпсіздер әрине, шыбын шаққан құрлы көрмейді. Яғни, ары қарай түзелмейді.

Сондықтан қазақстандық статистика мамандары ТМД елдеріндегі әріптестеріне қызыға, қызғана қарайтын көрінеді. Мысалы, құзырлы органдарға тапсыру кезінде статистикалық деректерді, есепті бұрмаласа, олар аса қомақты әкімшілік айыппұлмен аяусыз жазалайды: Ресейде – 20 мыңнан 70 мың рубльге (419 мың теңгеге дейін) дейін, Әзербайжанда – 300-ден 500 манатқа (135,5 мың теңгеге), Молдовада – 12,5 мыңнан 17,5 мың лейге (438 мың теңгеге) дейін айыппұл салынады. 

Бірақ бұл қайта жұмсақтауы екен. Дамыған елдер бұған тіпті қатал қарайды. Мысалы, Канадада статистика туралы заңды бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін нормалар бар. Канадада айыппұл мөлшері 1 000 долларға жетеді немесе кәсіпорын, компания басшысы, не кәсіпкер 6 айға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

"Осыған байланысты алғашқы статистикалық деректерді анық емес ұсынғаны үшін ескертудің орнына енді әкімшілік айыппұл қарастыру ұсынылады. Жалпы, бұл тәжірибе өзімізде болған. Әкімшілік кодекстің бұрын қолданылған 2003 жылғы 5 желтоқсандағы редакциясында 381-бап болды. Онда статдеректерді ұсынуға немесе алуға кедергі келтіргені үшін жауапкершілік көзделді. Қазіргі уақытта мұндай жауапкершілік жоқ", – деп мәлім етті статбюро.

Ведомство мамандары бұған бармасқа амал жоқ деп отыр. 

Қолданыстағы заңнама статдеректерді бір жылда бірнеше рет тапсырмаса, немесе қайталап қасақана қате есеп тапсырса ғана айыппұл төлеттіруге мүмкіндік береді. Алайда ол есептердің көбі бір жылда тек бір рет қана тапсырылады немесе біржолғы болып келеді. Яғни, жазадан құтылып кетеді.

Оның үстіне статорган мамандарының айтуынша, көптеген кәсіпорындарға "бастапқы статистиканы уақтылы ұсынғаннан гөрі айыппұл төлей салу оңайырақ". Мысалы, аграршы егіні үшін субсидия алуы мүмкін, бірақ қанша гектардан қанша өнім алғаны туралы ақпаратты жасырады. Себебі, жаз бойы егінді өсіргенімен күзде жинамай, босқа шірітуі мүмкін: бюджеттен берілген демеуқаржы барлық шығынын жауып, пайда табуға жетіп жатыр. Ендеше өнімді жинауға шығындалуда артық санайды. Салдарынан, былтыр алма, көкөніс және басқа ауыл шаруашылығы дақылдарының үлкен бір бөлігі қар астында босқа шіріді.

Сала мамандары мемлекеттік статистика туралы заңның талаптарын елемейтіндерден елге зиян барын алға тартады. Өйткені статистикалық ақпарат мемлекеттік бағдарламаларды, ұлттық жобаларды және басқа да маңызды құжаттарды қабылдап, іске асыру кезінде пайдаланылады. Алайда бизнестің үлкен бір бөлігі ақпаратын жасырғандықтан, жаңсақ мәліметтерге құрылған ұлттық жобалар қабылдана сала, ескіріп қалады. Салаларға жеткілікті көлемде қолдау жасалмайды, субсидия қаржы адал кәсіпкерлерге жетпей қалады.

Сондықтан жаңа жаза түрі енгізілсе, онда респонденттер бастапқы статистикалық деректерді уақтылы және дұрыс ұсынуға ұқыпты қарайды, тәртіп күшейеді деп күтілуде. 

Бұл кәсіпкерлердің өздеріне мемлекеттік қолдау, субсидиялар, бюджеттен преференциялар алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдықтарын лизингке сатып алу бағытында мемлекеттен көмектің артуына ықпал етуі ықтимал. 

Бұл сонымен бірге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі индикаторлары бойынша нақты көріністі қалыптастыру үшін де қажет.

Осыған байланысты жаңа заң жобасымен Әкімшілік кодекстің 497-бабына өзгеріс енгізіп, статистикалық деректерді ұсынуға немесе алуға қандай да бір нысанда кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылып отыр.

Егер заң қабылданса, онда статорганға алғашқы статистикалық деректерді белгіленген мерзімде ұсынбау, анық емес бастапқы статдеректерді ұсыну: 

жеке тұлғаларға – 5 АЕК (17 250 теңге); 

лауазымды адамдарға, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 7 АЕК (24 150 теңге); 

орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК (34 500 теңге); 

ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 60 айлық есептік көрсеткіш (207 мың теңге) айыппұл салуға әкеп соғады.

Егер респонденттер статистикалық байқаулар жүргізу кезінде мемлекеттік статорганның қызметіне заңсыз араласса, немесе бастапқы статистикалық деректерді ұсынуға немесе алуға қандай да бір нысанда кедергі келтірса, онда компанияның лауазымды адамдарына – 20 АЕК (69 мың теңге) айыппұл салынады.

Айтпақшы, тексеулер барысында мамандар тағы бір жөнсіздікті анықтады: біраз әкім "өз рейтингін көтеру мақсатында жергілікті компанияларды статистикалық көрсеткіштерін асыра көрсетуге мәжбүрлейтін" көрінеді. Ал бюроның аумақтық бөлімшелерінде осы арам тірлігі үшін жергілікті атқарушы және басқа меморгандардың лауазымды адамдарын әкімшілік жауапкершілікке тарту құзыры жоқ.

Осыдан кейін статистикаға тіпті сенім қалмауы мүмкін. Сенім деградациясына жол бермеу үшін мамандар жауапкершілікті күшейтуге бастамашы болды. Олар заң қабылданған жағдайда респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді дәйексіз ұсынуы санын 2023 жылы – 189 мыңға, 2024 жыл – 155 630, 2025 жылы – 111 160, 2026 жыл – 66 700, ал 2027 жылы – 33 350-ге дейін азайтуға уәде етіп, нысаналы көрсеткіш белгілеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу