17 мың адамға жұмыс табылмақ: Кімдер орналаса алады?

606

Елімізде жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа кәсіпорын іске қосылмақ.

17 мың адамға жұмыс табылмақ: Кімдер орналаса алады? Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Салаға серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу. Оларды іске асыру нәтижесінде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 5,5 мың жұмыс орны ауылдық жерлерде құрылады. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда, жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңге болатын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталуға жақын, іске қосуға дайындалуда. 

Министрдің сөзінше, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар.

"Бүгінде қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімінде 50 мыңнан астам өтінім қаралып,  2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелді. Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен бірігуі нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алуда отандық өнімге басымдық берілді", – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу