Бұл көрсеткіш 1990 жылдан бері салыстырмалы түрде тұрақты сақталған. 2024 жылғы мәліметке сәйкес, 1000 әйелге шаққанда ең жоғары көрсеткіш Гренландияда – 84.7, Вьетнамда – 64.0, Мадакаскарда – 60.0 болып тіркелді. Қазақстанда бұл көрсеткіш 20.1-ге жетіп, 152 елдің ішінде 61-орында орналасты.
Аборт көрсеткіші және мемлекеттік саясат
Бұл деректер мақтанатын көрсеткіш емес. Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың айтуынша, соңғы 5 жылда 15-49 жас аралығындағы әйелдер арасындағы аборт көрсеткіші 1000 әйелге шаққанда 15,7-ден 15,3-ке төмендеді.
Бұл көрсеткіштің төмендеуі оң тенденция ретінде қарастырылуы мүмкін. Дегенмен, аборт – тек жеке адамның таңдауы ғана емес, сонымен бірге демографиялық саясатқа және қоғамдық денсаулыққа әсер ететін стратегиялық фактор болып табылады.
Сонымен қатар, халықаралық ұйым мен министрліктің мәліметті толық сәйкеспеуі белгілі бір сенімсіздік туғызады.
Өйткені, қазанда айында өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жыл сайын 75 мың аборт жасалатынын мәлімдеген еді.
– Қазақстанда әйелдерге жүктілікті 12 аптаға дейін заңды түрде тоқтату рұқсат етілген. Медициналық және психологиялық қолдау барлық өңірде, оның ішінде аудандық деңгейде де қамтамасыз етілді. "Аналар саулығы" бағдарламасы әйелдердің репродуктивтік денсаулығын нығайту, жыныстық жолмен берілетін инфекция мен асқынудың алдын алу, соматикалық патологияны дер кезінде анықтау және жүктілікке сапалы дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді депаттамент директоры Мағрипа Ембергенова.
Статистика көрсеткендей, аборт жасататынның басым бөлігі 25-35 жас аралығындағы әйелдер. Бұл қоғамға белсенді қатысатын топқа жатады. Бұл әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, саяси және экономикалық тұрғыдан да өткір мәселе.
Демографиялық тұрақтылық елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының негізгі құрамдас бөлігі болғандықтан, әйелдердің репродуктивтік құқығы мен денсаулығы мемлекеттік саясаттағы өзекті мәселе болып қала береді.
Халықаралық тәжірибе қандай?
Әлемде абортқа қатысты заңдар мен тәжірибе әртүрлі.
Еуропаның дамыған елдері – Франция, Германия, Нидерланды мен Швецияда әйелдер қауіпсіз абортқа толық қол жеткізе алады. Тіпті, әлеуметтік және медициналық себептерге қарамастан рұқсат етіледі. Еуропаның кейбір елдерінде, мысалы Польша мен Мальтада абортқа шектеулі рұқсат бар. Тек әйелдің өмірі қауіпке ұшырағанда немесе зорлық-зомбылық жағдайында ғана жүргізіледі.
Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты елдерде абортқа рұқсат кең және медициналық қауіпсіздік стандартына сай жүзеге асырылады. Ал кейбір дәстүрлі елдер – Малайзия мен Индонезияның кей аймағында абортқа заңдық шектеу бар.
Ислам әлемінде абортқа қатысты заңдар көбінесе діндік нормаларға негізделеді. Мысалы, Сауд Арабиясында аборт әйелдің өміріне қауіп төнгенде ғана рұқсат етіледі. Ал Түркия, Тунис, Марокко сияқты елдерде әйелге жүктілікті 10-12 аптаға дейін тоқтату заңда рұқсат береді.
2022 жылы АҚШ-тың Жоғарғы соты "Доббс Джексонға қарсы Әйелдер денсаулығын сақтау ұйымы" ісін қарап, сол бойынша конституциялық аборт құқығын шектеп, 21 штатта абортқа толық тыйым салуға немесе шектеу енгізуге мүмкіндік берді. Бұл шешім халықаралық деңгейде әйелдер құқығы, репродуктивтік саясат және мемлекеттік реттеу мәселелеріне қатысты саяси дискуссияларды жаңа деңгейге көтерді.
Саяси және әлеуметтік мәні
Қазақстан үшін аборт мәселесі тек медициналық емес, стратегиялық тұрғыдан маңызды. Әйелдердің репродуктивтік денсаулығы мен аборт көрсеткішін төмендету елдің демографиялық тұрақтылығын, еңбек ресурсын және әлеуметтік даму қарқынын тікелей әсер етеді.
Сондықтан бұл мәселе мемлекеттік саясатта тек денсаулық сақтау бағдарламалары арқылы емес, құқықтық және әлеуметтік шарамен де шешілуі тиіс.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, аборт көрсеткішінің төмен болуы заманауи контрацепцияның қолжетімділігімен, білім деңгейінің жоғары болуымен және дамыған денсаулық сақтау жүйесімен тығыз байланысты. Мысалы, Жапонияда – 5.1, Германияда – 5.4, Сингапурда – 5.0 аборт көрсеткіші тіркелді.
P.S. Аборт – тек жеке адамның таңдауы емес, елдің демографиялық, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығына әсер ететін стратегиялық мәселе. Бұл бағыттағы шаралар елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі ретінде қарастыру маңызды.
Нұрлат Айтжанұлы