Жыл соңында 3-4 жалақы көлемінде "премия" алып жатқандар бар екен

8211

Мемлекет халықтың әл-ауқатын арттыруға мән бере бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жыл соңында 3-4 жалақы көлемінде "премия" алып жатқандар бар екен Фото: inbusiness.kz

Жыл аяқталуға таяды, "алған да арманда, алмаған да арманда" деген шақ туды. Өйткені барлық мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және бюджеттік ұйымдар өз басшылары мен қызметкерлеріне "13-ші жалақы" мен сыйлықақы (премия) төлеп жатыр.

Бұл жерде сыйлықақыны еселеп өсіріп, рекорд жасаудан әлдебір жарыс ұйымдастырылып жатқандай.  

"Информатика" пәнінің мұғалімі Артем Конаревтің айтуынша, елордалық мектепте педагогтерден бастап, техникалық қызметкерлерге, жүргізушілерге дейін сыйлықақы алған.

"Осы аптада салтанатты жиналыс болды. Директордың сөзін естігенде, акт залына жиналған бәріміз қатты қуанып, дүрілдете қол соқтық. Басшымыз бәрімізге 4 айлықақы (оклад) көлемінде сыйлықақы аударылатынын жариялады. Мұны оған білім басқармасы тапсырыпты. Ондағылардың алдына жоғарыдан Оқу-ағарту министрлігі міндет түсіріпті. Бұл "халықтың әл-ауқатын биыл күрт арттырдық" деп әдемі есеп беру үшін жасалған екен. Мейлі ғой. Бұқараны бір қуантса, неге қолдамасқа?", – деген Артем бұрын тіпті сайлау науқандары кезінде де мұнша мол премия берілмегеніне назар аудартты.

Отандық ірі компаниялардың бірінде кеңесші лауазымын қоса атқаратын экономист Марат Ерғозин биыл жылдық қорытынды сыйлықақы жоғары екенін жасырмады, бірақ сомасын нақтыламады.

Оның мәліметінше, топ-менеджментті ғана жарылқай бермей, қатардағы еңбеккерлерді де лайықты елеп-ескеруді бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысының өзі сұраған көрінеді.

Сонда халық елдегі оң өзгерістердің өздеріне де игілігі барын сезінеді.

Мемлекеттік кәсіпорынның бухгалтері Әсия Байкенже персоналға осы жыл соңында 3 еңбекақы көлемінде сыйлықақы аударылғанын мәлім етті. Бірақ бұл үрдіс бюджеттен қосымша қаржы талап етпейтіндей етіп, жүзеге асырылып жатқан көрінеді.

"Бізге қаржылық еркіндік берілді. Жыл бойы игерілмеген немесе үнемделген бюджеттік қаражатты қайта бөлгенде, соның есебінен сыйлықақы төлей аламыз. Бізде жеті жүз мыңға дейін сыйлықақы алған қатардағы қызметкерлер бар. Кәсіпорында былтырдан бері штат біршама оңтайландырылды. Вакансиялардан, кеткен қызметкерлер еңбекақысынан да қаржы үнемделді. Ұжымда қалған қызметкерлер кейде екі-үш маманның жұмысын қатар атқарады. Сондықтан қаражат түрінде марапатталуға лайық, еңбегі сіңді", – деді есепші.

Елде бой көрсетіп отырған бұл қызықты құбылыс журналистер қауымын да қызықтырды.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың сыйлықақысына қатысты ақпарат құралдарының сауалына жауап берді.

Оның бағалауынша, барлық депутаттар жақсы жұмыс істеді. Қошанов барлық меморгандарда "үнемделген қаражат есебінен премия берілетінін" жеткізді.

Ақпарат құралдарының өкілдері Қаржы министрлігінің ұжымына қанша көлемде жаңажылдық премия берілгенін сұрап, Премьер-Министрдің орынбасары, осы ведомствоның басшысы Ерұлан Жамаубаевқа да жүгінді.

Бас қаржыгер нақты соманы атамады. Әйтсе де, оның айтуынша, қызметкерлер жылдағыдай тек "13-ші жалақы" алумен шектелмейді.  

Қаржы министрінің айтуынша, министрліктердің қызметкерлері жыл соңында 3-4 еңбекақы мөлшерінде сыйлықақы алып жатыр.  

"Нақты соманы мен дәл қазір айта алмаймын, мұның себебі бар. Өйткені қабылданған бюджетте жалпы алғанда, қызметкерлерге сыйлықақы беру деген бап қарастырылмаған. Тек жалақы, еңбекақы қорына арналған жалпы шығыстар, іссапарлық және басқа да ағымдағы шығындар көзделеді. Бірақ барлық мемлекеттік сатып алулар өткізілген соң, жалақылар төленгеннен кейін әрбір мемлекеттік органда, мемлекеттік мекемеде белгілі бір сома үнемделген болып шығады. Заң бойынша енді сол үнемделген соманы премия түрінде беруге рұқсат етілген", – деді министр Ерұлан Жамаубаев.

Оның түсіндіруінше, үнемделген қаржыға қатысты да аудиторлар тарапына сұрау болады. Сондықтан ол миллиондар мен миллиардтарды барлық басшылар мен жұмыскерлер арасында жай үлестіре салуға болмайды.

Бас қаржыгер әрбір басшыға немесе төмен лауазымдардағы қызметкерлерге берілетін сыйлықақы мөлшері жеке айқындалуға тиістігін нықтады. Сонымен бірге ол тұлғаға не үшін сыйлықақы берілетіні түсіндірілгені жөн: ерекше еңбегі, күрделі тапсырмаларды  орындағаны, маңызды жобаны іске асырғаны, жұмыстан тыс уақытта еңбек еткені және басқасы үшін ынталандыруға рұқсат.

Бұл ретте тәртіптік және басқа жазаға тартылғандарға сыйлықақы төлеуге рұқсат етілмейді.  

Бұған қоса, әрбір қызметкеріне қанша сыйлықақы ұсынатынын әрбір меморган мен мекеме өзі белгілейді, нақты бекітілген сома жоқ. Оның көлемі негізінен, әрбір ұйымның қайта бөлетін қаражатына байланысты болады.

Ерұлан Жамаубаев өзі басқаратын Қаржы министрлігінің ұжымы да қомақты премия алып жатқанын растады. Жалпы, бұл ведомствоны Парламентте "суперминистрлік" деп атайды. Себебі, өз алдына алып ұйымдар саналатын кеден, салық, қазынашылық, мемлекеттік аудит, мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру, Ұлттық қорды басқару және басқа да секторлар – соның құрамында.

"Біздің Қаржы министрлігі – алып ұйым. Сыйлықақыны есептеп, төлеу механизміне сәйкес, өңірлердегі қызметкерлер – өз бетінше, ал орталық аппараттағылар – жеке алады. Менің ойымша, биылғы жылғы нәтижелер қорытындысы бойынша премия мөлшері шамамен үш-төрт еңбекақы көлемінде болады", – деген қаржы министі Е.Жамаубаев қатардағы қызметкерлердің сыйлықақысы миллион теңгеге дейін баратынын қосты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу