Жылдың шулы жемқорлық даулары

Біртанов, Бақауов, Нұрымбетов. Тышқан жылы бір министр мен екі облыс әкімін мансабынан айырды. 

Жылдың шулы жемқорлық даулары

"Тынымбайдың сыйлығын ит алып қашқан жыл". Әйгілі жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов Мемлекеттік сыйлықтан құр қалған кезде ақын Ұмтыл Зарықхан 2020 жылға осындай айдар таққан болатын. Сол қанатты атауды сыбайлас жемқорлық тақырыбына бейімдеп, "Текелінің суынан шенеунік жүзіп қашқан жыл" деп өзгертуге болады. COVID-19 жағаға жармасқанда, жемқорлық кеңірдектен алды биыл. Inbusiness.kz сыбайлас жемқорлық дауына іліккен ірі шенеуніктер мен атышулы оқиғаларға шолу ұсынады. 

Болат Бақауов

2019 жылды атышулы аукционмен қорытындылаған Павлодар облысының әкімі тышқан жылы жемқорлық тұзағына түсем деп ойламаған да шығар. 15 қаңтарда Болат Бақауовты Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері қамауға алғаны туралы мәлімет тарады.Ертеңінде әкімдіктің баспасөз қызметі "Ұсталған Бақауов емес" деген ақпарат берді. Алайда ҰҚК баспасөз қызметі жергілікті әкімдіктің бұл мәліметін сол күні-ақ ресми түрде жоққа шығарды. 

21 қаңтарда Премьер-министр Асқар Мамин Павлодар жұртына  жаңа әкім Әбілқайыр Сқақовты апарып таныстырды. Осыдан кейін ғана Болат Бақауовтың ұсталуына байланысты ел ішінде тараған гу-гу әңгіме саябыр тапқан. 

27 мамырда Болат Бақауовқа қатысты сот шешімі шықты. Оның бас бостандығы 3,5 жылға шектелді. Бұл экс-әкім түрмеге отырмайды деген сөз еді. Қылмыстық кодекстің 361-бабындағы 3-тармақтың 4-бөлімі бойынша кінәлі деп танылған бұрынғы шенеунік өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан да айырылды. Тергеу ісінің материалдарына сүйенсек, Болат Бақауов өз кабинетінде өңірлік Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабековтен туысының атындағы фирмаға қатысты тексерулердің нәтижесі мен мәліметтерді ұсынуды сұраған. Әкім қызығушылық танытқан фирманың аты - "AksuTransLogistic" ЖШС. Оның жалғыз құрылтайшысы әкімнің туысы болып келеді. Аталмыш заңды тұлға 200 млн теңгеден астам көлемде салық төлемеген. Кейін туысының мүддесін қорғаған Болат Бақауов департамент басшысына тексеру нәтижесін жасырып, салық мөлшерін алып тастауды ұсынған. Алайда департамент басшысы тексеру ерекше тәртіппен өткізілгенін айтып, мұндай қадамға бара алмайтынын жеткізген. Осы орайда, Болат Бақауов төленбеген салық көлемін 3-5 млн теңгеге дейін азайтуды ұсынған. Жалпы Бақауов ісі төрт айға созылды

Астана LRT

Қаңтардың аяғында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің жетекшісі Сергей Перов Астана LRT жобасына бөлінген 5,7 млрд теңгені жымқыру ісі жөніндегі тергеудің аяқталғанын хабарлады. Содан бері шет елде жасырынған басты үш фигурант әлі қолға түскен жоқ. Ресми орган таққан айып бойынша, қазына ақшасын қалтаға басу схемасын қала әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" жетекшісі Талғат Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялардың көмегімен іске асырған.

Басты күдіктілермен бірге мердігер мекемелердің бірінің басшысы да халықаралық іздеуде. 

29 қазанда аты шулы іске қатысты сот отырысы өтіп, прокурор 267 беттен тұратын айыптау актісін оқыды. Басты фигуранттар – елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" басқарма төрағасы Талғат Арданның сотқа қатыспағаны айтпаса да түсінікті шығар. Қылмыстық істің материалдарында қала әкімінің бұрынғы орынбасарының есімі жиі кездеседі. Прокурордың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топты құрған және барлық бұйрықты берген ауқымды жобаға тікелей жауапты болған – Қанат Сұлтанбеков. 

Алайда Нұр-Сұлтандағы былықтар Алматыдағы шенеуніктерге сабақ болмаған сияқты. Желтоқсан айында Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыға да жеңіл рельсті трамвай желісін салу туралы нақты жоба бар екенін растады

"LRT өтетін жерді әзірлеу жұмыстары аяқталған жоқ. Желілерді көшіру жұмыстары жалғасуда. Қазір біз қаржыландыру қалай жүзеге асырылатынын ойластырып, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл салада бізбен халықаралық қаржылық ұйымдары жұмыс істеп жатыр. Тиімді жағын қарастырудамыз. Несие қандай валютамен және қандай мөлшерлемемен берілетіні нақтыланады", – деді ол. 

Сенген серкем сен болсаң...

Жыл басында Қазақстан спортында өз аты бар, әлемге "Париж-Дакар" турнирі арқылы танылған Артур Ардавичустің шетелде қашып жүргені белгілі болған. "Дакар-2012" көпкүндік турнирінің қола жүлдегері 2 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Кейін сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі экс-спортшының нақты қандай заңсыздыққа барғанын толығырақ жариялады.

"Астана" кәсіби спорт клубының басшылары 6 велосипедті қосалқы бөлшектерімен қоса 92 млн теңгеге сатып алған. Алайда құны жол талғамайтын көліктен де қымбат спорт жабдығы сол беті елге жеткізілмеген. Бұл "Самұрық-Қазына" қорының спортты дамытуға бөлінген қаражатын жымқырудың бір тәсілі ғана. Сыбайластар 2016-2018 жылдар аралығында жалған келісімдер жасау және жалған актілерге қол қою жолымен 2 млрд теңгені қалтаға басқан. Қазіргі уақытта Кульчиков және Шамшиева тергеу изоляторында. Ал, Ардавичуске Interpol желісі бойынша халықаралық іздеу жарияланды. Күдіктілердің Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы қымбат мүліктері, автотранспорттық құралдар, элиталық пәтерлері мен жер учаскелері анықталып, тыйым салынды", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің серіктестік департаментінің бас сарапшысы Сымбат Исрапулова. 

Қазан айында "Астана" Президенттік кәсіби спорт клубы таратылды. Ал оның құрамындағы "Астана" футбол және баскетбол клубтары, "Барыс" хоккей клубы мен "Astana Pro Team" кәсіби велокомандасы өз жұмысын жеке жалғастыратын болды. Яғни қазір "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат Қоры спорттық ұжымдарды делдалсыз, тікелей өзі қаржыландырып отыр. 

Генерал-майордың майлы орынтағы

4 ақпанда Қорғаныс министрлігі Кадр және әскери білім департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Қайрат Көпбаевтың екі ай қамауға алынғаны хабарланды.

Оған қызмет бабын пайдаланып, әскери шенділерге қамқорлық көрсеткені үшін жүйелі түрде көлемді сыйақы алып келгені туралы айып тағылған болатын. 

Жуықта ғана осы іс бойынша сот үкімі шықты. Ақмола гарнизоны Әскери сотының үкімімен Көпбаев  өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, сот Қазақстан Республикасы Президентінің атына Көпбаевты генерал-майор әскери атағынан және "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізетін болды. 

"ҚазАгроның" басындағы қара бұлт

Ақпан айында сыннан көз ашпай жүрген "ҚазАгро" компаниясының тағдырына қатысты салмақты мәлімдеме айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің басшысы Алик Шпекбаев кәсіпкерлер форумында "ҚазАгро" құрамындағы "Аграрлық несие корпорациясының" үстінен тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

"Ұйым басшылары банкке 11 млрд теңге көлемінде заңсыз сыйақы орналастырған. Негізінде бұл ақша ауылдағы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиемен қамтуға арналған еді. Бұл бір ғана банкке қатысты. Тексеру енді ғана басталды", –  деген болатын ол. 

Ал наурыздың басында "Аграрлық несие корпорациясының" бұрынғы басшысы Нармұхан Сарыбаев қамауға алынды. 

Тергеу деректеріне сүйенсек, 2017-2018 жылдары "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ бюджеттен шаруалардың несиесі ретінде бөлінген 5,3 млрд теңгені банкке депозит ретінде салған. Соның арқасында арадағы делдал банкке ірі көлемде депозит тартқаны үшін 53,5 млн теңге сыйақы алған. Ал Нармұхан Сарыбаев осы іске ықпал еткені үшін бірнеше траншпен 11 млн теңге пара алса керек.  

Күзге қарай "ҚазАгро" компаниясының 2021 жылдың наурызына дейін жұмысын тоқтататыны нақты белгілі болды. Ол туралы холдинг төрағасы Арман Қарашөкеев мәлімдеген. 

Ислам Әбішев

10 жылға жуық су ресурстары комитетін басқарып, әне-міне зейнетке шығам деп отырғанда қамауға алынған Ислам Әбішевтің үкімі 2020 жылдың ақпанында оқылды.

Мердігер ұйым өкілінен 5,8 млрд теңгелік жобаның келісімшартын бекіту үшін 60 млн теңге пара бопсалағаны туралы күдікке ілінген Ислам Әбішев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласының арнайы мамандандырылған соты экс-шенеуніктің 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Қуанышбек Ысқақовтың қысқа мансабы

Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жемқорлық айыбымен ұсталғаны туралы мәлімет тарады. Кейін оның өңір тізгінін ұстағанына бір жыл толмай жатып қамауға алынғаны расталды. Тергеу дерегі бойынша, экс-әкім Арыс қаласында болған оқ-дәрі жарылысынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде жиналған қайырымдылық қаражатты жымқырған көрінеді. 

10 желтоқсанда тағылған айып дәлелденіп, шенеунік 7 жылға сотталып кетті. Қызылорда қаласында №2 соттың үкімімен оның сыбайласы болған 4 адам жазасын алды. 

Тимуржан Нұрымбетов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің ағасы Тимуржан Нұрымбетов те тышқан жылында жемқорлық дауына ілігіп, үй қамаққа алынды. Бір қызығы, ол інісі басқаратын министрліктің құрылымында, яғни Жамбыл облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы ретінде қызмет еткен.

БАҚ-тағы там-тұм ақпарат бойынша, министрдің ағасына 9 млн теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған. Істің өзге деректері тергеу құпиясына байланысты айтылмай келді. 

13 тамызда Тимуржан Нұрымбетовтің ісі сотқа жетті. Оған "Бірнеше тұлғадан бірнеше мәрте пара алды", "Қылмыстық жолмен тапқан өзгенің мүлігін заңдастырып, ақша жылыстатты" деген айыптар тағылған. Кейін Тараз қаласының №2 соты министрдің ағасының үстінен "Алаяқтық" және "Лауазымын асыра пайдалану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.  

Суға жүзгіш аппарат басшысы

Шілденің шіліңгірінде Алматы облысына қарасты Текелі қаласы әкімінің аппарат басшысы 1,5 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Бірақ ел назары оның жасаған қылмысына емес, өзін ұстауға келген құзырлы орган қызметкерлерінен қашып құтылмақ болған әрекетіне ауған болатын. 

Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі оған Текелі қаласын аббаттандыру жобасы бойынша қоғамдық бірлестіктің директорынан жалпы қолдау көрсеткені үшін 1,5 млн теңге алды деп айып тақты. Істің насырға шапқанын сезген шенеунік қашқан бойы тасып жатқан өзенге қойып кетеді. Бірақ ол әрекетінен түк шықпай, бәрібір қолға түседі. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, күдікті қамаудан қашамын деп жүріп, суға ағып кете жаздаған. 

6 тамызда  Текелі қалалық соты Б.С.Норкуловқа 15 млн теңге көлемінде айыппұл мен өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын тағайындады. 

Ал 27 тамызда Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев қол астындағы қызметкердің жемқорлықпен сотталуына байланысты, лауазымынан босатуға өтініш жазды. 

"СҚ Фармация" және "12-ші көлік"

Пандемияның бірінші толқыны шарықтау шегіне жетіп, қазақстандықтар емге дәрі таппай қиналып жатқан кезде "СҚ Фармация" компаниясының жұмысына тексеру басталды. Бүкіл елді қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге міндетті монополистің қоймаларында өзге елдерден гуманитарлық көмек ретінде жіберліген дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың айлап, апталап жатып қалғаны  жұрттың ашуын туғызды. 

Осылайша COVID-19 індетінен халықты қорғауға тиіс медициналық қызметке деген елдің соңғы сенімі сетінеген болатын. Мұның алдында, Медициналық сақтандыру қорының басшысы Айбатыр Жұмағұловтың әйелі Instagram желісіне "Күйеуінің өзіне 12-ші көлік сыйлағаны" туралы жүрекжарды жазба қалдырған болатын. Осы пост онсыз да ашулы халықтың қаһарын күшейтіп, "СҚ-Фармация" мен "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Басқарма төрағалары қызметінен босатылды

2 тамызда Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішов қамауға алынды. Кейін оның қамау мерзімі екі айға ұзартылды.

Тергеу дерегіне сенсек, бұрынғы вице-министр 500 млн теңгенің құжатына алдын ала қол қойғаны үшін қылмысты болған

Берік Шәріп

14 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "СҚ Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріптің екі айға қамауға алынғанын растады. Оған төтенше жағдай кезіндегі медициналық бұйымдарды сатып алу шараларында өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша айып тағылды. Қылмысы дәлелденсе, "СК-Фармацияның" ЖШС бұрынғы басшысы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Бергей Рысқалиев ісіндегі бұрылыс

8 қыркүйекте ағайынды Бергеевтердің мүлкіне қатысты алып-қашпа әңгімеге нүкте қойылды. Оны қойған – Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

"Маусым айында Жоғарғы сот бас прокуратураның кассациялық қарсылығын қараған. Осылайша Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжан Рысқалиевтің  тәркіленген мүлкін өздеріне қайтару туралы шешім қабылданды. Былтыр ағайынды Рысқалиевтарға қатысты сот үкімі сырттай шығарылған болатын. Себебі олар отырысқа қатысқан жоқ. Ал үкім күшіне енгеннен кейін сотталғандардың туыстары мүлікті қайтаруды сұрады. Сотқа дейінгі тергеу кезінде олардың заңсыз байып кетуге қатысы жоқ екені анықталды. Бұдан бөлек, қылмыстық топ құрылғанға дейін тіркелген мүлікке арест салуды алып тастады", деді Марат Ахмежанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте

Анарбек Қарашаев

Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы болған Анарбаев Қарашаев о баста Қазақстанның Өзбекстандағы елшілік ғимаратын салуға бөлінген қаржыны талан-таражға салды деп айыпталған болатын. Тергеу барысында оның ШЫҰ, ЕУРАЗЭО басқосуларын, Сирия мәлелесіне арналған Астана процесін ұйымдастыру бойынша келісімшарттар бекіткені үшін пара алғаны анықталды.  Бұл қызметтері үшін шенеунік 52 млн теңге талап еткен көрінеді. Соның ішінде 7 млн 400 мың теңге сауналар мен демалыс орындарында сауық ұйымдастыруға кеткен. 

21 қыркүйектегі сот үкімі бойынша ол экс-Елші Ерік Өтембавпен бірге екі жыл бас бостандығынан айырылды. 

Елжан Біртанов

25 маусымда Ақорданың баспасөз қызметі Президенттің Жарлығымен Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылғанын хабарлады. Сол күні-ақ экс-министр ол ақпаратқа өз пікірін білдірді. 

"Құрметті әріптестер мен достар! Бүгін мен Мемлекет басшысынан Денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатуды сұрадым. Өкінішке қарай, коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаннан кейін, ауру күрделі пневмонияға ұласып, қосымша ем-дом қабылдау қажеттігі туды", – деп жазды экс-министр Facebook парақшасында

Ал 31 қазанда Қаржы министрлігі экс-министр Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Бірақ бұрынғы министрдің қамауға алынғанын тек 3 қарашада ғана ресми растады. Тағы үш күн өткенде экс-министрдің жақтастары әлеуметтік желіде ашық хат жариялады.  

"Экс-министрге қатысты іс әділ және кәсіби түрде тергеледі деп үміттенеміз. Оны жақындарынан оқшауламау мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Ол тергеуге барлық ақпаратты беру үшін қолынан келгенін жасайды деген сеніміміз мол. Бес баланың әкесі, пневмониямен қатты ауырған адам тергеу кезінде үйінде болғаны дұрыс", – деп жазылған 2000 адамның қолы бар ашық хатта. 

7 қарашада Елжан Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко  қорғауындағы экс-шенеуніктің үйқамақта отырғанын мәлімдеді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әгенттігінің ресми мәліметіне сенсек, 2019-2020 жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша 4,5 мыңнан аса қылмыстық іс тіркеліпті. 2 000 аса адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың 1300-і сотталған екен. 2018 жылдан бері елімізде жемқорлық үшін сотталған 110 адам мерзімінен бұрын босатылған көрінеді. 

Есімжан Нақтыбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу