Жылу маусымының шығыны әр отбасыға 300 мың теңгеге түсті

3259

Қаланың ескі "жарасы" елордалықтарды екіге жарды.  

Жылу маусымының шығыны әр отбасыға 300 мың теңгеге түсті

Нұр-Сұлтан әкімдігінің бүгін, 29 сәуірден бастап жылыту маусымының аяқталатыны туралы мәлімдемесін қуана қарсы алған отбасылар бар, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтанда 2020–2021 жылғы жылу беру маусымын аяқтау туралы қаулыға қол қойғаны мәлім.

"Нұр-Сұлтан әкімдігі қаулы етеді: біріншіден, Нұр-Сұлтан қаласында 2020-2021 жылғы жылу беру маусымы 2021 жылғы 29 сәуірден бастап аяқталсын. Екіншіден, Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын", – делінген құжатта.

Биылғы жылыту маусымы 219 күнге созылып, штаттық режимде, қиындықсыз өтіпті. Әкімдік жылу желілері жұмысының температуралық режимі бекітілген кестеге сай сақталғанын қуана хабарлады.

Бұл хабарды астаналықтардың бір бөлігі де қуана қабылдады. Бірақ олардың қуанышы әкімқаралардікінен бөлек. Себебі бас қалада жеке үйлер мен коттедждер сыртында, көптеген жаңа, заңғар тұрғын үй кешендерінің өзі орталықтандырылған жылыту желісіне қосылмаған. Әрқайсысының жеке қазандығы бар. Олардың әрқайсысы жылыту маусымында өз бетінше тариф бекітіп, соны тұрғындардан талап етеді. Заң бойынша қала көлемінде монополист немесе доминант болып есептелмейтіндіктен, ұсақ қазандықтардың тарифтерін антимонополиялық орган бекітпейді. Олар өзі би, өзі қожа.

Елорда тұрғыны Берік Тәкежанов Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданында орналасқан "Nurali Apartaments" тұрғын үй кешенінде тұрады. Кең сарайдай пентхаус емес, жалпы ауданы 70 шаршы метр ғана болатын 2 бөлмелі пәтерді ипотекаға қолдан сатып алыпты.

"Бұл үйде барлығы 108 пәтер орналасқан. Қателеспесем, менен басқа барлық тұрғын пәтерлерін түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы тікелей құрылыс компаниясынан алыпты. Компания оларға ТК-ның орталықтандырылған жылумен қамтылғаны туралы ақпарат береді. Алайда шынында олай болмай шыққан. Шынымды айтсам, жылуға қатысты мәселе туындайды деп ойламаппын", – дейді ол.

Содан алғашқы жылы-ақ мұның сырын білгендер, бармақ шайнады. 2020 жылғы қазан айына арналған алғашқы түбіртек келгенде, төбе шашы тік тұрады: онда бір ай жылытқаны үшін қазандық иесі оның пәтеріне 36 мың теңге төлем есептеген. Бірақ бұл тек басы ғана еді: кейінгі айларда бұл сома 42 мың, 51 мың теңге болып, жоғары өсе берген. Осылайша, жылыту маусымы аяқталғанша, тек бір отбасыға жүздеген мың шығын шығаруына тура келді.

Әрине, мұндай жүктемеге шыдамаған тұрғындар жылыту маусымын ертерек аяқтап, көктемгі қара суыққа төзуге дайын. Алайда "әкімдік жылыту маусымын ресми аяқтаған жоқ" деп қазандық иесі бас тартады.

"Құрылыс компаниясы жылу бағасының қымбаттығын автономды жылу жүйесінің дизель отынымен жұмыс істейтінімен түсіндіреді. Біздің төлеп отырған сома қалалық жылудан шамамен 15–17 есе артық. Бұл тұрғын үйде көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар және қарапайым бюджеттік мекеме қызметкерлері көп тұрады. Олар тек жылуға ғана осынша қаражат төлеуден қиналады. Бұған қоса, айына орта есеппен 140–150 мың теңге ипотекамыз бар. Мұндағы КСК қызметтері де қымбат: әр шаршы метр үшін 141 теңгеден бекітіпті", – дейді отағасы.

Тұрғындар біраз уақыттан бері Алматы ауданы әкіміне, одан жоғарғы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктеріне көп шағымданды. Әйтсе де, еш нәтиже шықпапты. Әкімдік құрылыс компаниясына, ал ол әкімдікке сілтеп жүр.

"Естуімізше, үйді эксплуатацияға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің басқармалары қабылдаған. Әкімдіктің айтуы бойынша құрылыс компаниясы үйді өткізгенде өз есебінен оны орталықтандырылған жылу көзіне қосу жөнінде міндеттеме алған. Бүгінде екі тараптан да ешқандай әрекет жасалмай отыр. Сол себепті тұрғындар бірігіп, желтоқсан айынан бастап жылу үшін төлемді төлемейміз деген шешімге келгенбіз. Осыдан кейін баспаналардағы жылу температурасы +12 градуске дейін төмендеп кетті. COVID-19 өршіп тұрғанда бұл бір масқара. Бұл тұйықтан тек орталық жылу желісіне қосу ғана құтқара алар еді", – дейді ол.

Елорда басшысы Алтай Көлгіновке хат жазған тұрғындар одан "болашақта әлеуметтік шиеленіс тудырмас үшін инфрақұрылымы дайын емес жерлерге тұрғын үй салуға рұқсат бермеуді және өз уәдесінде тұрмайтын құрылыс компанияларына үй салуға рұқсат етпеуді" өтінді.

Салыстыру үшін айтсақ, орталық жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлерде екі бөлмелі пәтерлерде өмір сүріп жатқан отбасылар ай сайын орта есеппен 5–7 мың теңгеден төледі. Осындай баспанада тұратындар керісінше, жылу жүйесінің ерте ағытылғанына наразы.

"Синоптиктер алда қайтадан күн суытады деп болжады. Елорда қызыл аймақтан шыға алмауда. Адамдар тоңып, суық тигізіп алады. Содан ағзасы вирусқа қарсы тұра алмайды. Әкім бұлай асықпағаны жөн еді", – дейді елорда тұрғыны Қанат Есей.

Бұл жаңалық әлеуметтік желіде де қызу талқылануда.

"Жылудан ақша үнемдегеніне қуанған адамдар емделуге одан да көп шығын кететінін ұғынбайды", – дейді Әсия Нұрмұқанова.

"Жылытуды тоқтатқанына қарсымын. Тоңсақ, амалсыз жылытқыштарды қосамыз. Электр желісіне жүктеме түседі", – дейді бір тұрғын.

Кейбір әлеуметтік желіні пайдаланушылар алдағы жексенбіден бастап, қайта суық түсетініне, түнде -7-ге дейін төмендейтініне назар аудартты.

Нұрсұлтандық Ольга Беца әкімдіктің өз ережесін өзі сақтамай отырғанын қаперге салды: "Әкім "жылуды қашан тоқтатасыңдар" деп айғайлайтын аз шоғыр адамның қысымына шыдамай, сөндірді. Әйтпесе, жылыту маусымы сырттағы орташа тәуліктік ауа температурасы 5 күн бойы тұрақты түрде +10 градустен асса ғана сөндіретінін жүз рет қайталады. Ондай әзірге болған жоқ. "Қазгидромет" болжамы бойынша алдағы күндері де күтілмейді. Демек, жылыту маусымын аяқтауға негіз жоқ".

Қалай болғанда, жылыту маусымы кезекті рет елорда тұрғындарын екіге жарды. Қаладағы барлық ірі тұрғын үй кешенін орталық жылу жүйесіне немесе арзан газға қосуда қауқарсыздық танытқан әкімдік мәселені ескі тәсілмен шешіп, жылыту маусымының шымылдырығын "жаба" салды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу