Жылу желілері мен жабдықтардың тозу деңгейі 90 пайызға жуық

893

Жамбыл облысында жылу желілері мен жабдықтардың тозу деңгейі 89,3 пайызды құрайды. Ал республикалық көрсеткіш орта есеппен 59 пайыздан асады.

Жылу желілері мен жабдықтардың тозу деңгейі 90 пайызға жуық Фото: egemen.kz

Бұл мәліметті былтыр Энергетика министрлігі мәлім еткен болатын. Дерекке сүйенсек, 1989 жылдан бері Қазақстанда бірде-бір жаңа жылу-энергетика орталығы салынбаған екен. Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар жыл сайын өңіріміздегі жылу қазандықтары, бу турбиналары тұрақты түрде күрделі жөндеуден өткізіліп тұратынын айтады. 

2022 жылы 1 бу турбинасы, одан бөлек "Таразэнергоорталықтағы" 1 бу қазандығына толық күрделі жөндеу жүргізіліпті. Сондай-ақ Қаратау қаласында жылу желілерін ауыстыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылды. 2021 жылы Шу қаласында жылу желілері ауыстырылған болатын.

Жалпы Жамбыл облысында жылыту маусымына жауапты 9 жылу-энергетика кәсіпорны бар.

Олар қазіргі уақытта 565 әлеуметтік нысанның автономды қазандығы арқылы 1 650 көпқабатты тұрғын үй, 782 білім, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысаны жылумен қамтамасыз етіп отыр.

Өңірдегі моноқалалар – Қаратау, Шу және Жаңатастың орталық қазандықтарын 20,8 миллион текше метр табиғи газбен және 13,4 мың тонна мазутпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 2,2 миллиард теңге қарастырылған.

Қалай десек те, Жамбылдағы жылу жүйелерінің тозығы жеткендігі – басы ашық мәселе. Жамбыл өңірінде қысқы маусымда жылыту жүйесін табиғи газға көшіру көрсеткіші ғана тәуір.

Атап айтсақ, әлеуметтік нысандарды газдандыру көрсеткіші 90 пайызға жуық. 

Жыл сайын бекітілген жоспарға сәйкес, әлеуметтік нысандардағы қазандықтарды кезең-кезеңімен газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр 8 әлеуметтік нысан газға ауыстырылған. Сондай-ақ 8 елді мекенде орналасқан медициналық нысандар газға қосылды.

"Егер елді мекендерге газ тартылса, тиісінше әлеуметтік нысандардағы қазандықтардың барлығы газға ауыстыралытын болады. Сондықтан әлеуметтік нысандарды газға қосу елді мекендерге көгілдір отынның жеткізілу деңгейіне байланысты", – дейді облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков.

Қазір жылыту маусымы бойынша жұмыс нағыз қызған кез. Әсіресе, қатты отын – көмірмен қамту жұмыстары тоқтаусыз жүруде. Мамандардың тйуынша, қамту жұмыстарының көрсеткіші 90 пайыздан асады.

Тараз қаласы және облыс аумағында көмірді жеткізу және таратып беретін 31 жеке компания бар. 

Қолдан тапшылық туғызатын жағдайлар да болмаса, қазір "Шұбаркөл", "Қаражыра" маркалы көмірлердің 1 тоннасы сортына қарай 14-17 мың теңгеден сатылуда. Ал шалғай елді мекендерге жеткізу құнымен есептегенде 1 тоннасы 18-21 мың теңгеден айналады. 

Руслан Орынбекұлының айтуынша, облысқа көмір вагондары тұрақты келіп жатыр екен. Қазіргі таңда теміржол тұйықтарында 21,4 мың тонна көмір бар көрінеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу