Жылыту қазандығының іске қосылар түрі жоқ

Ал оның құрылысына қыруар қаражат жұмсалды.

Жылыту қазандығының іске қосылар түрі жоқ Фото: Валерий Бугаев

Қылышын сүйреп қыс келеді. Бірақ елдегі қазандықтардың барлығы бірдей жылыту маусымына сақадай сай деп ауыз толтырып айту қиын. Мәселен, Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында осыдан алты жыл бұрын қазығы қағылған қазандық әлі пайдалануға берілген жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ақсу қаласының жұртшылығы жарты ғасырдан астам уақыт бойы жергілікті ферроқорытпа зауытындағы қазандықтар арқылы жылытылып келеді. Мұндағы өндірістік орындар да, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар да сол кәсіпорындағы қазандықтардан жылу алады. Бірақ ол да жыл санап тозып келеді. Оған қоса, шағын шаһарда жаңа көпқабатты баспаналар, білім, денсаулық, мәдениет пен спорт мекемелері бой көтеруде.

Осыны ескеріп, 2017 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд 862 млн теңге бөлініп, жаңа қазандықтың қазығы қағылды. Оған барлығы 7 мың шаршы шақырымнан астам аумақ қарастырылды. 2018 жылы тағы республикалық және облыстық бюджеттен 6 млрд 122 млн теңге, 2019 жылы облыстық қазынадан 2 млрд 800 млн теңгеден астам сома бөлінді. Сөйтіп, негізгі жұмыстар аяқталғанымен, қазандық үш жарым жыл бойы пайдаланылмай бос тұр.

Белгілі болғандай, бас мердігер – "KBI Energy" қазандыққа үккіш құралдар орнатқан. Бұл – дұрыс, себебі аталмыш қондырғылардың қазандықсыз жұмыс істеуі мүмкін емес көрінеді. Алайда сол үккіштер мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамада болмай шықты. Сол себепті жергілікті билік әлеуметтік маңызы зор нысанды қабылдай алмай отыр.

"Біз оны қабылдаудан бас тартпаймыз да. Тек алдымен мәселені шешіп алу керек. Оның екі жолы бар: мердігер барлығын жобада қарастырылғандай етіп дайындауы керек не болмаса сол үккіш құралдарды заңдастыру үшін жобаға өзгерістер енгізу қажет", - дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Мердігерлер екінші жолды таңдапты. Әлгі үккіш құралдарды жобаға енгізу үшін түзету жасауға өтініш беріп те үлгерген. Жоба түзетуден қазан айының соңына қарай ғана шығуы мүмкін.

Бірақ мұнымен де мәселе шешілмейді. Әу баста техникалық-экономикалық негіздеме дұрыс есептелмегендіктен, қазандық іске қосылған күннің өзінде одан таралатын жылудың бағасы қымбатқа түсейін деп отыр. Коммуналдық қызметтің тарифі бірден бірнеше есеге өсетіні анық. Бұл жағдай тұрғындардың қалтасына салмақ салмас үшін әкімдік бірнеше нұсқаны қарастырып отыр. Оның ішінде заңды тұлғаларды жаңа қазандыққа, басқа нысандарды қазіргідей зауыттың қазандықтарына қосу бар. Десе де, бұл – соңғы шешім емес.

Қалай болғанда да, алты жылыту қазандығы бар, сағатына барлығы 180 ГКал жылу бере алатын қалалық қазандық алдағы жылыту маусымында кәдеге жарай қоймас. Ақсулықтарға биыл да ферроқорытпа зауытының қазандықтары арқылы амалдауға тура келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу