Зумерлер қауіпті жаңа трендке бой ұрды: өз сүйегін өзі сындырады

75

Maxxing мәдениеті өзін-өзі жетілдіру идеясын қауіпті эксперименттер алаңына айналдыруда.

Зумерлер қауіпті жаңа трендке бой ұрды: өз сүйегін өзі сындырады Фото: ЖИ

Цифрлық дәуірде өсіп-жетіліп жатқан Z ұрпағы өз өмірін жақсартудың жаңа тәсілін ойлап тапты. Олар тамақтануды, ұйқыны, сыртқы пошымын, тіпті күнделікті әдеттерін өзін-өзі үздіксіз жетілдіруге бағытталған жеке жобаға айналдырып жатыр деп жазды inbusiness.kz.

Таңертең фо сорпасы мен рамен жейді, түнде алаңсыз ұйықтау орнына ұйқы фазаларын бақылайды. Ал, күндіз сыртқы келбетін, дене бітімін, тамақтану тәртібі мен өнімділігін мінсіз деңгейге жеткізуге тырысады. Мұның бәрін интернет кеңістігінде кең тараған сәнді жұрнақ біріктіреді. Ол – ағылшынның maximizing (барынша максималдандыру, ең жоғары деңгейге жеткізу) сөзінен шыққан maxxing ұғымы.

Алайда өзін жетілдірудің мұндай ұмтылысы қай тұста пайдалы дағды болудан қалып, адамның өзіне деген толассыз, тіпті негізсіз талабына айналады.

Супмаксинг пен слипмаксинг: ас пен ұйқыдағы кемелдіктің бітпейтін бәйгесі

Бұл үрдістің тосын мысалдарының бірі – супмаксинг (soupmaxxing), яғни, сорпаны күнделікті тамақтану рационында барынша тиімді пайдалануға бағытталған тренд. Дәмді әрі тойымды сорпа таңғы астың сәніне айналып келеді. Бүгінде таңертең кофе емес, сорпа ішпесе басы ауыратын жастар бар.

Tastewise сараптамалық компаниясының 2026 жылға арналған есебіне сәйкес, Z ұрпағының таңғы асқа сорпа ішуге деген қызығушылығы қарқынды артуда. Әсіресе вьетнамдық фо мен жапондық раменге сұраныс жоғары. Сарапшылар мұны азиялық асхананың танымалдығымен, бойды жылытатын тағамдарға және жұмсақ ас түрлеріне деген ынта-ықыластың артуымен байланыстырады.

Ал бизнес үшін бұл үрдістің басқа қыры маңызды: тұтынушылардың талғамы өзгеріп жатыр. Tastewise сарапшылары фудсталгия (foodstalgia) деп аталатын құбылыстың да кең таралып жатқанын қаперге салды.

Бұл – бұрыннан таныс, бала кезден есте қалған, не көңілді жайластыратын тағамдарды аңсау, соларға қайта оралу үрдісі. Жедел дайындалатын кеспе, құлпынай дәмі бар сүт, шоколад түйіршіктері қосылған печенье – мұның бәрі экономикалық күйзелістер, геосаяси тұрақсыздық, соғыстар және жалпы алаңдаушылық күшейген кезеңде адамға үйреншікті тыныштық пен жайлылық сезімін сыйлайды.

Жас ұрпақ арасындағы тағы бір танымал бағыт – слипмаксинг (sleepmaxxing), ұйқы сапасын барынша жақсартуға іңкәрлік. Адамдар ұйқыны бақылауға арналған қосымшаларды, гаджеттерді пайдаланады, ұйқы маскаларын тағады, жарық өткізбейтін қалың перделер тұтады және ағзаның физиологиялық көрсеткіштерін бақылайтын құрылғылар қолданады.

Мұнда ұйқыға жату мен оянудың тұрақты кестесін құруға, жатын бөлмені салқын әрі қараңғы етіп ұстауға, күннің екінші жартысында кофе тұтынуды шектеуге және ұйықтардан бір-екі сағат бұрын теледидар немесе смартфон "ақтаруды" 1–2 сағатқа дейін азайтуға кеңес беріледі. Сондай-ақ Calm, Headspace және Sleep Cycle секілді қосымшалар да қолданылады.

Бұл трендтің негізгі идеясы шынымен де орынды әрі ғылыми деректермен расталған. Сапалы ұйқы адамның есте сақтау қабілетін, зейінді шоғырландыруын және эмоциялық тұрақтылықты жақсартады. Ұйқының қанбауы мазасыздықты күшейтуі мүмкін. Мазасыз күй, керісінше, адамның қалғуын қиындатады.

Бірақ ұйқыны жақсарту ісін күн сайын, үнемі бақылаудың өзі жаңа проблемаға айналуы ықтимал. Егер адам әр түнгі тынығуын тек гаджеттер мен қосымшалар көрсеткен сандар арқылы ғана бағалай бастаса, көңіл көншітпейтін көрсеткіш оның мазасын қашыруы мүмкін. Тіпті өзі таңертең сергек оянғанның өзінде, құрылғыдағы "төмен ұпай" оның көңіл-күйіне кері әсер етіп жатады.

Ұлыбританияның The Guardian газеті слипмаксинг аясында әлеуметтік желілерде кең тараған, тиімділігі күмәнді бірқатар әдісті талдады. Олардың арасында қып-қызыл жарық беретін шамды пайдалану, ұйықтар алдында ауызды арнайы скотч-жапсырмамен жабу арқылы өзін тек мұрынмен тыныс алуға мәжбүрлеу, танауды кеңейтуге арналған құрылғыларды қолдану бар. Басылым бұл тәсілдердің тиімділігін растайтын ғылыми дәлелдер жеткіліксіз екенін атап өтеді.

"Ауызға жапсыратын арнайы пластырь шығаратын брендтер өз өнімінің арқасында тұтынушылардың жақ сүйегі мінсіз күйде болатынын мәлімдейді. Алайда Монаш университетінің доценті Мелинда Джексон түсіндіргендей, түнде ауызды жапсырып, бітеп қою ауыз қуысының саулығын нашарлатып, инфекция жұқтыру және ұйқының бұзылу қаупін арттырады. Бұған қоса, ұйқы апноэсы бар адамдарда тыныс алу жолдарының бітелуін күшейтуі мүмкін. Ал, жатын бөлмедегі кәдімгі шам орнына қызыл жарықты пайдалану мелатониннің бөлінуін ынталандырады деген тұжырым сол шамды сататын компанияларға ғана тиімді", – деп жазды The Guardian.

Ұйқыны бақылайтын құрылғылар барынша жетіліп, көрсеткіші дәлірек бола бастағанымен, ғалымдар олардың нәтижелері арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін ескертті.

"Ұйқыны бақылайтын құрылғылардың көпшілігі адамның жалпы қанша уақыт ұйықтағанын анықтайды да, оның ұйқысының жеңіл және терең кезеңдерін дәл ажырата бермейді. Ұйқы көрсеткішінің мінсіз болуына шамадан тыс мән беру ұйқыға қатысты мазасыздық туғызып, тынығудың жалпы сапасын төмендетеді. Ұйқының сапасын бағалаудың ең жақсы өлшемі – оянғаннан кейін өзіңізді қалай сезінетініңіз. Егер таңертең тынығып, сергек әрі тың оянсаңыз, құрылғыңыз қандай көрсеткіш көрсетсе де, ұйқыңыз жақсы болды деген сөз", – дейді Саншайн-Кост университетінің профессоры, эпидемиолог әрі ұйқы мәселелері жөніндегі маман Фатима Якут.

Бет – инвестиция, тән – жоба: looksmaxxing мәдениетінің көлеңкелі тұстары

Егер супмаксинг пен слипмаксинг салыстырмалы түрде зиянсыз көрінсе, -maxxing санатына жататын басқа трендтер әлдеқайда қауіпті салдарға соқтыруы мүмкін.

Солардың бірі – looksmaxxing, яғни, сыртқы тартымдылықты барынша арттыруға ұмтылу. Бұл бағыт бастапқыда өзін қоғамнан шет қалғандай сезінетін, романтикалық немесе жыныстық қарым-қатынас орната алмайтынына шағымданатын адамдар топтасқан форумдарда, инцел-мәдениетпен байланысты интернет қауымдастықтарында қалыптасты.

Кейін бұл ұғым тар шеңберден шығып, TikTok, YouTube және басқа да платформалар арқылы кең таралды. Looksmaxxing-тің екі негізгі бағыты бар.

Біріншісі – softmaxxing. Бұл сыртқы келбетті салыстырмалы түрде қауіпсіз тәсілдермен жақсартуды көздейді. Мысалы, тері күтіміне көңіл бөлу, түрлі крем жағу, жарасымды шаш үлгісін таңдау, киім стилін өзгерту және дене жаттығуларымен айналысу.

Екіншісі – hardmaxxing. Мұнда сыртқы келбетті өзгертуге бағытталған әлдеқайда радикалды әдістер алға шығады. Олардың қатарында шектен тыс диеталар, түрлі препараттарды қолдану және косметикалық операциялар бар.

Бұл бағыттың үрейлі мысалдарының бірі – bonesmashing. Ол бет сүйектерінің пішінін өзгерту үшін оларды доғал заттармен ұруды ұсынады. Мұндай әрекет тіндердің зақымдануына, сүйектердің сынуына және басқа да ауыр жарақаттарға әкеледі.

Cleveland Clinic клиникасы сыртқы келбетті шектен тыс өзгертуге ұмтылудың басқа қауіпті тәсілдеріне назар аудартты. Олардың қатарында гормондарды, стероидтарды, несеп айдайтын дәрілерді және құрамы мен қауіпсіздігі тиісті деңгейде реттелмеген қоспаларды теріс пайдалану бар.

Бұл ағымда адамның өзіне-өзі зиян келтіруі тәртіп пен өзін-өзі жетілдірудің белгісі ретінде дәріптеледі. Мұндай түсінік үстемдік құрған ортада ауырсыну сұлулыққа жетудің ақысына айналады. Өзінің бет-бейнесіне көңілі толмау жаңа тәжірибелер жасауға, одан сайын тәуекелге баруға итермелейтін күшке айналуы мүмкін.

Осылайша, өзін жетілдіру идеясы біртіндеп өзін жазғыруға, ал, сұлулыққа ұмтылу – табиғат берген өз денесімен күреске ұласады.

Бұл үрдіс сыртқы келбетпен шектелмейді. Maxxing трендтері бүгінде адамның өмір салты мен күнделікті әдеттерінің сан алуан саласын қамтиды. Олардың қатарында:

• Gymmaxxing – бұлшықет пен күшті барынша арттыруға ұмтылу;

• Moneymaxxing – табыс пен қаржылық мүмкіндіктерді барынша оңтайландыру;

• Heightmaxxing – бойды ұзартуға бағытталған әрекеттер;

• Fibremaxxing – тағамдағы талшықтың (клетчатка) мөлшерін мақсатты түрде көбейту.

Бұлардың арасында денсаулыққа пайдалы әдеттер де, адамды негізсіз тәуекелге итермелейтін әрекеттер де бар. Пайдалы әдет нұсқамасын өзгелер жазатын міндетке айналғанда проблема басталады.

Таңғы асқа сорпа ішу қауіпті емес, пайдалы. Ұйқы тәртібін қалыпқа келтірген де дұрыс. Сыртқы келбетке күтім жасау – табиғи нәрсе. Алайда әрбір ас ішу сәті, тынығудың әр сағаты, тіпті бет пішініндегі әрбір миллиметр әжім үздіксіз оңтайландыру нысанына айналса, өмірдің өзі аяқталмайтын жарысқа ұқсап кетуі мүмкін. Мұндайда адам өмір сүрмейді, ұдайы арпалысады, алысады.

Ал бұл жарыстың мәре сызығы қайда? Адам бір межеге жеткен соң келесісіне ұмтылады. Бір көрсеткіш жақсарса, екіншісі көңіл көншітпейді. Бір кемшілік түзелсе, назар басқа мінге ауады. салдарынан, кемелдікке ұмтылыс аяқталмайтын міндетке айналады.

Мұндай жағдайда нарық жаңа тұтынушыға ие болады. Ол – өзіне ешқашан толыққанды көңілі толмайтын адам. Оның әрдайым түзететін бір кемшілігі, жақсартатын бір көрсеткіші, сатып алатын тағы бір өнімі немесе сынап көретін жаңа әдісі табылып тұрады.

Дәл осы модель -maxxing мәдениетін бір жағынан коммерциялық тұрғыдан тартымды, екінші жағынан ықтимал қауіпті құбылысқа айналдырады. Өйткені адамның өзіне көңілі толмай жүруі белгілі бір индустрия үшін тұрақты сұраныс көзіне айналып шыға келеді

Өзін жетілдірудің шегі қайда? Денсаулыққа қамқорлық жасау мен мінсіздікке жанталаса ұмтылудың арасындағы шекараны ажырату бүгінгі цифрлық ұрпақ үшін де, жалпы қоғам үшін де маңызды. Өйткені адамның құндылығы, қадірі оның ұйқы көрсеткішіне, бұлшықетіне, табысына немесе бет сүйегінің пішініне тәуелді болмауы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу