"Әлемдік үштіктің" бірі Астанаға орнықты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2155

Астанадағы жаңа зауыт – қаладағы ең заманауи кәсіпорын.

"Әлемдік үштіктің" бірі Астанаға орнықты Фото: selena.com

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында, ең құрығанда, бір рет өз баспанасына жөндеу жүргізген қазақстандықтардың көбі жақсы біледі, құрылыс саласында әлемдегі өзге үздік маркалармен бірге, шетелдік "Титан" желім-клейі, "Tytan Professional" герметиктері жиі қолданылады. Енді осы озық бренд Қазақстанға "бауыр басып" отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Өнеркәсіптендіру күнінің телекөпірі барысында Астанада құрылыс материалдарын шығаратын заманауи зауыт ашылды. Бұл ретте қала басшылығы инвесторлыққа анау-мынауды емес, әлемдік лидерді тарта алыпты. Ол өндіріске 1 миллиард теңгеден астам қаржы құйған екен. Бұл кәсіпорын жыл сайын 120 000 тонна құрғақ қоспа мен 10 000 тонна дисперстік қоспа шығармақ. Және мұнымен шектелмейді.

Телекөпір барысында зауытты іске қосуды сұрап, "Selena FM S.A." Директорлар кеңесінің төрағасы Кшиштоф Домарецки Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қайырылды:

"Құрметті Президент мырза! Польшаның "Селена" компаниясы монтаждық көбікті шығаратын әлемдегі үшінші ірі кәсіпорын болып табылады. Ол бүкіл әлем бойынша, атап айтқанда Еуропа, Оңтүстік Америка, Азия елдерінде 15 өндірістік зауытқа ие. Біз Астанадағы жаңа зауыт қаладағы ең заманауи кәсіпорын екенін үлкен мақтанышпен айтамыз. Оның шығаратын өнімдерінің 40%-ы Орталық Азияға, Ресейге жеткізіледі. Өндірісте 70 адам жұмыс жасамақ. Менеджерлердің біразы Польшада оқып келді", – деген Кшиштоф Домарецки Елбасы мен ел азаматтарын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады.

"Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында Қазақстан Орта Азиядағы инвестиция бойынша бәсекеге қабілетті, қуатты елге айналды. Біз қазақ елінің экономикасын нығайтуға үлес қосқанымызға қуаныштымыз!", - дейді ол.

Астанада ашылған жаңа кәсіпорында негізінен арнайы құрылыс қоспалары мен ғимараттарға арналған жылу оқшаулауға арналған өнімдер шығарылады. Ал жалпы алғанда, барлығы 120 өнім аталымы өндірілмек. Кәсіпорыннан Еуропа Одағына сертификатталған сыртқы оқшаулағыш жүйелеріне арналған құрамдастар, кәсіби қасбет сырлары, қасбеттерге арналған пайдалануға дайын сылақтар (сұйық дисперстік жүйелер), ішкі жұмыстарға арналған арнайы сырлар, армирлеуші құрылыс қоспалары, су оқшаулағыштығы жоғары сылақтар, бетон блоктарға арналған жұқа қабатты қалау ерітінділері, өздігінен жазылатын құю массалары және тағы басқа өнімдер жол тартады.

Зауыттың елорда маңында орналасқан өндірістік цехы 5 мың ш.м. аумақты алып жатыр. "Selena Insulations" ЖШС-ның Бас директоры Гүлнар Байсаринаның айтуынша, жобаның мақсаты – "бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өндіріс құру, Қазақстанда құрылыс саласында инновациялық және энергия үнемдеуші технологияны ендіру, импорт алмастыруды қамтамасыз ету және ел экономикасының салаларына аса қажет қосымша құны жоғары өнімдердің өндірісін ұйымдастыру" болып табылады.

"Зауыттың өнімдері ғимараттардың энергетикалық тиімділігін арттырып, ауаға тасталатын CO2 көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол зиянды заттар шығармайды, ылғалға, көгеруге және микроағзаларға төзімді. Әсіресе, үскірік аязы мен ақырған бораны алты ай үстемдік ететін, күзі мен көктемі жаңбырлы Астанада бұл аса маңызды. Құрамында озон қабатын бұзатын парник газдары жоқ (мысалы, ХФУ және ГХФУ) және энергия тұтынуды азайтатын жаңаша формулалар мен технологияларға сай өндіріледі", - дейді директор ханым.

"Селена групп" 1992 жылы құрылған және өнімдерін әлемнің 70 еліне жеткізеді. Компания әлемдегі біркомпонентті полиуретан көпіршігі өндірушілерінің үздік үштігіне кіреді.

"Селена" тобының корпоративтік құндылықтарының бірі – жаңа елдермен, мәдениеттермен, тарихпен танысу қуанышына ұмтылыс, – дейді Кшиштоф Домарецки. – Біз халықаралық қызметімізде өзіміздің төл корпоративтік стандарттарымызды өзіміз барған елдегі мәдени әралуандықпен, ұлттық құндылықпен және өзін-өзі ұстау салтымен біріктіруге тырысамыз. Демек, қазақтармен бауырласып кетерімізге сенімдіміз!".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу