"Australian Open" ашық чемпионаты аяқталуға жақын

1310

Өкінішке қарай қазақ теннисшілерінің бәрі жекелей сында да, жұптық бәсекеде де жарыстан шығып қалды.

"Australian Open" ашық чемпионаты аяқталуға жақын

Жүлде қоры $36110000 доллар "Australian Open" ашық біріншілігі 29 қаңтарда аяқталады. Қазірдің өзінде жеңімпаз атанады-ау деген мықтылардың шет жағы көріне бастады. Өйткені төртінші кезеңнен өтіп, ширек финалға жолдама алғандар белгілі десек те болады.

Галина Воскобоева жұптық жарыста чехиялық қыз Барбора Крейчикова екеуі жап-жақсы өнер көрсетіп, екінші кезеңге жолдама алған еді. Өкінішке қарай одан әрі аса алмады. Екеуі бірінші раундта аргентиналық Мария Иригойен мен түрік қызы Ипек Сойлу жұбымен сынға түсіп, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңіске жеткенін айтқанбыз.

Екінші айналымда Галина Воскобоева/Барбора Крейчикова жұбы неміс қызы Анна-Лена Грёнефельд пен Квета Пешке жұбымен кордқа шығып, 6:3,7:6 есебімен екі сетте-ақ жол берді. Осылайша жарысты тоқтатты. Енді бұл екеуі бірінші кезеңдегі жеңісі үшін жұптық бәсекедегі 11050 АҚШ доллары сыйақысын алады.

Ал Анна-Лена Грёнефельд пен Квета Пешке жұбына 17200 доллар сыйақы бұйырды. Өйткені олар үшінші раундта ұтылып қалды. Оларды жарыстан шығарған осы корт иелері австралиялық Кейси Деллакуа мен Эшли Барти. Бұл ойын да екі сетте бірдей есеппен аяқталды (6:4, 6:4). Сөйтіп бұл жұп ширек финалға жолдама алды. Енді оларды келесі айналымда франциялық Каролин Гарсия мен Кристина Младенович жұбы күтеді. Олар словениялық Катарина Среботник пен қытайлық Чжэн Сайсайды оңай ұтып, ширек финалға шықты (6:1, 6:4).

Тағы бір ширек финалдық ойын ресейлік жұп Екатерина Макарова мен Елена Веснина және чехиялық Андреа Главачкова мен Қытай теннисшісі Пэн Шуай құрған жұп арасында өтеді.

Жарыс кестесі: екінші жақта хорват-неміс жұбы Лучич-Барони / Петкович жапониялық Ходзуми / Като жұбына қарсы ойнайды. Қай жеңгені Копс-Джонс (АҚШ) / Ифань (Қытай) – Маттек-Сэндс (АҚШ) / Шафаржова (Чехия) жұбының жеңімпазымен жартылай финалда кездеседі.

Ерлер арасындағы ширек финалдық ойындарға келсек турнир кестесі: бір жағын француз Эрбер / Маю – австралиялық Полманс / Уиттингтон және фин-австралия жұбы Континен / Пирс – австралиялықтар Грот / Гуччионе жұптары құрайды. Бұл екі матч жартылай финалға шығатын 2 жұпты анықтайды.

Екінші жақтан Додиг (Хорватия) / Гранольерс (Испания) – америкалық егіздер Майк Брайан / Боб Брайан арасындағы матч пен испаниялық Карреньо-Буста / Гарсия-Лопес пен австралиялық Болт / Мусли жұбы жартылай финалға шығатын тағы 2 жұпты анықтайды.

Айта кету керек, осы жұптардың арасында букмекерлер бәсті америкалық егіздерге тігіп отыр. Бірі оңқай, бірі солақай жігіттер кез-келген турнирде фаворит саналады. Өйткені олар мұндай жарыстардың талайын ұтқан.

Жекелей сында ерлер арасында ширек финалда ойнайтын екі жұптық бәсеке белгілі болды: Миша Зверев (Германия) – Роджер Федерер (Швейцария), Станислас Вавринка (Швейцария) – Жо-Вильфрид Цонга (Франция). Испаниялық Роберто Баутиста-Агутты жеңген Канадалық Милош Раоничтің қарсыласы испаниялық Рафаэль Надаль мен француз Гаэль Монфис арасындағы ойыннан кейін белгілі болды. Надаль 5-сетте 6:4 есебімен ұтып, үздік сегіздіктің арасына соңғы болып кірді.

Әйелдер жекелей сынындағы ширек финалда ойнайтын жұптар: Коко Вандевеге (АҚШ) – Гарбинье Мугуруса (Испания), Винус Уильямс (АҚШ) – Анастасия Павлюченкова (Ресей), Каролина Плишкова (Чехия) – Мирьяна Лучич-Барони (Хорватия), Йоханна Конта (Ұлыбритания) – Серена Уильямс (АҚШ).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу