"Барыс" плей-оффтың екінші сатысында

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1611

"Барыс" хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф додасында бірінші кезеңнен өтіп, екінші сатысына шықты. Ендігі қарсыласы – азуы алты қарыс "Металлург" (Магнитогорск) клубы.

"Барыс" плей-оффтың екінші сатысында

"Батыс" "Тракторды" қалай тұралатты

"Барыс" биыл Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф додасын "Трактор" (Челябі) клубына қарсы бастаған-ды. Екеуі "Шығыс" конференциясында төртінші және бесінші орындарды иеленген деңгейлес команда болатын.

Биылғы маусымның басында сүреңсіз ойынымен жанкүйерлерін жасытып, бауырын бірте-бірте жазған "Барыс" плей-оффтың екінші сатысына шыға алмай қалса да, оған ешкім өкпелемес еді. Бірақ "Астана" клубы "Тракторды" тізгіндеп, алты ойында жеңіске жетті:

"Барыс" – "Трактор" – 4:2 (5:2, 1:5, 3:1, 1:2 ОТ, 2:1 ОТ, 2:1).

Әрине, "Барыс" жанкештілік танытты. Аянбай ойнады. "Трактордың" мақтаулы қорғаушылары мен тасқамал қақпашысы "Барыстың" дүлей шабуылына төтеп бере алмады. Әйтсе де, "кінә" Челябі клубының қорғанысында емес, шабуылында сияқты.

Байқасаңыздар, соңғы ойындарда үш шайбадан артық соғылған жоқ. "Трактордың" қорғаушылары да, қақпашысы да жақсы ойнады. Өз міндеттерін орындады. Ал шабуылшылары гол соға алмай, пұшайман болды.

Негізі, "Барыстың" бекінісі бұзып өте алмайтындай мықты емес те еді. Ең осал шебі осы – қорғанысы. Бірақ биылғы маусымның басында командаға алынған қақпашы Хенрик Карлссон қорғаушылардың осалдығын білдірмей келеді.

Рас, "Локомотив" (Ярославль) клубынан өз алаңында 1:8, түзде 1:7 есебімен, ал Нева жағасында СКА (Санкт-Петербург) хоккейшілерінен 0:9 есебімен ойсырай ұтылған. Әйтсе де, Швеция қақпашысы Хенрик Карлссон талай ойында "Барыстың" жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты.

"Шығыс" конференциясының ширек финалында Челябінің "Тракторымен" өткен матчтарда да Карлссон хас шеберлік танытты. "Трактордың" талай шабуылын тойтарып, жігерін құм қылды.

О, тоба! Төрешілер қара қылды қақ жарып, әділетті болып жүр

"Барыс" – "Трактор" текетіресінде төрешілер өте әділетті болды деуге болады. Біздің бұған айрықша көңіл бөліп отырғанымыздың да өзіндік себебі бар.

2013 жылы да "Барыс" пен "Трактор" плей-оффтың алғашқы сатысында кездескен. Сонда Қазақстан клубы алғашқы үш ойында жеңіске жетті. "Енді бір рет жеңсе, болды!" деп бөркімізді аспанға аттық. Бірақ содан кейін жеңіс "Барыстың" көзінен бұлбұл ұшты.

Төрт рет қатарынан "Трактор" жеңіп, келесі кезеңге өтті. Сол кезде өзегіміз өртеніп, кейбір ойын сәттерінде төрешілерді түсінбей, дал болғанбыз. Қит етсе, "Барыстың" ойыншыларын айдыннан қуатындай көрінген. Әйтеуір, бізге солай көрініп, қапа болғанбыз.

2012 жылы да "Барыс" "Металлург" (Магнитогорск) клубынан, ал 2015 жылы "Авангард" (Омбы) хоккейшілерінен жеті ойында, яғни 3:4 есебімен ұтылып, плей-оффтың бірінші сатысында Ресей клубтарына жол беруге мәжбүр болған.

2014 жылы плей-офф додасының бірінші сатысынан сүрінбей өтіп (Екатеренбордың "Автомобилист" командасын қатарынан төрт рет ұтып), екінші кезеңде Уфаның "Салават Юлаев" клубымен додаға түскен. Қорытынды есеп – 2:4. Жеңіс Ресей клубына бұйырды.

Міне, осы жылдары төрешілер дәл биылғыдай әділеттік танытпағандай еді. Әрине, "ұтылған команданың жанашырлары жеңілістің себебін сырттан іздейді, базбіреуге аудара салғанға әуес" деуіңізге болады. Дегенмен, сол жылдары төрешілердің кей шешімінен түңіліп, өзегіміз өртенген.

Ал биыл, тіл-көзіміз тасқа, төрешілер – тым әділетті. Лига – Ресейдікі. Қажет болса, "қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса" мәтелінің керін жасай алады. Бірақ биыл "Барыстың" бағын байлап, обалына қалып отырған ешкім жоқ. Әзірге, бәрі де әділ, таза.

Жалпы биыл ҚХЛ-да плей-офф додасының екінші сатысына "Барыстан" басқа шетелдік команда шыққан жоқ. Негізі плей-оффқа ресейлік емес төрт клуб шыққан. Алайда "Йокерит" (Финляндия), "Динамо" (Минск, Беларусь) және "Куньлунь" (Қытай) клубтары алғашқы кезеңде ұтылып қалды. Енді екінші кезеңде де төрешілер ресейлік емес жалғыз клубты ренжітпейді деп сенеміз.

"Металлург" – мысы басым, деңгейі жоғары команда

Сонымен, "Шығыс" конференциясының жартылай финалының бірінде "Барыс" пен "Металлург" кездеседі. Магнитогорск клубы – деңгейі жоғары, тәжірибелі, шежіресі мол ұжым. Бапкерлері де көпті көрген, әбден ысылған сыралғы мамандар. Шабуылы – жойқын, қорғаушылары – қарымды. Қақпашылары да осал емес.

"Металлург" Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф додасында екі рет топ жарып, Гагарин кубогының екі дүркін иегері атанған. 2013/2014 және 2015/2016 жылдар маусымында бас бәйгені жеңіп алды. "Барыс" бүгіннен бастап осындай азулы командаға қарсы бағын сынап көреді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу