"Қайырымдылық – менің бойыма кішкентайымнан сіңген дүние"

2840

"Мұны мен жарнама үшін емес, сұрағаннан кейін айтып отырмын".

"Қайырымдылық – менің бойыма кішкентайымнан сіңген дүние"

Атамекен бизнес-арнасында ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы "Атамекен" палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов эксклюзивті сұхбат берді.

- Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құтты болсын!

- Бірге болсын, рақмет!

- Қазақстан тәуелсіздігін алды деген қуанышты хабарды қалай естідіңіз?

- 91-жылы осынау ұлан-байтақ қазақ даласының көк байрағы көкке көтеріліп, төбеміз көкке жеткен хабарды Мәскеуде оқып жүргенде алдым. Кеңес одағындағы қазақтың ұлттық қасиеті десем де болады, ішкен асын жерге қойып, бар малын сатса да балаларын оқытуға тырысады. Мен де сондай бір оңтүстік Қазақстандағы қазақ отбасында өстім, әкем марқұм, ата-анам тырысып, оқысын деп кеңес одағының ең ірі оқу орындарының бірі – Мәскеу университетіне оқуға берді. Соңғы курста жүргенде, 91-жылы желтоқсан айында осы қуанышты хабар келді. Сол 90-91-жылдардың өзінде кеңес одағы құлдырап, тарайтын сияқты болып сезілетін. Өйткені, біз экономика факультетінде оқыдық. Мәскеу университетінің жатақханасында тұрдық, біздің курста он шақты қазақ жігіті болды. Сол 90-жылдары арамыздағы жігіттер қазақша, әсіресе, "Менің елім" деген Шәмші ағамыздың өлеңін айтып, бір-бірімізге рух беретін едік. Сосын 90-жылдары жерлестік дейміз жатақханаға жиналып, Абай атамыздың немесе басқа да біздің данышпан жазушыларымыздың конкурстарын өткізіп, студенттер арасында ойындар өткізетін едік, үстімізге шапан киіп жүрдік. Сол кездің өзінде тарихтың жаңа бір белеске аттағалы тұрғанын сезетінбіз. Желтоқсан айында хабар жетісімен, алақайлап, төс қағысып, бір-бірімізді құттықтадық.

- Отбасыңызда тәуелсіздік мерекесін қалай тойлайсыздар?

- Қазақы дәстүрлі отбасында туып-өскем, сондықтан, мүмкіндік болса, уақыт болса, қарт анамызға барып келеміз. Өзіміз отбасында төрт баламыз, үш ағайынды және арамызда бір қыз бала бар. Әрқайсысымыз әр жердеміз, жұмысымыз бар, уақыт та тығыз, бірақ, соған қарамастан, қарт анамыздың үйінде жиналып, қазақтың "бесбармағын" ортаға қоямыз. Анамыз жасы сексенге таяп қалды, бірақ, біз келгенде шамасы болмаса да бесбармақты өзі қадағалап жасап, алдымызға қояды. Етін сүрлеп қояды. Біз келгенде демалыс болады, он үш немересі бар. Бұрын жаңа жыл дейтін едік, қазір наурыз бен осы екі үлкен мерекені отбасымызбен өткіземіз. Бұл да егеменді ел болғанымыздың бір белгісі шығар. Өзіміздің мейрамдарымыз, өзіміздің дастарханымыздың қошеметі болатындай осындай даталарымыз пайда болды.

- Тәуелсіздік мерекесін анамның пісірген асынан бастаймын дейсіз ғой?

- Дұрыс. Бұл егемендікті ата-аналарымыз армандады, олар соның қуанышын көріп отыр, балаларының жаңа заманда жарқын өмір сүріп отырғанына, жаңа мүмкіндіктер туып жатқанына олар қуанып отыр. Өз дәстүрімізге, тілімізге ие болып отырмыз, мұның барлығы – қуаныш. Өз ата-анаммен, өз жақындарыммен қарсы аламын. Бірақ, кейде оған жете алмасақ, өзіміздің жора-жолдастармен, жұмыстағы әріптестермен бірігіп, патриоттық өлеңдер айтып, Шәмші ағамыздың өлеңдерін айтып көңілді өткізуге тырысамыз.

- Мәскеу университетіне, менің білуімше, бар болғаны 15 жасыңызда түсіп кеттіңіз. Ол кезде біздің елдің әлеуметтік жағдайы анағұрлым төмен еді ғой. Құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған экономикаға қандай үлес қосқыңыз келді? Ол кезде соны ойладыңыз ба?

- Он бес жарым жаста түстім, бірақ, мен оны батырлық деп санамаймын. Ауылда оқығаннан кейін, шал-кемпірдің қолында жүрдік те, атам Мырзахмет бес жастан асқан кезде "мына бала үйде неғып ойын ойнап, далада тозып жүр, одан да мектепке барсын" деп ауылдың мектебіне беріп жіберген. Содан бес жаста мектепке бардық та онжылдық мектепті он бес жарым жаста аяқтап шықтық. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. 85-жылы елге келгенде жаңа құрылыс басталып жатқан заман, бірақ, біз ол кезде кеңес одағының жоспарлы экономикасын оқыдық, марксизм-ленинизмді оқыдық. Бір қызығы, біз одан да пайда көрдік, өйткені, Маркстің "Капиталы" – өзінің негізгі еңбегі, меніңше, онда қазіргі болып жатқан іргелі тірліктер сипатталған.

Біздің степендиямыз қырық сом болатын, Орталық комитет партиясы ерекше кадрлық резерв деп бізге он бес сом қосып беретін. Сондықтан, оқуға түскеннен-ақ сол жердегі азаматтар өзін ертең элитаға кіретіндей сезінетін. Сол кезде жүргенде ертең Кеңес одағындағы үлкен экономиканы дамытып, партия резервінде, басшы қызметтерінде немесе мемлекеттік жоспарлау комитетінде істейміз деген ойымыз болды, жоспарымызды құрып жүрдік.

Кеңес одағында, әрине, жақсылық та болды, кемшіліктері де болды, бірақ, барлығын жаман деп айту, меніңше, дұрыс емес. Әсіресе, білім беру саласы өте мықты болды деп есептеймін. Сол Мәскеу университетінде алған біліміміз осы жасқа дейін жарап келе жатыр. Сол кездегі шыныққан тәжірибеміз, жаңа айтқанымдай, әр республиканың қаймақтарының арасында бәсекелесіп оқыдық. Мен өзім қазақ мектебін бітіргендіктен, алғашқы жарты жыл орысша түсінісу қиындау болды. Елден келгеннен кейін намысқа тырысып оқыдық, мұндай экономика болады, нарық болады деген ойымызда жоқ.

89-жылы әскерден келгенде нарықтық экономиканың жаңа түрлері туралы бізге дәріс оқыла бастады. Сол кезде бұның бір жақсы жері 89-жылдан бастап бізге жоспарлы экономикадан басқа, шетел экономикасы жайлы кітаптарды оқуға рұқсат берілді, сол арқылы батыстың нарығы туралы мәлімет ала бастадық. Оқу қызығырақ болды, салыстырып оқи бастадық.

92-жылы жаз айында егемендік алғаннан кейін үш-төрт айда оқуымды бітіріп, дипломымды алып елге оралдым. Елге оралғанда менің алдымда Мәскеу университетінің экономика факультетін бітірген елге белгілі көптеген азамат болды. Атап өтсем, елге танымал Серік Аханов, қаржыгер, елбасының кеңесшісі болып бастаған Ораз Жандосов, Сауат Мыңбаев, Зейнолла Кәкімжанов, Тимур Құлыбаев сияқты азаматтар. Менімен қатар оқыған Асхат Елемесов, Марат Заиров. 92-жылы бітіріп келгенде мені сол азаматтар шақырды. Алматыға келіп, осы азаматтармен бірге жаңа бизнесті, жаңа экономиканы сезінейік деп осындай жұмыстардан бастадық.

- Өзіңіз қайырымдылық жасайсыз ба?

- Қайырымдылық – менің бойыма кішкентайымнан сіңген дүние. Анам қырық жылдай дәрігер болды, дәрігердің екінші жұмысы қайырымдылық қой. Ол ауылды жерде қызмет етті. Институт бітіріп, Алматыдан жас мамандар ретінде ауылға жіберілді. Бізге күндіз-түні ауылдың адамдары ауырдым деп үйге келетін, анам түнгі үште тұрып кете беретін. Қазіргідей 9-дан 6-ға дейін жұмыс істеп, жексенбі күні демалатын уақыт жоқ. Ауылды жер болған соң, мал шаруашылығымен айналысатынбыз. Сондықтан, қайырымдылыққа, адамдарға ашық болу, қолынан келгенше көмектесу бойымызға жастайымыздан дарыған. Адам өзінің ішкі дүниесімен сөйлесуі керек қой. Менің арым таза. Өз басым бизнеспен айналысқаннан бері, одан кейін теміржолда істедім, мұқтаждарға қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын, ешкімнің қолын қайтармаймын. Қайырымдылықтың арқасында теміржолда Шиеліде, Аралда әйелдер босанатын перзентхана салдық. Оған да бизнестен өз ақшамды салып, көмектестім. 90-жылдар қиын кезең болды ғой, бәріне қол ұшын бердік. Бірақ, оның барлығын біз жарнама үшін жасаған жоқпыз, ауылымда әкем істеген жерде ағаларыммен бірігіп мектепті жөндеп бердік. Су құбырларын жөндеп, жедел жәрдем көліктерін бердік. Ал соңғы екі-үш жылда онкология ауруларымен ауыратын жас балалардың жайы жаныма батып, Германияның ең мықты профессорын алып келдім. Өзім демеуші болып, еліміздегі балалар онкологиясын неміс дейңгейіне жеткізу үшін атсалысып жүрмін. Сондай тірліктер көп. Оны мен жарнама үшін емес, сұрағаннан кейін айтып отырмын. Жалпы айтатыным, бұл – көзі ашық, қалтасы қалың, кез келген азаматтың парызы. Бұл – барлық қазақ азаматының бойында бар жақсы қасиет. Көпшілігі мақтанбайды, кәсіпкерлердің көпшілігі жарнама жасағысы келмейді, бірақ, бүкіл ауданды ұстап отырған азаматтар бар. Өздері ауылдан шығып, сол ауылға спорт кешендерін салады. Мәселен, Құлыбаев мырзаны алуға болады. Түркістанға бардық, Семейде болдық. Кішкентай қалашықтарда үлкен бокс кешендерін салып, спортқа тартып отыр. Сондықтан, ондай-ондай азаматтар әр облыста, әр ауданда бар.

- Тәуелсіздік алған жылдардағы және қазіргі бизнес қауымдастықты салыстыра аласыз ба?

- Енді оның айырмашылығы жер мен көктей. Расын айту керек, 92-жылы мен алғаш бизнесмендердің бірі болып жұмыс бастадым. Тимур Құлыбаев бар, Ораз Жандосов, Зейнолла Кәкімжановтар Қазақстан биржасын ашты, біз де өзіміздің "Алтын алма" деген акционерлік қоғамымызды ашып, алғашқы қадамдарымызды бастадық. Сондықтан, бизнес өз қолымнан өткеннен кейін, өз тәжірибем болғаннан кейін салыстыра аламын. Ол кездегі бизнесті қазіргі мүмкіндікпен салыстырғанда ғана егемендік бізге 25 жыл ішінде не алып келгенін түсінуге болады. Цирктің қасындағы кішкене ғана кабинетті жалға алып отырдық, біз де сауда-саттықтан бастадық. Шымкенттегі автомобиль дөңгелегін шығаратын зауытқа бартермен компьютер беріп, одан автокөліктің дөңгелегін алдық, оны сатып, алғашқы капиталды жинадық. Оны банкке тапсырдық. Сол кезде жиналған ақшаны қаппен банкіге өткізетінбіз. Одан кейін астықты экспортқа Өзбекстанға, Тәжікстанға шығардық, содан кейін мақтамен айналыстық. Сөйтіп, 94-95-жылдары өндіріске көше бастадық. Түркістанда Фараб деген үкіметтің зауыты болатын, мақтаның қалдықтарынан медициналық керек-жарақ жасайтын, сол зауытты қолға алып осы күнге дейін негізгі құрылтайшыларының бірімін, сол зауыт қазір аяққа тұрып, айына 60-70 млн саудасын жүргізіп, мақтадан он бес түрлі зат жасап шығарады. Жастардың көпшілігі сол 90-жылдардағы қиыншылықтарды біле бермейді, біз 1,5 мыңнан 3 мың пайызға дейінгі инфляция жағдайында жұмыс істедік.

- Осы қиыншылықтар туралы айтыңызшы, жастар шынымен де білмейді соны, инфляция кезінде қандай қиындық болды, өз мысалыңызды келтірсеңіз?

- Бірінші қиындық – баға қымбаттап отырды, несие алу қиын. Қазіргі 16-18 пайызды біз қиын дейміз, әрине, ол экономиканың жағдайына байланысты. Ал ол кезде несие 30-40 пайыздан 100 пайызға дейін көтерілетін. Сондықтан, мұның барлығы өте қиын болды. Ақпаратты қайдан аларыңды білмейсің. Қай жаққа сататыныңды білмейсің. Қазір көлік компаниялары көп, таңдап аласың пойызбен жібересің бе, автокөлікпен жібересің бе, ұшақпен жібересің бе, қазіргі дрон деген басқа түрлері бар, интернеттегі сауда түрлері бар. Интернеттен кез келген ақпаратты ала аласың. Ал ол кезде қиын еді. Сосын бизнесті білетін мамандар жоқ қой, кеңес беретін маман жоқ, есепшілер жоқ, қаржы директорлары жоқ, маркетингті білетін азаматтар жоқ, өйткені, бұрынғы жүйе оны дайындаған жоқ қой.

- Абылай Исабекұлы, сұхбатыңызға рақмет! Қазақ еліне деген бір ауыз тілегіңіз болса...

- Қадірменді отандастар, әріптестер, бауырлар, достар, егемендік – бұл әр азаматтың, әр ұлттың армандаған биігі. Сондықтан, барлығыңызды осындай торқалы мерекемен құттықтағым келеді. Осы мерекемізді, осы егемендігімізді барлығымыз бір кісідей болып, бір мемлекет болып, бір ұлт болып, бір азаматтық қоғам болып сақтап отырайық. Елдің өркендеуіне тек билікте жүрген азаматтар ғана үлес қосады деп ешкім ойламасын, егемендікке әр азаматтың, анау шекарада тұрған әскеридің, зауытта істеп жатқан азаматтың немесе үйдегі қариялар мен ата-анамыздың арқасында жетіп отырмыз. Әрине, елбасының да орны бөлек. Әркімнің де үлесі бар. Ол үлесті кем, үлкен деп айтуға болмайды. Мемлекетімізді барлығымыз бірге ұстап отырмыз, оның болашағы да бәрімізге бірге тиеді, біздің ұрпақтарымызға, балаларымызға тиеді. Сондықтан, ата-бабаларымыз армандаған егемендігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу