"Қаржы сүт, ет, жеміс, көкөніс өндіруге бағытталады"

4658

Биыл жалпы 39 млрд теңгеден астам қаражат игеріледі.

"Қаржы сүт, ет, жеміс, көкөніс өндіруге бағытталады"

Abctv.kz тілшісі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, жеке қосалқы шаруашылықтарды қаржыландыру мәселесі жөнінде "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаровпен сұхбаттасты.

Несие қоржыны артты

- Жандар Даниярбекұлы, алдымен қордың несие қоржыны туралы айтып өтсеңіз. Өткен жылы несие бағдарламалары қалай жүзеге асты?

- Негізгі көрсеткішке қарасақ, өсім бар. Мысалы Қордың несие қоржыны 70 млрд теңгеден 83 млрд теңгеге дейін, ал белсенді қарыз алушылар саны 29 мыңнан 37 мың адамға дейін артты. Жалпы несие негізінен "Жұмыспен қамту жол картасы – 2020", "Бизнестің жол картасы – 2020", "Ырыс", "Береке", "Бірлік", "Отбасылық қарқынды бақтар" бағдарламалары бойынша жүргізілді. 2016 жылы барлық несиелеу бағдарламасы аясында 35 млрд теңгеге 11 мың қарыз берілді.

- Берілген несиелер нақты қандай бағытта жұмсалды?

- Несиелеудің нақты нәтижесіне келер болсақ, өткен жылы Қор 5 мың отбасылық мал бордақылау алаңын, 37 сүт қабылдау бекетін, 221 отбасылық сүтті-тауарлы ферманы, 7 шағын қаржы ұйымын қаржыландырып, 24 отбасылық қарқынды алма бағын іске қосты.

- Ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуда қандай шаруалар қолға алынды?

- Биыл біздің қорымыз агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысады. Елбасымыз биыл ақпандағы жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне байланысты үй шаруашылықтары мен шағын фермерліктерді кооперативке біріктіру мақсатын қойғаны белгілі. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту. Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау, оның ішінде несие мен субсидия осы мақсатта бағытталады.

Биыл ауыл шаруашылығы министрлігі кооперативтік негізде 220 сүт қабылдау бекетін, 54 мал сою бекетін, 244 мың мал басына арналған отбасылық мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты министрлік пен "ҚазАгро" холдингінің несиелеумен айналысатын компаниялары түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Мобильді топ мүшелері аудан, ауыл округтерінде халықпен кездесіп, ауылдық кооперацияның артықшылығын түсіндіріп жатыр.

- Қандай бағдарламалар бар?

- Ауыл шаруашылығы кооперацияны дамыту мақсатында бірқатар несиелеу бағдарламасы бар. Оның қатарында ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек өнімдері мен мал-азығын дайындау, тасымалдау және сату бойынша – "Ынтымақ" бағдарламасы, отбасылық мал бордақылау алаңдарын құру бойынша – "Береке", ауыл шаруашылығы мал мен құсты көбейту бойынша – "Игілік" және отбасылық сүтті-тауарлы ферма құруды көздейтін "Ырыс" бағдарламалары бар.

Бір айда мыңға жуық шаруа қаржыландырылды

- Жылдың басталғанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен шаруашылық бастауға ниет еткендер болды ма?

- 2017 жылдың бірінші айында 60 кооперативке кірген 822 шаруа қаржыландырылды. Оның ішінде сүтті және етті тұқымды ірі қара мал, жылқы, қой мен қатар сүт қабылдау бекеттеріне, мал сою бекеттеріне қажетті құрал-жабдық сатып алу жобалары бар.

- Ал аймақтардағы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қандай көмек бере аласыздар?

- Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында осы жылы 27 млрд теңге бөлу жоспарланған болса, оның 16 млрд теңгесі Қор арқылы ауыл тұрғындарын шағын несиелеуге бөлінеді. Яғни ауыл тұрғындары бағдарлама аясында жылдық 6 пайыз үстемемен несие ала алады.

Сонымен қатар республикалық бюджеттен бөлінген және Қордың өз қаржысын шағын несиелеуге бағыттау жоспарланған. Барлық қаржыландыру көзін қосқанда, биыл жалпы 39 млрд теңгеден астам қаражат игеріледі деп күтіліп отыр.

Несиені рәсімдеу кезінде кемшіліктер кездеседі

- Шаруашылық болғаннан кейін түрлі жағдай болады. Кейбіреу кәсібін дөңгелетіп алып кетсе, енді бірі сәтсіздікке ұшырайды. Осы ретте қаржыландыру жоспарын орындауда қандай кемшілік бар?

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда филиалдары қысқа мерзімде ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастырып, қаржыландыру жоспарын 1,5 есеге асырып орындады. Биыл қаржыландыру бойынша белсенділік танытқан аймақтар да анықталды. Мысалы отбасылық мал бордақылау алаңдарын құруға қатысты 261 өтінім мақұлданса, оның 102-сі – Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Сондай-ақ бұл бағытта Батыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары белсенді жұмыс істеп жатыр. Сүт қабылдау бекеттерін қаржыландыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысы алда келеді.

Әрине, несиелеу кезінде көптеген жағдай кездеседі. Қор несие төлемін, мерзімін қамтамасыз ете отырып береді. Сондықтан белгілі мерзімге, бекітілген үстемемен, кепілдікпен беріледі. Ал кей әлеуетті қарыз алушының кепілдікке қоятын мүлкінің құжаттары толық емес немесе заңды түрде рәсімделмеген болып шығады. Осы себеппен несиені рәсімдеу уақыты ұзарады, жұмыс көбейеді.

Айта кетейін, қазіргі таңда Қор жүзеге асырып жатқан басым несиелеу бағыттары бойынша мемлекет көптеген қолдау шарасын қарастырып жатыр. Мысалы ет, сүт бағытында мал шаруашылығын дамытамын деген азаматтар субсидия ала алады: кооперативке тапсырған сүттің әр литріне – 10 теңгеден, мал сою бекетіне тапсырған ірі қара мал басына – 20 мың теңге, ұсақ мүйізді мал басына – 1,5 мың теңге, жем-шөп дайындайтын кәсіпорындарға құрама азықтын әр сатылған тоннасына – 20 мың теңгеге дейін субсидия төленеді.

Қазіргі таңда Қордың қолдауымен көптеген шаруа кооперативке бірігіп, өз ісін дөңгелетіп отыр. Мәселен Жамбыл облысы Байзақ ауданында "Талас-16" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 21 шағын шаруашылықты біріктіріп отыр. Олар "Ырыс" бағдарламасымен сүтті-тауарлы фермаларды ашу үшін 400 бастан астам ірі қара мал сатып алды. Ал сол облыстың Қордай ауданында "Боз бесік" кооперативі 30 адамды біріктіріп, етті мал шаруашылығын дамытуға кірісті. "Береке" бағдарламасымен алған несиенің арқасында кооператив мүшелері 600-ге жуық мал басын бордақылау үшін сатып алмақ.

Мұндай мысалдар өте көп. Себебі бір жылдың ішінде қаржыландырылған адамның саны 10 мыңнан асады. Әрбір шағын шаруашылық – бір отбасыны асыраумен қатар, жерлестеріне жұмыс тауып береді, өнім шығарып, оны сатады, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселесін шешуге атсалысады.

Гүлмира Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу