"Қазатомөнеркәсіп" 18 млн доллардан қағылуы мүмкін

2128

Ұлттық атом компаниясы қазан айынан бастап "Toshiba"-ның еншілес кәсіпорнындағы үлесінен бас тарта алады.

"Қазатомөнеркәсіп" 18 млн доллардан қағылуы мүмкін

Америкалық әріптестерімен болған кездесуде еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев антиресейлік санкциялар мұнай-газ саласындағы ортақ жобаларға және Қазақстанның шикізат экспортына кесірін тигізбесіне сенім білдірді. Ведомства басшысы "Қазатомөнеркәсіптің" АҚШ-та ядролық  энергетика және жаңа инвестиция бойынша қолға алуы мүмкін бірлескен жобалары туралы әңгімеледі.  

Астанада ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен АҚШ энергетика министрінің орынбасары Дэн Бруйетт жабық жағдайда кездесу ұйымдастырды. Тараптар энергетика саласындағы әріптестік жайын талқылады. Кездесуден кейін шенеуніктер бірлескен мәлімдеме жасады.

Естеріңізге сала кетейік, әуелде Астанаға АҚШ энергетика министрлігінің басшысы Рик Перри келуі керек еді. Алайда министр Харви құйынынан кейінгі Техас штатындағы жағдайды (энергетикалық инфрақұрылымды қалпына келтіру) реттеу үшін АҚШ-та қалыпты.

Дэн Бруйеттің сөзінше, ведомствалар қос тарапқа да энергия көздерінің маңыздылығын ескере отырып, энергетика саласы бойынша тұрақты стратегиялық диалог құруға уағдаласты.  

"Мен министр Бозымбаевты Вашингтонға, АҚШ пен Қазақстан арасындағы энергетика саласы бойынша стратегиялық диалогтың ресми түрде басталуына шақырамын. Біз онда 2018 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған әріптестікті нығайтудың жоспарын құрамыз", – деді бірлескен мәлімдеменің мәтінін оқыған АҚШ энергетика министрінің орынбасары Дэн Бруйетт.

Журналистер алдында сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев Қазақстан билігі антиресейлік санкциялардың еліміздің мұнай-газ саласындағы жобаларына кері әсер етуіне алаңдаушылық білдіретінін мәлімдеді.

Кездесуге "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ өкілдері және оның басшысы Асқар Жұмағалиев та қатысты. Министрлер бірлескен мәлімдемеде бейбіт атомды пайдаланудағы әріптестіктің нәтижелері және жоспарланған іс-шаралар нақты көрсетілген. 

"Біз бейбіт атом әріптестігіне, СО2 деңгейін төмендетуге, жанатын өнімдерді сақтауға және жоюға, құбыр желілерінің беріктігіне, энергия нарығын ашуға және оны кеңейтуге, ядролық қауіпсіздік пен оны таратпауға айырықша мән беріп отырмыз", – деді Дэн Бруйетт.

Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық энергетика саласындағы әріптестігі жоғарыда аталған бағыттармен шектеліп қалмайтын секілді. Қанат Бозымбаев атап өткендей, Қазақстан ("Қазатомпром") АҚШ экономикасына инвестиция тартуы немесе осы салада бірлескен жобаларды қолға алуы мүмкін.

"Энергетикалық әріптестік туралы комиссияның тең төрағалары атом энергетикасы саласында ынтымақтастық орнату туралы бастаманы қолдайтыны анық. Тараптар АҚШ-қа Қазақстан инвестициясын тартудың мүмкіндігін қарастыруда. АҚШ-тың энергетика министрлігі ядролық  энергетика саласындағы қазақстандық және америкалық компаниялар арасында бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына ниет танытып отыр", – деді Қанат Бозымбаев.

Бұл ретте "Қазатомөнеркәсіп" америкалық атом өнеркәсібін инвестициялауда сәтсіз болса да тәжірибесі бар екенін естеріңізге сала кетейік. 2007 жылы ұлттық компания жапониялық "Toshiba" корпорациясының еншілес кәсіпорны саналатын америкалық "Westinghouse"-нің 10% акциясын 540 миллион долларға сатып алған еді.  

26 сәуірде "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ 2017 жылдың 29 наурызында америкалық "Westinghouse Electric Company LLC" компаниясы (жапониялық "Toshiba" корпорациясының еншілес кәсіпорны) және оның үлестес компаниялары (Westinghouse Group) АҚШ-тың бонкроттық туралы Кодексінің 11 бабына сәйкес, АҚШ-тың банкрот ісі жөніндегі сотына Нью-Йорк қаласының Оңтүстік округі бойынша өтініш бергендегі туралы хабарлады.

Алдын-ала есептеулер бойынша "Westinghouse" компаниясының банкротқа ұшырауынан "Қазатомпром" 18 млн доллардан қағылмақ. Ұлттық атом компаниясы 2017 жылдың 1 қазанынан бастап "Toshiba"-ның еншілес кәсіпорнындағы үлесінен бас тарта алады.

Еркебұлан Қыздарбек, Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу