Қытай "технологиялық супердержаваға" айналу үшін өз чиптерін жасап жатыр

3182

Компартия микросхемалар жасауда Америкаға, Еуропаға, Жапонияға, Кореяға тәуелділіктен құтылу үшін елдің әлемге әйгілі e-commerce компанияларына жаңа міндет жүктеп отыр.   

Қытай "технологиялық супердержаваға" айналу үшін өз чиптерін жасап жатыр

Қытайды өзіне сенімді "технологиялық супер державаға" айналдыру үшін ​​Коммунистік партия әлемдегі ең ірі электрондық коммерция компаниясын процессорлық чиптерді құрастыру сияқты күрделі әрі қымбат бизнеспен айналысуға итермелеп отыр.

Alibaba-ның 3 жастағы T-Head чип бөлімшесі қазан айында бұлттық есептеулер бизнесіне арналған Yitian 710 атты үшінші процессорын таныстырды. Alibaba әзірше бұл микросхеманы өзгелерге сатуды жоспарлап отырған жоқ.

Басқа жаңа чип әзірлеушілер, соның ішінде, ойындар мен әлеуметтік медиа алыбы Tencent пен Xiaomi смартфон бренді Қытайдың байлығы мен жаһандық ықпалын арттыру мақсатында есептеу, таза энергия және басқа да технологияларды жасаудың ресми жоспарларын жүзеге асыруға миллиардтаған доллар бөлуге уәде етіп отыр.

Процессорлық чиптер смартфондар мен автокөліктерден, медициналық құрылғылар мен тұрмыстық техникаға дейінгі өнімдерді өндіруде маңызды рөл атқарады. Айта кетсек, қазір коронавирустық пандемияға байланысты чиптер тапшылығы жаһандық өндіріске кері әсер етіп, алаңдаушылыққа себеп болып отыр.

Қытай технологиялық тұрғыдан өзінің экономикалық және стратегиялық бәсекелестері – Америка Құрама Штаттарына, Жапонияға және өзге де жеткізушілерге тәуелді. Бұл жағдайды өзгерту жолында чиптердің маңызы зор. Егер Бейжіңнің өзіндік технологияға сүйену мақсаты сәтті жүзеге асатын болса, бизнесмендер мен саяси лидерлердің ойынша,  әлемде инновациялық даму бәсеңдеп, жаһандық сауда бұзылып, дүние жұртшылығы кедейлене түсуі мүмкін.

Президент Си Цзиньпин наурыз айында сөйлеген сөзінде: "Өзіне сүйену – Қытай ұлтының іргетасы", – деді. Ол Қытайды "ұлттық экономикалық қауіпсіздікті" сақтау үшін "технологиялық державаға" айналуға шақырды.

"Біз әлемнің басты ғылыми орталығы және инновацияның биік тұғыры болуға ұмтылуымыз керек", – деді Си.

Дегенмен Бейжің бұл бағытта қатты түңілдіретін жағдайға да тап болуы мүмкін. Бизнесмендер мен сарапшылардың ойынша, тіпті орасан зор ресми инвестициялар құйылса да, микросхема жасаушылар мен басқа да компаниялар озық компоненттер мен технологиялардың жаһандық жеткізушілерінен қол үзетін болса, бәсекеге төтеп бере алмай қалады. Және де бұндай мақсатқа ешбір ел ұмтылмайды екен.

"Осы саланы қайта құрып, ең жақсы технологияға қол жеткізген елді елестету қиын", – дейді Bain & Co компаниясының сарапшы-маманы Питер Ханбери.

Егер әлемдік стандарттар мен өнімдер бір-біріне сәйкес келмейтін нарықтарға бөлінсе, АҚШ-та немесе Еуропада жасалған бөлшектер қытайлық компьютерлерде немесе автомобильдерде жұмыс істемеуі мүмкін. Сондықтан бірыңғай жаһандық операциялық жүйеге сүйенетін смартфон өндірушілер әртүрлі нарықтар үшін бірегей нұсқаларды жасауы қажет болады. Ал бұндай жағдай дамуды бәсеңдетуі ғажап емес.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш қыркүйекте Associated Press агенттігіне берген сұқбатында айтқандай, Вашингтон мен Бейжің "әлемнің бөлініп кетуіне жол бермеуі керек".

Қытай зауыттары әлемге танымал смартфондар мен планшеттік компьютерлерді құрастырады. Бірақ оларға әрдайым АҚШ, Еуропа, Жапония, Тайвань және Оңтүстік Корея компоненттері қажет. Ал чиптер өткен жылы Қытай үшін мұнайдан кейінгі ең үлкен импортқа айналған.

Қытайдың алғашқы жаһандық технологиялық бренді Huawei 2018 жылы Ақ үй салған санкциялар нәтижесінде АҚШ чиптері мен басқа да технологияларынан айрылды. Содан кейін Бейжің үшін бұл мәселенің өзектілігі артты.

Huawei смартфондардың жаңа түрін өндіру жолында әлемде көш бастау амбициясын жүзеге асыра алмады. Америкалық шенеуніктердің айтуынша, телекоммуникациялық жабдықтар жасайтын бұл компания шпиондыққа барып, өзге елдерге қауіп төндіріп отыр. Алайда Huawei-дің өзі мұны үнемі жоққа шығарып келеді.

Салалық сарапшылардың пікірінше, Huawei мен кейбір қытайлық бәсекелестер смартфондар үшін "қатты" логикалық чиптерді жобалау мүмкіндігінде Intel, Qualcomm, Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics және Британияның Arm Ltd. компанияларымен теңесуге жақын.

Бірақ сол микросхемаларды жасауға келсек, Шанхайдағы мемлекеттік SMIC сияқты зауыттар Apple мен басқа да әлемдік брендтер үшін чиптер шығаратын Taiwan Semiconductor Manufacturing Corp. (TSMC) тәрізді лидерлерден он жылға артта қалып қойған.

Тіпті чиптерді құрастыра алатын Alibaba сияқты компаниялардың өзіне микросхемаларды жасау үшін Тайвань немесе басқа да шетелдік зауыттардың көмегі қажет. Alibaba-ның Yitian 710-ы қытайлық ешбір құюшы зауыттың қолынан келмейтін асқан дәлдікті талап етеді. Компания бұл орайда қай шетелдік өндірушіні пайдаланатынын айтудан бас тартып отыр.

"Менің елім чип жасау технологиясында әлі де үлкен кемшіліктерге тап болып келеді", – дейді Zero Power Intelligence Group компаниясының салалық сарапшысы Лю Чунтиан Associated Press агенттігіне берген сұқбатында.

Қытай дүниежүзілік чип өндірісінің 23%-на ие болғанымен, осы микросхемалардың 7,6%-ын ғана сатып отыр.

Миллиондаған транзисторды тырнақтай ғана кремний жолағына орналастыру үшін 1 500-дей қадам, микроскопиялық дәлдік және АҚШ-қа, Еуропаға, Жапонияға және басқа да жеткізушілерге тиесілі жасырын технологиялар қажет екен.

Жартылай өткізгіштер өнеркәсібі қауымдастығының биылғы баяндамасын жүгінсек, Қытай құралдар, материалдар және өндіріс технологиясы бойынша "айтарлықтай артта қалған".

Вашингтон мен Еуропа болса, қауіпсіздік мәселелеріне сілтеме жасай отырып, қытайлық чип жасаушыларға дәлдік пен тиімділік бойынша жаһандық көшбасшылардан қалыспау үшін қажетті ең озық құралдарды қол жетімсіз етіп отыр.

"Ал бұларсыз Қытай әлдеқайда артта қалады. TSMC жылқысы шауып бара жатса, Қытай жылқысы тоқтап тұр. Ол алға жылжи алмайды", – дейді Ханбери.

Вашингтон өткен жылы шетелдік зауыттарға чип шығару үшін америкалық технологияны қолдануға тыйым салып, Huawei-ге қысымды күшейтті. Америкалық сатушылар компанияға чиптерді сата алады, бірақ сол чиптер смартфондардың келесі буыны "5G" үшін сатылмауы керек.

Еуропа одағы да Қытай немістің робот жасаушы компаниясы "Куканы" сатып алу арқылы Еуропаның технологиялық лидерлігін төмендетеді деген шағымнан кейін шетелдік инвестицияларды қайта қарастыратынын мәлімдеп отыр.

Alibaba-ның Yitian 710-ы Britain’s Arm компаниясының архитектурасына негізделіп, Қытайдың Батыс ноу-хауына мұқтаждығын көрсетіп берді. Және де Alibaba әлі күнге дейін Intel, Arm, Nvidia және Advanced Micro Devices тәрізді шетелдік фирмалармен тығыз жұмыс істейтінін жасырмай отыр.

Қараша айында WeChat хабар алмасу қызметін басқаратын Tencent Холдингі жасанды интеллект, бұлттық есептеу және бейнеге арналған алғашқы үш чипін жариялады.

Бейжің 2014 жылдан 2030 жылға дейін чип өнеркәсібін дамытуға 150 миллиард доллар жұмсайтынын хабарлады. Бірақ бұл - әлемдік компаниялар микросхема жасауға салып жатқан қаржының аз ғана бөлігі. Мәселен, TSMC алдағы үш жылдың өзінде осы бағыттағы зерттеулер мен өндіріске 100 миллиард доллар жұмсауды жоспарлап отыр.

Қытай TSMC және басқа Тайвань өндірушілерінен инженерлерді жалдау арқылы тәжірибе сатып алуға тырысып отыр. Бұған Тайвань жұмыс орындары туралы жарнамаға шектеу қою арқылы жауап берген.

Бүгінде Бейжің смартфондар мен басқа өндірушілерді Қытайдағы жеткізушілердің өнімдерін, тіпті олардың құны қымбат болса да, пайдалануға шақырып отыр. Соған қарамастан, Қытай басшылығы әлемдік индустриялардан алшақ болғысы келетінін жоққа шығарып келеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу