"Субсидияға коттедж бен джип алуды доғару керек"

1818

Кәсіпкер мемлекеттен алған қыруар қаржыны оңды-солды жұмсайды. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дамитын емес.

"Субсидияға коттедж бен джип алуды доғару керек" Фото: palata.kz

Шыны керек, егемендік алғалы, ел бюджетінен агроөнеркәсіп саласына қыруар қаржы бөлініп келеді. Әсіресе, мемлекеттік субсидияның тиімділігі, бөлінген қаржының нақты нәтижесі әлі күнге дейін көрінбейді. Иә, ол ақша қолға кеш тиетін шығар. Қазіргі бюджеттік заңнаманың солқылдақтығынан кәсіпкер субсидияны жылдың аяғында алатын болар. Дегенмен мемлекеттік көмектің бұл түрі жергілікті жердегі атқамінерлердің "астауына" айналғаны жасырын емес. Соның салдарынан отандық агроөнеркәсіп саласын экономиканың басты драйверіне айналдырамыз деген ниетіміз әлі күнге сиырқұйымшақтанып, іске аспай келеді.

Қазақстан халқына арналған биылғы жолдауда мемлекет басшысы осы міндетті тағы бір мәрте белгіледі. Алайда осы жолы "субсидияларды қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшуді" алғашқы талаптардың бірі ретінде көрсетті. Иә, бір қарағанда, әдеттегідей тапсырмадан еш айырмашылығы жоқ сияқты. Дегенмен оның астарында үлкен өзгеріс, тіпті түбегейлі өзгеріс жатыр деуге болады.

Себебі субсидиялаудан сақтандыруға көшетін болсақ, бюджет ақшасына қарап жататындар азайып, нақты жұмыспен айналысатындар саны артуы тиіс. Дегенмен мемлекеттік субсидиялаудан сақтандыру жүйесіне асықпай көшу керек, дейді мамандар.

Ауыл шаруашылығы экс-министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ондай тәжірибе дамыған мемлекеттерде кеңінен тараған. Бізге ондай жүйеге көшу әлі ерте.

"Бүгінде әлемде аграрлық саланың бағыттары өзгеріп жатыр. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін мемлекеттік қолдауды біртіндеп азайтуымыз қажет. Иә, субсидияны азайтып, бәсекеге қабілетті болудың басқа жолдарын іздеу керек. Дегенмен бізге алдымен ғылымды дамыту қажет. Оны іске асыра алсақ, өнімнің саны мен сапасы артады. Сонда шаруалар сақтандыру шараларына да көше алады", – дейді Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қазіргі ректоры Ақылбек Күрішбаев.

Оның ойынша, Қазақстанның бүгінгі құбылмалы ауа-райын ескерсек, субсидияны мүлдем алып тастауға болмайды. Ал сақтандыруға көшетін болсақ, алдымен аграрлық ғылымды барынша дамытып алғанымыз жөн.

Осы орайда университет басшысы Аустралияны мысал ретінде келтіріп отыр. Ол жақта жауын-шашын аз болса да, бидайдың көлемі де, сапасы да Қазақстаннан екі есе артық. Өйткені үкімет ауыл шаруашылығы ғылымына ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстанда рекордтық астық жиналғанмен, бидайдың сапасы үшінші сұрыпқа да жетпей жатады.

"Бізде аграрлық ғылымның деңгейі түсіп кетті, өте қатты түсіп кетті. Себебі бидайдың жаңа сұрыптарын, соның ішінде ерте пісетін сұрыптарды шығармаймыз. Оны шығаратын технология да тапшы. Тағы бір мысал келтірейін, Голландия мемлекеті Алматы облысының бестен бір бөлігімен бірдей болса да, жыл сайын 50 млрд АҚШ долларына ауыл шаруашылығы өнімін экспорттайды. Ал Қазақстан осы салада небәрі 3 млрд теңгенің тауарын шетелге сатып отыр", – дейді Ақылбек Қажығұлұлы.

Оның айтуынша, бүгінде ғалымдардың жаңа формациясын даярлау қажет. Себебі бұрынғы әдіс-тәсілдер ескірген. Ал технологиялар трансферті жөнінен қиындық жоқ. Бүгінде елдің дамуына, соның ішінде ауыл шаруашалығын нығайтуға қажетті ғылыми жаңалықтардың барлығы бар. Енді оны Қазақстанға жеткізуді дұрыс ұйымдастыра білу керек.

"Атамекен" палатасы да ауыл шаруашылығы саласында субсидиялаудан сақтандыру жүйесіне көшудің тиімділігін жақсы түсініп отыр.

"Бүгінде шаруалар банктен несие ала алмай жүр. Банктер болса, ауылға барғысы келмейді, кепілдік сұрайды, ауылдағы жерді де, фермердің саман үйін де кепілзатқа алмайды. Міне, осы мәселені шешу үшін субсидиялаудан сақтандыру жүйесіне көшу керек. Ондай тәжірибе дамыған мемлекеттерде кеңінен тараған. Барлығы сақтандыруға отырады да, оның өзі кепілзат сияқты жүреді. Банк те ақша беруге қорықпайды. Өйткені ауа-райының қолайсыздығынан өнім дұрыс шықпай қалса да, несиені сақтандырудың есебінен қайтарып алуға мүмкіндік бар. Сондықтан шаруалар үшін сақтандыру жүйесінің болғаны тиімді. Қазір шаруаның өзі де субсидияның орнына жеңілдетілген несиенің болғаны артық деп отыр. Соның арқасында ақшаны алып, 3-4 айдың ішінде өнім өсіріп, алған несиесін қысқа уақытта қайтара алады", – дейді "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, бүгінде субсидияға қарап отырған кейбір пысықай кәсіпкер түк істемей, мемлекеттен қыруар қаржы алып отыр. Ал субсидия бөлінетін жерде өнім егіле ме, жоқ па, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ.

"Олар әрбір гектарына субсидия алып отырады. Өнімді егіп жатыр ма, екпей жатыр ма, сол өнімнің сапасы бар ма, жоқ па, шетіне еге салуы да мүмкін. Оған мемлекеттен қыруар қаржы алады. Содан үй салып, джип мініп алады. Ал мемлекет беріп жатқан ақшаның тиімділігі қайда? Тәуелсіздік алғалы, субсидия беріліп жатыр. Алайда ауыл шаруашылығы әлі күнге дейін дамитын емес", – дейді Нұржан Бауыржанұлы.

Арман Асқаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу