banner

"Темір Жібек жолына" қазақстандық өнімдер пайдаланылуда

4199

Әзербайжан астанасы Бакуде тұсауы кесілмекші Баку – Тбилиси – Карс темір жолы һәм "Темір Жібек жолы" атауын иемденген жоба  Транскаспий халықаралық  көлік бағдарында маңызды құрлықаралық буын болып отыр.

"Темір Жібек жолына" қазақстандық өнімдер пайдаланылуда

Бұл магистраль Қазақстан үшін де тиімді. Олай дейтініміз, Транскаспий халықаралық көлік бағдары Қытай аумағынан басталып, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Шығыс Еуропаның бірқатар елдері арқылы Батыс  Еуропаға шығады.

Аталған бағдар теңіз жолы арқылы жүк тасымалын жүзеге асыруға төленетін ақшаға Қытайдан Еуропаға контейнерлерді 12-14 тәулікте қауіпсіз жеткізуге мүмкіндік береді. Ал бұл кезде теңіз жолымен жүк 40-45 тәулікте жетеді. Демек, жаңа бағдардың артықшылығы мол. Сондықтан, осы жолды ашу бағытында он жыл төккен тердің зая кетпегенін Әзербайжан Республикасындағы ҚР Өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев мәлімдеді.  

"Шын мәнінде, бұл ғаламат жоба. Ол Азия мен Еуропаны байланыстыратын және Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан барлық елдердің транзиттік-көлік әлеуетін дамытуда өзара әрекеттесуіне қосымша соны серпін береді", – деді жаңа жобаның маңыздылығына сипаттама берген елші.

Бүгінде Қытайдан және Қазақстаннан 82 контейнермен алғашқы екі эшелон жолға шыққан. Қазақстандық құрам түріктің Мерсин портына астық алып бара жатыр. Қазіргі таңда қазақстандық көмірді тиеген тағы бір құрам жасақталуда. Оның бағыты Румыния. Демек, жаңа магистральда жүк тасымалына қатысты процестің басталып кеткенін айқын көреміз. Осы ретте, атап өтерлігі, Қазақстан тарапы өзінің транзитті-көліктік логистикалық әлеуетін дамытуға және жаңғыртуға, соның ішінде, Кавказ бағдарын жетілдіруге көп күш салып отыр. 

Өйткені, Қазақстан Әзербайжан сияқты  Азия-Еуропа және кері бағдар бойынша жүкті жеткізуде маңызды рөлге ие. Транзитті-логистикалық саланың келешегі кемел екеніне көз жеткізгендіктен, елімізде соңғы жылдары орасан зор жұмыстар атқарылды. Мәселен, Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын жаңа темір жол магистралы салынып, жаңартылды. Сонымен қатар биыл Трансқұрлықтық алтыжолақты заманауи Батыс Еуропа – Батыс Қытай  автожолы салынды, оның ұзындығы 2700 шақырымнан асып, Қазақстанның 5 облыс аумағын басып өтеді. Ал бұл трассаның жалпы ұзындығы 4 мың шақырым шамасын құрайды, соның 2783 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтуде. Жалпы жоба өз жемісін бере бастағаны байқалады. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолымен жүк ағыны 300 мыңнан астам тоннаны құраған болса, 2009 жылдың қорытындысы бойынша транзитті жүк ағыны барлығы 90-100 мың тонна шамасына келіп тұрақтаған. Осыдан-ақ, жүк ағыны көрсеткішінің бірнеше есеге өскенін байқауға болады және де бұл процесс өсім жағына қарай дами беретіні анық. Транзитті-көліктік логистиканы дамыту сатысын Ақтау портын кеңейту бағытынан көруге болды. Бүгінде Ақтау портының өткізу қабілеттілігі жылына 20 млн тоннаға жетіп жығылуда. Сонымен қатар Ақтау портының оңтүстігіне қарай, 100 шақырым қашықтықта орналасқан Құрық паромдық портын дамытуға да басымдық берілген. Нәтижесінде аталған паромдық порт тәулігіне 5 паромды қабылдап және де жылына 4 млн тонна автотрейлер мен темір жол вагондарының жүк ағынын өңдеуді қамтамасыз етуге қауқарлы болып отыр.

"Бұл бар болғаны бірінші кезеңі. Келешекте қуаттылықты жылына 15 миллилн тоннаға дейін ұлғайту көзделуде. Яғни, Ақтау порты арқылы  35 млн тонна жүкті жөнелтуге дайындық жүріп жатыр. Бұл жерде жүк қазақстандық, ортаазиялық немесе қытайлық бола ма, ең бастысы ауқымды жүк көлемін жөнелтуге жағдай жасалмақ. Бұл жүктің басым бөлігі, әлбетте, кавказдық бағдар бойынша жөнелтілетін болады, соның ішінде, Баку – Тбилиси – Карс темір жолы арқылы бағдарланбақ" деп мәлім етті Бейбіт Исабаев.

Оның айтуынша, Әзербайжан да соңғы жылдары өздерінің көліктік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға кірісіпті. Бүгінде Алят халықаралық теңіз сауда портын қайта құрылымдау үдерісі жүріп жатқан көрінеді, ол толық іске қосылғанда, 20 млн тонна жүк және 1 млн контейнер қабылдайтын болады. Сондай-ақ, бауырлас ел Каспий теңізіндегі ірі  сауда флотын тұрақты түрде жаңартып келеді екен, бүгінде 90-нан астам көлік кемесі бар, яғни, ішкі әзербайжандық темір жол желісі    толықтай дерлік жаңғыртылған. Мұнымен қатар Әзербайжан елі көршілес Гүржін еліне қаржылық қолдау көрсетіп, енді Солтүстік-Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс дәліздері шеңберінде, соның ішінде, темір жол инфрақұрылымын жаңалауға Иранға жәрдем беруге ниеттеніп отыр екен.

Елші мырза жаңа жолдың берілуіне байланысты Қазақстан және Әзербайжан аумағы арқылы транзиттік тасымалдың едәуір өсімі болатынына сенім білдіруде.  "Темір Жібек жол" деген атауға ие болған жаңа халықаралық темір жол магистралы Баку – Тбилиси – Карстың ашылуы өзекті, уақытылы және қажетті екенін тағы бір айқындай түсуде.  Демек, Қазақстан мен Әзербайжанды Азия мен Еуропа арасында жүк тасымалы үшін өзіндік транзитті көпір деуге толық негіз бар. Ең бастысы,  бұл процесс екі жақты сипаттамаға ие, яғни жүктер бұл магистраль бойынша қос бағытта жүретін болады.  

Қазақстандық сарапшылар жасаған алдын ала болжамдық есептеулерге шолу жасасақ, ортамерзімде келешекте, яғни, 2,5 жылдан соң, 2020 жылға қарай Шығыс-Батыс бағыты бойынша жүк тасымалы 5 есеге дейін өседі деп күтілуде, яғни, Қытай жағынан 1,3 млн контейнер Батысқа қарай жол тартпақ.  Демек, шамамен 300 мың контейнер кавказдық бағдар бойынша, Қазақстан және Әзербайжан арқылы тасымалданатын болады, ал бұл екі ел үшін де экономикалық жағынан тиімді екені сөзсіз.

Айрықша атап өтерлік бір жағдай, Баку – Тбилиси – Карс жобасын жүзеге асыру барысында қазақстандық машинақұрастыру өнімдері қолданылыпты. Соның ішінде, негізгі әзербайжандық темір жол магистралдарын қайта құрылымдау үшін Ақтөбе рельсарқалық зауытының өнімдері пайдаланылған.  Сонымен қатар жаңа темір жол дәліздерінің телімдеріне Астанадағы "Локомотив құрастыру зауыты" АҚ мен "Электровоз құрастыру зауыты" құрастырып шығарған  қазақстандық тепловоздар мен электровоздар пайдаланылмақ.

Бүгінде Әзербайжанға 10 тепловоз  жеткізілді, 2020 жылға қарай айнымалы тоқтағы 40 жүк электровозын жеткізу межеленген. Таяуда алғашқы 2 электровоз бауырлас ел аумағына жеткізілмек. Келесі жылы 24, ал 2019 жылы 14 электровоз Әзербайжан еліне жөнелтіледі деп күтілуде.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу