​Интервенция экономикалық өсімге қалай әсер етті

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
5032

Қыркүйектегі жағдай "қаржы нарығындағы алыпсатарлар мен Ұлттық банк арасында байланыс болуы мүмкін" деген күмәнді ойды қалыңдатып жіберді.

​Интервенция экономикалық өсімге қалай әсер етті

Қаржы секторында 2017 жыл Ұлттық банктің төрт рет интервенция жасауымен есте қалды. Бірақ, сарапшылар бас банктің статистикасына қаржы секторындағы әрбір фактордың тіркеле бермейтінін, тек жағымды өзгерістер ғана есепке алынатынын айтады.

Мысалы, 2014 жылы – 22 млрд, 2015 жылы 10 млрд АҚШ доллары интервенцияланған. Ал 2016 жылғы көрсеткіш бұдан төмен. Қаржыгер Ілияс Исаевтың пайымдауынша, 2015-2016 жылдардағы бас банк тарапынан қабылданған ұстамдылық саясатының салмағы 2017 жылға түскенін айтады. Себебі елімізде ІЖӨ-ге өсім беретін индиктикатор әлсіз. 2018 жылғы интервенция қыркүйек айында өткені белгілі. Жыл басында теңгенің жағдайы тұрақты болды. Тіпті тамыз айында доллар бағамы 380 теңгеге жеткен кезде де Ұлттық банк тек сырттай бақылап отырды.

Қаржыгер Мақсат Халықтың айтуынша, 2014 жылдан бері бюджет тапшылығы ұлттық қордан трансферлер арқылы жабылды. Тіпті АҚШ доллары қымбат болып тұрған кезде де жасырын түрде аударымдар жасалуы мүмкін.

"Доллар қымбаттаған кездегі аударымдар бюджет үшін тиімді. Бұл тапшылықты жабуға үлкен мүмкіндік", – дейді Мақсат Халық.

Қазір БАҚ-та "қаржы нарығы жасанды жолмен реттелмесе, теңгенің халі қандай болар еді" деген пікірлер жиі айтылды.

Қаржыгер Ілияс Исаев, алыпсатарлар тарапынан шабуыл өршіп бара жатқан соң Ұлттық банк интервенция жасауға шешім қабылдағанын айтады. Бұл тұста шығын емес, пайда көргенін Ұлттық банктің өзі де мойындайды. Қыркүйектегі жағдай "қаржы нарығындағы алыпсатарлар мен Ұлттық банк арасында байланыс болуы мүмкін" деген күмәнді ойды қалыңдатып жіберді.   

"Ұлттық банк алдағы уақытта мұндай әреттерін ашық түрде жүргізуге тиіс. Интервенция және алыпсатарлардың әрекетіне жол бере беруге болмайды. Тамыз айында Ұлттық банк доллар бойынша саудаға араласпайтынын айтты. Ал қазіргі әрекеті биржадағы басты ойыншының тірлігіне ұқсайды. Мүмкін, Ұлттық банктің орындағысы келетін бір жоспары бар шығар. Біз қазір бағамды жағымды сипатта ұстау үшін өте үлкен мөлшердегі доллардың жұмсалып жатқанын көріп отырмыз", – дейді Ілияс Исаев.

Ресей мен Қазақстанның ғана емес, Арменияның, Әзербайжанның, Аргентинаның, Сирияның ұлттық валюталары 25 пайызға дейін құнсызданып кетті. Тіпті тербелмейтін қырғыз сомы да 10 пайызға арзандады. АҚШ федералдық қор жүйесі қазір сыртқы елдерге беретін несиелік мөлшерлемесін 0,25 пайыздан, 0,50 пайызға дейін көтеріп жіберді.

 Мәліметтер Ұлттық банктің сайтындағы деректерден алынды.

"Saxo Bank"-тың валюта жөніндегі бас сарапшысы Джон Харди Алматыда өткен баспасөз жиыны кезінде ҰБ интервенция арқылы валюта құлдырауын ұстап тұруға тырысуына түсіністік білдірген. Себебі бағамды реттеп отыру арқылы алдағы уақытқа валюталы қорды сақтап қалуға жол ашылады.

"Бірақ бұл қадамның алдағы екі-үш жылда қаншалықты тиімді болатындығы әзірге белгісіз. Ал қазір ел экономикасы үшін дұрыс бағытта жасалып отырғандығын сіздер түсінулеріңіз керек", – дейді Джон Харди.

"Интервенциядан Ұлттық банкке қандай пайда түсуі мүмкін" деген сұраққа қаржыгерлердің жауабы әртүрлі.

Қаржыгер Мұрат Темірханов интервенция Ұлттық банкке тек шығын әкелетінін айтады. Дамыған елдерде интервенцияны бағамды реттеп отыру үшін қолданады.Ал біздің жағдайда Ұлттық банк үшін ол тек шығын. Долларды арзанға сатып, кейін валюталы қорды толтыру үшін қымбатқа сатып алуға мәжбүр болады. Ұлттық банк коммерциялық емес ұйым болмағандықтан, монетарлы саясатты орындау үшін шығынға ұшырауы әбден мүмкін.

Қаржыгер Ерлан Ибрагим Ұлттық банкте, тым болмаса, ішкі нарықтағы қаржы бағамын реттетудің 5-10 жылдық тәжірибесі болса, жағдай бұлай ушығып кетпейтінін айтады. Мұндай жағдайда ішкі нарық валюта бағамындағы құбылмалыққа бейімделер еді. Ал бізде ондай тәжірибе жоқ. Ұлттық банктің қазіргі әрекеті бағаны сылап-сипап реттеу мен алыпсатарлыққа жол берудің арасындағы буферлік ұстанымға көбірек ұқсайды. Мұндай тәсіл арқылы бас реттеуші екі тарапқа да қызмет көрсетіп отыр.

"Қаржы нарығындағы трейдерлер барлық елдерде бар. Ұлттық банк оларды бақылауға алмаса, солардың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Бұл бас банк үшін алдағы уақытта қаперге алып жүретін фактор. Біз геосаяси жағдайды ескеруміз керек. 15 қарашада АҚШ Ресейге қарсы санкциялардың келесі пакетін жариялайтынын айтты. Біздің теңгенің долларға емес, рубльге де тәуелді екені жасырын емес. РФ президенті В.Путиннің соңғы мәлімдемесінен кейін рубль тағы төмендеуі мүмкін. Мұндай жағдайда келер жылы 1 АҚШ доллары 400 теңгеге дейін қамбаттауы мүмкін. Ұлттық банк мұны сезіп отыр", — дейді Ерлан Ибрагим.

Ұлттық банктің 1996 жылдан бері интервенцияға жұмсаған қаржысының 50 млрд АҚШ долларынан асып кеткені енді белгілі болды.

Қаржыгер Мақсат Халық Ұлттық банк 22 жылда 55 млрд 627 млн АҚШ долларын жұмсаған. Бұл Ұлттық қор мен алтын валюталық қордан алған қаржы.

"Интервенцияның қайтарымы да байқалады. 22 жылда 24 млрд 259,6 млн АҚШ доллары қайтты. 31 млрд 367 млн АҚШ доллары қайтпай қалды. Ұлттық банк 22 жылға есептеген кезде бұл үлкен қаржы емес дейді. Тек екі жылда ғана 35 млрд АҚШ доллары жұмсалды. Еркін айналым бізді Ұлттық қордағы ақшаны желге ұшырып жіберуден сақтап қалғанын мойындауға тиіспіз", — дейді Мақсат Халық.

"Ұлттық банктің интервенцияға жұмсалған қаржысы ел экономикасының дамуына мультипликативті әсері қандай болды" деген мәселе БАҚ үшін тың тақырып.

Экономист-қаржыгер Мақсат Халық бұл сауал терең талдауды керек ететінін айтады. Мүмкін, бұл мәселені үкіметтің экономикалық блогы жабық есік жағдайында талдайтын да шығар. Бірақ "қортындысы осылай болды" деп ешбір құзырлы орын жариялаған емес.

"Ұлттық банктің интервенцияға жұмсалған қаржыны ашық көрсетуінің өзі де жақсы. 31 млрд 367 млн АҚШ доллары қайтпай қалғанын жоғарыда айттық. Елбасының биылғы соңғы жолдауын орындауға жұмсалатын қаржы – 1 трлн 250 млрд теңге. Жоғарыдағы интервенцияға жұмсалған қаржыны ел экономикасына жұмсаған тиімді болар еді. Интервенция мәжбүрлі қадам. Бұл біздің экономикалық саясатымыздың кемшілігінің бағасы. Бізге ол қаржыны интервенцияға жұмсағаннан, экономикаға жұмсаған әлдеқайда тиімді болар еді", — дейді Мақсат Халық.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу