​Қазақстан биыл елулікке енбек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11311

Еліміз жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі көрсеткішін 12 сатыға жақсартпақ.

​Қазақстан биыл елулікке енбек Фото: sputniknews.kz

Қазақстан 2018 жылғы дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 45-орынды иеленуді жоспарлап отыр.

"Былтыр біздің ел жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 137 мемлекеттің ішінен 57-орынды иеленді. Биыл аталған көрсеткішті 12 сатыға жақсартып, 45-орынға көтерілуді көздеп отырмыз", – деп мәлімдеді ұлттық экономика вице-министрі Мадина Жүнісбекова сыртқы істер министрлігінде өткен жиында.

Оның айтуынша, көрсеткішті жақсартуға "Институттар" факторы қомақты үлес қоспақ. Өйткені, Қазақстан аталған фактор бойынша 13 сатыға көтерілуді жоспарлауда.

"Соңғы жылдары мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына тексеру жүргізіліп, бизнеске қатысты әкімшілік кедергілер мен реттеу жүктемелерінің саны айтарлықтай азайды. Сондай-ақ елімізде мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру жүріп жатыр. Осының барлығы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі жағдайын жақсартуға өз септігін тигізуі керек. Жалпы рейтингті жақсарту үшін ел үкіметі бизнес-қауымдастықпен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқаруда", – деді вице-министр.

Мадина Жүнісбекова жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі көрсеткішті жақсартуға бағытталған жұмыстарды да санамалап өтті.

Оның сөзінше, жеке секторда корпоративтік басқару қағидалары енгізіледі. Сонымен қатар бақылаушы органдардың тәуекелдерді басқару жүйесіне корпоративтік басқару рейтингі жүргізілмек.

"Биыл республикалық маңыздағы 4,2 мың шақырым автокөлік жолын қайта салу және 2 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұдан кейін жергілікті маңыздағы жолдарға назар аударылып, жыл сайын 5 мың шақырымға дейінгі жолды жөндеу қолға алынады", – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, бизнес жүргізуге қатысты барлық мемлекеттік қызмет "бір терезе" қағидасы бойынша ұсынылады. Рейтингтегі жағдайдың жақсаруына жаңа Салық кодексі оң әсер бермек. Жаңа кодекс салықтық рәсімдерді жеңілдетеді деп күтілуде.

"2017 жылы Қазақстанның макроэкономикалық ахуалы жақсарды. Орташа жылдық инфляция 14,6%-дан 7,1%-ға дейін төмендеді. Бюджет тапшылығы 2015 жылғы 5,3%-дан 2016 жылы 4,4%-ға дейін азайды. Standard&Poors, Moody's және Fitch халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның рейтингін "тұрақты" деп бағалады", – деді Мадина Жүнісбекова. 

Еске сала кетейік, Қазақстан дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне 2006 жылдан бері қатысып келеді. Рейтинг 114 индикатордан (34-і статистикалық, 80-і сауалнама түрінде) тұрады. Олар 12 факторға біріктірілген.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан 2017 жылы жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 57-орынға ие болды. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 сатыға төмен. Өткен жылы еліміз 12 фактордың төртеуі бойынша өсім көрсетті. Ал 8 фактордың көрсеткіші құлдырады. Сондай-ақ 114 индикатордың 28-і бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. 76 индикатор бойынша төмендеу байқалып, 10 индикатор өзгеріссіз қалды.

Жалпы былтыр Қазақстан рейтингінің төмендеуі 2016 жылғы макроэкономикалық жағдайдың нашарлауымен тұспа-тұс келді. Сонымен қатар "Институттар" және "Еңбек нарығының тиімділігі" факторларының төмендеуі де кері әсерін тигізді. Былтыр тек "Денсаулық сақтау" және "Бастауыш білім" факторлары ғана айтарлықтай өсім көрсетті. Сонымен қатар "Технологиялық дайындық", "Нарық мөлшері", "Жоғары білім және кәсіби дайындық" факторлары да жақсарды.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін жүргізетін дүниежүзілік экономикалық форум – халықаралық үкіметтік емес ірі ұйым. Оның штаб-пәтері Женевада орналасқан.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу