Өткен шығарылымызда «Иранның режимі құри ма, Израиль құри ма? Қиын сұрақ» деп жазып едік. Енді екеуінің де аман сақталатыны белгілі болды. АҚШ ұшақтары Иранның жер асты зауыттарын бомбалағаннан кейін Иран әскері Американың Катардағы базасын минометпен атқылады. АҚШ әскерінен қаза болған ешкім жоқ. Ал содан кейін АҚШ пен Катар бірлесіп араағайындық жасауының нәтижесінде екі жақ соғысты тоқтатуға келісті. Сейсенбі күні таңғы сағат жетіден кейін ешқандай ракета атылмауы тиіс еді. Бірақ сағат жетіден кейін де Ираннан Израильге ракета атылды. Бұған қарымтаға Израиль де Иранның солтүстігіндегі радиолокациялық құрылғылар орнатылған базаға ракета түсірді. Алдымен Иран, соңынан Израиль атысты тоқтату келісімін бұзды. Бұған қатты ашуланған АҚШ президенті Fox News телеарнасына сұхбат бергенде аузынан балағат сөз де шығып кетті. Ол Иран мен Израиль басшыларына қарата қаттырақ сөйледі. Осыдан кейін атыс әзірге тоқтағандай болып тұр. Бірақ күтпеген жерден қайта бұрқ ете қалмасына сенім жоқ деп жатқандар бар.