Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиада ойындарын жалпы есепте 19-орынмен аяқтады. Ел спортшылары Италияда өткен ақ ойындардан бір алтын медаль олжалап, 32 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Яғни, ұлттық құрама 1994 жылдан кейін алғаш рет Олимпиадада үздік 20 елдің қатарына енді. Отандастарымыз қысқы спорт түрлерінде дәстүрлі түрде жүлде алып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген Финляндия, Польша, Бельгия құрамаларын артта қалдырды. Жалпыкомандалық есепте 19-орын. 94 елдің ішінде. Бір қарағанда өте жақсы нәтиже. Қазақстан қысқы спортта дәстүрі бар елдерді артта қалдырды. Бірақ мұнда тағы бір маңызды деталь бар. Бір медальдің есебінен үздік жиырмалыққа кіру тұрақтылықтың емес, серпілістің белгісі ғана.