Қазақстандықтар үшін оңды-солды несие алу қиындайды. Себебі елімізде алғаш рет қаржы нарығына мінез-құлыққа негізделген бақылау жүйесі енгізілмек. Яғни, қаржы ұйымдары қарыз бермес бұрын оның тәуекелдерін бағалап, тұтынушыға зиян келтірмейтінін көрсетуге міндетті болады. Жаңа талаптар бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары несие жарнамасын да, оны рәсімдеу тәртібін де өзгертеді. Енді олар несие құнын, комиссияларын және барлық тәуекелдерін қарапайым тілмен түсіндіруге міндетті. Сондай-ақ несие берер алдында клиенттің табысы мен оны өтеу мүмкіндігі мұқият бағаланады. Бұл талаптар халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға бағытталған. Өйткені бүгінде коллекторлардың қарауындағы қарыз көлемі 1 триллион теңгеден асып отыр.