Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17 пайыздан 16,75 пайызға түсірді. Бұл – экономикадағы ақшаның бағасы арзандай бастады деген белгі. Яғни алдағы уақытта несие құны, депозиттердің табыстылығы, бизнеске берілетін қарыздардың пайызы, тіпті теңге бағамына дейін әсер етуі мүмкін шешім. Бірақ бір нәрсені бірден айту керек. Базалық мөлшерлеме төмендеді екен деп, ертеңнен бастап барлық банктер несиені арзан бере бастайды немесе ипотека күрт қолжетімді болып кетеді деу – қате түсінік. Бұл процесс біртіндеп жүреді. Ұлттық банк бағыт береді, ал коммерциялық банктер сол жағдайға қарап өз өнімдерінің пайыздық мөлшерлемесін қайта қарайды.