Еуроға жыл бойы не әсер етті және сарапшылардың 2019 жылға болжамы қандай

2018 жылы еуроаймақта экономикалық өсім баяулады.

Еуроға жыл бойы не әсер етті және сарапшылардың 2019 жылға болжамы қандай

2018 жылы еуроаймақта экономикалық өсім баяулады. ІЖӨ-нің өсімі тұрақты түрде 2017 жылдың IV тоқсанындағы 0,7% т./т-дан 2018 жылдың III тоқсанында 0,2% т./т-ға дейін қысқарды. Бұл ретте жұмыссыздық деңгейі 0,5%-ға, қазанда 8,1%-ға дейін төмендеді, ал жалақылардың өсімі жылдамдады, бұл келешекте базалық инфляцияға ықпал етуге тиіс.

2018 жылдың I тоқсанында еуро соңғы төрт жылдан бері барынша нығайып, долларға шаққандағы бағамы 1,25 деңгейіне жетті. Экономикада өсім байқалды, нарық ЕОБ-ның сандық жұмсарту бағдарламасының жақын арада аяқталатынын күтіп отырды, сондай-ақ Макронның Франциядағы сайлаудағы жеңісінен кейін саяси шиеленіс те азайды. Сәуірден бастап тренд өзгеріп, экономиканың өсіміне қатысты аса оптимистік емес болжамдардың пайда болуы, Италия билігіне популистер тобының келуіне байланысты саяси тәуекелдердің салдарынан және АҚШ-та фискалдық ынталандыру шараларының (салықтарды төмендету, денсаулық сақтау, қорғаныс, инфрақұрылым және басқаларға арналған шығыстарды арттыру) іске қосылуынан еуро әлсірей бастады, ал бұл доллардың құнын өсіріп жіберді. Еуро бағамы 2018 жылды долларға қарсы 1,147 деңгей шамасында аяқтады, бұл жыл басындағы көрсеткіштен 4,5%-ға төмен.

Кесте. EUR/USD бағамы

Дереккөз: Bloomberg

Италиядағы дағдарыс
Сайлау алды уәделерін қаржыландыру үшін елдің бюджет тапшылығын арттырып отырған шығыстар жоспары - Италияның популистік үкіметі мен Брюссельдің арасындағы шиеленістің себебі болып отыр. Ұсынылып отырған бюджет ЕО-ның фискалдық ережесін бұзбайтынына қарамастан, Еуропалық комиссия қазір мемлекеттік қарыз деңгейі жоғары болып тұрғанда бюджет шығыстарын арттыруға қатысты алаңдаушылық танытты.

Италия үкіметі мен Еуропалық комиссия бюджет тапшылығын ІЖӨ-ден 2,04%-ға дейін қысқарту туралы уағдаластыққа қол жеткізіп, оны 2018 жылдың 29 желтоқсанында Италия парламенті мақұлдады.

Франциядағы толқу ("сарғылт жилеттілер" қозғалысы)
2018 жылдың соңында Францияда аяқ астынан ереуілдер басталды. Халық бастапқыда жанармай салығын өсіруге қарсылық білдірген болса, кейін ол жалпы елдегі экономикалық жағдайға қанағаттанбаушылыққа ұласты. Қозғалысты популистік партиялар мен кәсіподақ өкілдері қолдаған болатын.

Халықтың наразылық білдіруін тоқтату үшін президент Макрон жанармай салығын өсіруге мораторий жариялады және халықтың аз қамтылған тобын қолдауға бағытталған қосымша шараларды жариялады. Ол алдағы жылы елдің фискалдық тапшылығын 2,8%-дан жоқ дегенде 3,4%-ға дейін өсірмек. Ал бұл Еуропалық комиссияның алаңдаушылығын тудырған еді.

Сарапшылардың пікірінше, болып өткен толқулардың Франция экономикасына әсері едәуір болады. Атап айтсақ, туристер саны мен мерекелер кезінде шығыстардың қысқаруынан байқалады. Франциялық жұмыс берушілер қауымдастығының мәліметінше, ереуілдер салдарынан қызмет көрсету саласы (сауда орталықтары, қонақүйлер мен мейрамханалар) көп шығын (кірістерінен 20-40%) көрген.

2019 жылға арналған болжам

Bloomberg-тің жүргізген сауалнамасына сүйенер болсақ, 2019 жылдың соңына қарай еуроның долларға қатысты бағамы 1,20 деңгейінде болады.

Көптеген банктер еуроның долларға шаққандағы бағамы нығаяды деп отыр. Олардың пікірінше, қозғалыс инвесторлардың асыра бағаланған доллардың салдарынан фискалдық ынталандыру нәтижесінің азаюы, ФРЖ мөлшерлемесінің өсу циклінің аяқталуға жақындығы, сондай-ақ еуроның құрылымдық жете бағаланбауына мән беруі жағдайынан болады.

Банктердің сарапшылары еуро экономикалық мәліметтер жақсарғанда және ЕОБ-дан неғұрлым жақсы болжамдар болғанда ғана өседі есептейді.

Еуропалық экономика мен еуро үшін тәуекелді факторлар – 2018 жылы басым болған саяси және экономикалық ағымдар (Брексит, сауда шиеленісі) болып қала бермек және оған 2019 жылы мамыр айында өтетін еуропарламент сайлауын қосу керек. Бұл сайлау антиеуропалық көзқарасы бар партиялардың ықпал етуінің өсуіне және еуроаймақтағы тұрақсыздықтың жаңа толқынына әкелуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу