Степногорск қаласында тұрғын үй сатып алуға көмектесуге уәде беріп, азаматтардан ақша алған әйел сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2023-2024 жылдары сотталған әйелдің тұрғын үй алып беруге нақты мүмкіндігі де, ниеті де болмаған. Соған қарамастан ол азаматтарды алдап, алған ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.
Оның әрекетінен 20 адам зардап шегіп, жалпы 45 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Сотта әйелдің кінәсі дәлелденді. Степногорск қалалық сотының үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура азаматтарды тұрғын үй сатып алуға қатысты мәмілелер кезінде құжаттар мен қызмет көрсетушілердің өкілеттігін мұқият тексеруге шақырды.