Осы нәтиженің арқасында өңір республика бойынша 2-орынға шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тартылған қаражаттың 80%-ы – жеке секторға тиесілі. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ОКҚ брифингінде хабарлады.
Әкімнің айтуынша, қазір өңірде жалпы құны 7,3 трлн теңгені құрайтын 102 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
"Өнеркәсіптің қарқынды дамуы – экологияға белгілі бір әсер ететінін жақсы түсінеміз. Сондықтан өңірдің индустриялық өсуін сақтай отырып, ластаушы заттарды азайтуға басымдық беріп отырмыз. Мысалы, соңғы бір айда Екібастұзда ашылған екі жаңа ферроқорытпа зауытында 99,8% зиянды заттарды ұстай алатын заманауи гибридті сүзгілер орнатылды. ERG тобының 4 ірі кәсіпорнында 178 млрд теңге көлемінде кешенді экологиялық шаралар атқарылуда", – деді өңір басшысы.
Алдағы уақытта осындай шараларды Павлодар мұнай-химия зауыты, облыстық жылу-энергетикалық орталықтары және Екібастұздағы МАЭС-1 мен МАЭС-2 зауыттарында енгізу жоспарланған.
Тағы бір маңызды бағыт – қатты қалдықтарды басқару. Облыс орталығында алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені бой көтеруде. Мұнда пластик, металл, қағаз және шыны қайта өңдеуге тапсырылады.
Жобаның жалпы инвестициясы 4,8 млрд теңге, қуаты 150 мың тоннаны құрайды. Бұл кешенді 2026 жылдың мамырында іске қосу жоспарланып отыр.