Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева әкімшілік рақымшылық кімдерге жасалатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әкімшілік рақымшылыққа тек қана айыппұлдар жатады. Бұл жеке тұлғаларға және кәсіпкерлерге салынған айыппұлдар. Жалпы көлемі 1,8 млн айыппұл салынған. Сомасы 36 млрд теңгеге жуықтайды", – деді депутат Снежанна Имашева Мәжіліс кулуарында.
Тілшілер "Жүргізуші куәліктерінен айырылған азаматтар әкімшілік амнистияға іліге ме?" деп нақтылады.
"1,8 млн айыппұлдың басым бөлігі полиция салған айыппұлдар. Олардың ішінде жерге түкіру, мас күйінде ұсталғандар бар. 90%-ы жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдар. Егер де бұл жаза 17 наурыз, Конституция қабылданғанға дейін жасалатын болса, барлық айыппұл амнистияға жатады. Бүгінде барлық берешек 63 млрд теңгеге жуық, соның 36 млрд теңгесі рақымшылыққа жатады", – деп жауап берді Мәжіліс депутаты.
Амнистия автоматты түрде жасалатыны белгілі болды. Азаматтардың ешқайда жүгінуіне қажеті жоқ. Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліс рақымшылық туралы заң жобасын жұмысқа алғанын жазғанбыз.