8 сағаттан артық жұмыс істеген қызметкерлерге үстемақы төлене ме?

246

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші күніне 8 сағаттан, аптасына 40 сағаттан аспайтын жұмыс уақытын белгілеуі тиіс. 

8 сағаттан артық жұмыс істеген қызметкерлерге үстемақы төлене ме? Фото: freepik

Қосымша жұмыс уақыты күніне 2 сағаттан, айына 12 сағаттан аспауы тиіс және жалақысына арнайы үстемақы қосылуы керек, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Мемлекеттік қызметтегі ғана емес, жалпы барлық азаматтардың жұмысын Еңбек кодексі реттейді. Оған сәйкес, жұмыс беруші күніне 8 сағаттан, аптасына 40 сағаттан аспайтын жұмыс уақытын белгілеуі тиіс. Алайда жұмыс уақытынан бөлек еңбек етуге рұқсат берілген, бірақ қосымша жұмыс уақыты күніне 2 сағаттан, айына 12 сағаттан аспауы тиіс және жалақысына арнайы үстемақы қосылуы керек. Үстемақы жалақысына сай әр сағатқа төленетін қаражатты қосымша жұмыс уақытына көбейту арқылы есептеледі", — деп түсіндірді Халықты жұмыспен қамту департаменті директоры Асқар Ниязов.

Аталмыш үстемақы төленбеген жағдайда барлық өңірлерде қызмет ететін еңбек инспекциясына барып, өтініш жазуға болады. 

Жалпы 2023 жылы Қазақстанда 963 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. 

Ұлттық жобалар шеңберінде 265,1 мың азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 198 мыңнан астамы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілді.

"Мемлекет басшысының "10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны" бастамасы аясында 382,4 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 316 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 50%-дан астамы 35 жасқа дейінгі жастар", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев. 

Өңірлер бөлінісінде жұмысқа орналастырылған азаматтардың 52%-ы Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларына тиесілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу