Абай облысында вейптерді заңсыз сатқан тұрғын сотталды

Бұл туралы Бас прокуратураның әлеуметтік желідегі ресми парақшасы жазды.

Абай облысында вейптерді заңсыз сатқан тұрғын сотталды Фото: uralskweek.kz

Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз өткізген тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Еске салайық, 2024 жылдың 20 маусымынан бастап Қазақстан Республикасында вейптерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, әкелуге және өндіруге тыйым салынған еді. 

Аталған тыйымға қарамастан, сотталған азамат 3700-ден аса жазылушысы бар "Telegram" мессенджері арқылы никотин құрамды өнімдерді өткізуді ұйымдастырған. Заңсыз әрекетке 2 сыбайласы тартылған. Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 784 электрондық құрылғы мен оларға арналған сұйықтықтар тәркіленіп отыр. 

– Сот үкімімен ұйымдастырушы ҚК-нің 301-1-бабы (шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды. Оның сыбайластарының әрқайсысы 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталды. Қолданылған автокөлік құралдары мен ұялы телефондар тәркіленді, өнім жойылуға жатады, – делінген ресми хабарламада. 

Үкім әлі заңды күшіне енбеген. 

Семей қаласының прокуратурасы азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға және тыйым салынған никотин құрамды өнімдердің заңсыз айналымына қатыспауға шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу