Abu Dhabi Ports Қазақстандағы "Құрық" портын дамытуға мүдделі - ҚР ИДМ

425

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі БАӘ тарапымен теңіз айлақтарының инфрақұрылымын дамыту мен әуе қатынасы саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған меморандумдарға қатысты қандай жұмыстар атқарылатынын жариялады.  

Abu Dhabi Ports Қазақстандағы "Құрық" портын дамытуға мүдделі - ҚР ИДМ

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми іссапары аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Әмірліктер тарапымен теңіз айлақтарының инфрақұрылымын дамыту мен әуе қатынасы саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған меморандумдарға қол қойды.

Қазақстан мен БАӘ арасындағы экономикалық байланысты нығайту мақсатында, оның ішінде көлік-логистика саласындағы әріптестікті арттыру үшін қазір Abu Dhabi Ports компаниясымен теңіз порттарының инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Осы бағыттағы жұмысты тиімді іске асыру үшін министрлік Abu Dhabi Ports-пен өзара түсіністік туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Соған сәйкес аталған компанияға контейнерлік хаб пен Құрық портында "Саржа" көп қызметті терминалын салу, сондай-ақ кеме шығарып, жөндейтін зауыттың құрылысына байланысты жобалар ұсынылды.

"Таяуда Abu Dhabi Ports-тың басшысы Мұхаммед Әл-Шамсимен онлайн режімде келіссөздер жүргізіп, оның нәтижесінде Әмірліктер тарапы Құрық портын дамытуға қызығушылық танытып отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ БАӘ-мен "Қазақтеңізкөлікфлоты" ЖШС-не 2 танкер беру бойынша да келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жоғарыда айтылған жобаны іске асыру үшін Abu Dhabi Ports – "ҚазМұнайГаз" – "Қазақтеңізкөлікфлоты" арасында бірлескен кәсіпорынды құру жоспарланған", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Сонымен қоса ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары кезінде еліміздің ұшу географиясын кеңейтумен бірге БАӘ арасындағы әуе қатынасын одан әрі нығайту үшін екі елдің авиациялық биліктері Авиациялық қатынас туралы ведомствоаралық меморандумға қол қойды.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында 8 бағыт бойынша аптасына 60 рейс орындалып келеді. Әуе тасымалын Fly Dubai, Air Arabia, Wizz Air Abu Dhabi мен отандық "Эйр Астана" компаниясы іске асырып келеді. Бұл бағыттағы әріптестік рейстердің жиілігі мен межелі пункттердің шектеуін қарастырмайтын өзара түсіністік туралы меморандумның негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан бөлек араб мемлекетімен өнеркәсіп саласында да жемісті әріптестік орнаған. Айталық, қазір Павлодар облысында Canarax (БАӘ) компаниясы техникалық кремний өндіретін зауытты салуға байланысты жобаны сәтті іске асырып келеді.

"Қазір аталған зауыттың жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Мемлекеттік сараптама осы жылдың басында жүргізіледі деп көзделген. Құрылыс-монтаж жұмыстары алдағы ақпан айында басталады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын 2024 жылы іске қосылуы тиіс", - деді М.Қарабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу