Air Astana рейстерінің кешіктірілуі қай айға дейін жалғаспақ?

717

Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостер рейстердің кешіктірілу себептерінің қатарына пандемиямен байланысты әуе тасымалын қалпына келтіруде туындаған қиыншылықтарды жатқызады.

Air Astana рейстерінің кешіктірілуі қай айға дейін жалғаспақ?

Air Astana рейстерінің кешіктірілуі қазан айына дейін жалғасады. Бұл туралы Питер Фостер "Air Astana операциялық қызметі: мәселелер мен даму жоспарлары" атты брифингте мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.

"Біз рейстерге деген жоғары сұраныс маусымында оның кешіктірілуі жалғасады деп отырмыз. Жағдай қазан айына дейін тұрақтанады деп күтілуде. Рейстердің кешіктірілу қаупін азайту мақсатында қолымыздан келгенше тырысамыз", – деді компания басшысы.

Әуекомпания директорының айтуынша, рейстердің кешіктірілуін төмендету үшін Air Astana рейстер санын азайтып, Airbus A320 резервтік ұшағын бөлді. Бұдан бөлек Ақпарат және брондау орталығы қызметкерлерінің қатарын да көбейткен.

Питер Фостер жағдайдың шиеленісуіне елдегі бірнеше әуежайдың ұшу-қону жолақтарына жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, негізгі маусымда әуежайлардың жабылуы және құстармен соқтығысу деректерінің көбейгені әсер еткенін айтады. Жыл басынан бері құстардың ұшақтармен соқтығысуының 63 дерегі тіркелген. Оның ішінде 10 жағдай әуе кемелерінің зақымдалуына әкелді.

Сондай-ақ Air Astana әуе компаниясы 2025 жылы АҚШ-қа әуе рейстерін ашуды жоспарлап отыр. Бірақ Питер Фостер Boeing ұшақтарын жеткізумен байланысты қиындықтар туындауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Себебі ұшақ өндіруші зауыттарда әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты бірқатар қиындық туындаған екен.

"АҚШ-тағы рейстерге келетін болсақ, бұл әуекомпанияның флотында Boeing 787 Dreamliner лайнерлері болуымен тікелей байланысты. 2025 жылы аталған ұшақтардың жеткізілуі күтіліп отыр. Осылайша біз АҚШ-қа рейстерді 2025 жылы бастауды жоспарлап отырмыз", – деді Питер Фостер.

Air Astana-да рейстердің кешіктірілуі бойынша жедел желі іске қосылды. Жолаушылар өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алу үшін +7 7272 44 44 78 байланыс нөміріне хабарласа алады.

Айта кетейік, Air Astana компаниясы – "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қоры (51%) мен британиялық BAE Systems компаниясының (49%) бірлескен кәсіпорны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу