Әкімдер ауысып жатыр

576

Елімізде облыс пен мегаполис әкімдері қайта тағайындала  бастады.

Әкімдер ауысып жатыр

Әзірге Шымкент қаласы мен 7 өңірдің әкімдері тағайындалды. 

Айта кетсек, Президент сайлауынан кейін облыс әкімдерінің бәрі автоматты түрде лауазымдарын босатып, уақытша міндетін атқарушы атанған еді.

Сонымен, жаңа айды жаңа әкіммен қарсы алатын өңірлер қандай? Білдей бір қаланы жылусыз қалдырған Екібстұздағы апаттан кейін Әбілқайыр Сқақовтың Павлодар облысының тізгінінде  қалуы екіталай еді. Солай болды да. Сқақов кетті, орнына Олег Крук келді.Тек ол әкімнің уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды. 

Бұған дейін Олег Крук бірінші орынбасар болып, энергетика саласына тікелей жауап берген. 90 жылдары ол Павлодар жылу электр орталығында машинист, инженер болып  еңбек еткен. Яғни, энергетикадан тікелей хабары бар адам. Бірақ уақытша міндетін атқарушы дегенге қарағанда, Павлодар облысына кімді әкім қылып қоятынын Тоқаев әлі шешпеген сияқты. Ал 2020 жылдан бері Керекуді басқарған Сқақовтың кеткеніне депутаттардың көңілі аса түсе қоймаған сияқты.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі де ауысты. 2017 жылдан бері, яғни 5 жыл бойы бұл креслода Құмар Ақсақалов отырған еді. Оның орнына Айдарбек Сапаров келді. Бұған дейін ол Ауыл шарушылығы министрінің орныбасары болды. Жалпы, Сапаров  Солтүстік Қазақстанның тумасы. Астанаға вице-министр болып кетпес бұрын 9 жыл бойы облыс әкімінің орынбасары қызметін де атқарған.

Оның жақын туыстары теріскейдегі белді фермерлер мен кәсіпкерлер. 

Көктемде Сапаров сол туыстарына миллиардтаған субсидияларды үлестіріп берді деген ақпарат тараған еді. Алайда, оның өзі мұның бәрі жалған, бәрі заң шеңберінде деп ақталған болатын. Ең қызығы жаңа әкімді тағайындауға премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзі Петропавлға ат басын тіреп, атқамінерді мақтап-мақтап кетті. 

Ал СҚО-ның бұрынғы әкімі Құмар Ақақалов Қостанай облысының әкімі қызметіне тағайындалды.

Сонау 2015 жылдан бері өңірді басқарған Архимед Мұхамбетовты алмастырды.

Ал 7 өңірдің әкімі жылы орындарын сақтап қалды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу