Алаңда ұлттық киім киген жұрт, желбіреген түрлі түсті тулар, жанды музыка мен күмбірлеген күй – барлығы елдегі этностар арасындағы бірліктің айқын көрінісі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл күн – жай ғана мереке емес, бұл – Қазақстандағы әртүрлі ұлт пен ұлыстың ортақ құндылықтар аясында тату өмір сүріп жатқанын дәлелдейтін ерекше сәт. Мерекеге жиналған тұрғындар мен қала қонақтарының жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды.
Мерекелік жиын барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, ел бірлігінің маңызын атап өтті.
– Ұлттық бірлік – біздің ең асыл құндылығымыз, мемлекеттіліктің негізі. Бұл мереке – көпұлтты қоғамның ынтымағы мен ортақ мақсаттарға деген адалдығын көрсететін маңызды күн. Біз бәріміз – бір тағдырлы, бір болашаққа ұмтылған елміз, – деді ол.
Алаңға "Бірлік" спорттық жарысына қатысушылар салтанатты түрде кіріп, көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Іс-шараға этномәдени орталықтардың өкілдері, студенттер, мектеп оқушылары мен қоғам белсенділері қатысты. Бұл – ел ішіндегі достық пен өзара құрметтің нақты көрінісі болды.
Салтанатты жиын барысында ел бірлігіне үлес қосып жүрген азаматтар марапатталып, мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды. Солардың бірі – қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ардагері Мейрамбек Қиықов.
– Бұл марапат – үлкен жауапкершілік. Қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау, ел бірлігін сақтау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз, – деді ол толқыныспен.
Мерекелік концертте түрлі ұлт өкілдерінің әні мен биі көрермендерді тәнті етті. "Гәкку", "Көкшетау", "Сувенир", "Қазына" секілді өнер ұжымдары ұлттық мәдениеттің байлығын паш етті.
– Бұл күні тек ән мен би емес, адамдар арасындағы шынайы жылылық сезіледі. Әр ұлт өз өнерін паш етіп, бір-бірін құрметпен қарсы алады. Нағыз достық осы болар, – деді қала тұрғындарының бірі.
Биылғы мерекенің ерекшелігі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі. Бұл құрылым ел ішіндегі тұрақтылық пен бірліктің кепілі екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Шара соңында барлық қатысушы сахнаға шығып, "Қазақстан – алтын ұям, бесігім" әнін бір дауыспен орындады. Көк тудың астында біріккен сан ұлт өкілі елге деген сүйіспеншілігін және ортақ болашаққа деген сенімін білдірді.
Айта кетейік, бүгінде Ақмола облысында 48 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар 100-ге жуық ұлт өкілінің татулығын нығайтып, ортақ мүдде жолында белсенді еңбек етіп келеді.