Ақтауда мектепте буллинг тоқтамай тұр

178

Ақтауда №23 орта мектепте болған буллинг әлеуметтік желіні шулатты. 

Ақтауда мектепте буллинг тоқтамай тұр Фото: inbusiness.kz

11-сыныптың оқушысы төменгі сыныптың баласын ұрып-соққан. Тіпті электршокер де қолданған,- деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан үш күн бұрын 11-сыныптың зіңгіттей жігітінен таяқ жеген 7- сыныптың оқушысы ауруханада жатыр. Мектеп ішінде әлімжеттік көрсеткен оқушы бір айдан соң жас түлек атанатынына қарамастан, балаға электршокерін, кейін жұдырығын жұмсаған. Тіпті мектептегі ұлдарды жинап кімнің кіммен араласпауы қажеттігіне әмір де беретін көрінеді.

"Электршокермен соққан. Ырыққа көнбеген баламды жағынан ұрып, басы сырттағы отырғышқа тиіп бірнеше минут есін жоғалтады. Бас айналу мен жүрек айну кетпеген соң больницаға жатқызады. Сол күні ол баламды ұрып-соғып болған соң, бүкіл мектептегі ұлдарды жинап, Нұрбекпен қол алысып амандаспаңдар, ол "терпила" деп буллинг жасаған",- дейді жәюірленушінің анасы Әсем Мұнатова.

Оқиға болған күнгі барлық іс-әрекет мектептің бейнекамераларына жазылып қалған. Жастүлек оқушы тәртібінің нашарлығымен мектепішілік есепте де тұрып үлгерген. Бір қызығы, өзінен бірнеше жас кіші балаға күші жететін батырсымақ спортшы екен.

"Спортсмен, боксер, көптеген шараларға қатысып жүр. Мінезі тентектігі бар. Өзін ұстай алмай қалатыны тағы бар. Әлеуметтік жағдайы орташа көпбалалы отбасынан шыққан. Алтыншы сабақ тарап, далада үлкен жігіттерден алып қалған деді куәгерлер. Сонымен ойнап істеген екен",- деп жауап берді №23 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Жамилова. 

Оқиға болған күні полиция келіп, арыз алса да, ресми тіркемепті. Қоғамдық толғаныс туғанда ғана іс алға жылжып, бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал кінәлі оқушының ата-анасы отбасына қоңырау шалып, кешірім сұрап, қаражат ұсынған. Бірақ олар бас тартып, әділдікті талап еткен. Баласы үшін алаңдаған ана ұлымен психологқа да жүгінген. Енді істі сотқа дейін апарамын дейді. Мектептегі буллингті осылай тоқтатпақ ниетте. Айтпақшы, таяқ жеген баланы қорғаудың орнына сыныптастары алдында қорлаған бірнеше педагогтың үстінен де іс қозғалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу