Ақтөбе әкімі: "Қаладағы қар толық көлемде дұрыс шығарылмайды"

540

Қала басшысы су тасқынының негізгі себептерін атады.  

Ақтөбе әкімі: "Қаладағы қар толық көлемде дұрыс шығарылмайды" Фото: gov.kz

Ақтөбелік шенеуніктер қыс бойы қаланың қардан дұрыс тазартылмағанын мойындады. Ал қала тұрғындарынан су сору бойынша 400-ге жуық өтініш түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қаламыздың тұрғындарынан су сору жұмысына байланысты 382 өтініш келіп түсті. Тиісті жұмыс атқарылды. Қар тез еріп, соған жаңағы көлік үлгермей қалып жатыр", - деді Ақтөбе ТКШ сектор меңгерушісі Серік Дәулетов

Ал, қала әкімі су тасқынының жүйелі себептерін атап өтті.

"Қар толық көлемде дұрыс шығарылмайды және оның салдарынан күн жылыған бойдан жаппай еріп, көшелерді су басып жатады. Бұл жерде тұрғын массивтерді қоса алғанда қала аумағын қардан тазалауға бөлінетін қаржы өлшемінің қаншалықты сәйкес екенін зерделеп қарау керек. Яғни, осыдан қар тазалау техникасы бізге жеткілікті ме және саны көп мердігерлердің жұмысын бақылауды қалай жақсартуға болады деген сұрақтар туындайды. Суағарлар, арналар, арықтар, яғни жол инфрақұрылымы. Біздің қаламызда ол дамымаған, ескірген және көп жерлерде суағарлар мүлдем жоқ. Не істеуіміз керек? Уақыт өткізбей жаңа суағарлар салуымыз және қолда барларын жөндеуіміз керек. Су тасқынына қарсы жұмыстарға арналған құрылғылар мен заманауи техниканың жоқтығы қолбайлау. Жаңа заманауи насостар, жабық суағарларда қатқан мұзды тазалайтын және ерітетін тағы басқа құралдарды сатып алуымыз қажет" - деп мәлімдеді Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жүребеков.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы үш ауыл неше күннен бері облыс орталығымен қатынаса алмай отыр. Ондағылар керек-жарағын Атыраудың Құлсары кентінен жеткізіп амалдап отыр.

"Байғанин ауданында Оймауыт, Қарауылкелді-Оймауыт бағытында жол бойында, Алтау батыр тұсында көпір, көпір емес су өткізу құбыры, соның Сағыз өзені деңгейі келгенде шыдамай, сол жерде шайып кетті. Енді арғы жағында үш елдімекен қалып тұр", - деп мәлімдеді Ақтөбе облысы ТЖД бөлім бастығы Құмар Тұрмағанбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу