Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылыстардың едәуір бөлігі тозған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Облыста барлығы 206 гидротехникалық құрылыс тіркелген. Оның 10-ы республикалық меншікте, 174-і коммуналдық, ал 22-сі жеке тұлғаларға тиесілі. Былтыр өңірде гидротехникалық құрылғыларға қызмет көрсету мекемесі құрылып, бөгеттердің техникалық жағдайын зерделеу және оларды кезең-кезеңімен қалпына келтіру осы ұйымның міндетіне жүктелді.
Алайда мекеменің материалдық-техникалық базасы әзірге жеткіліксіз. Өткен жылы 84,7 млн теңгеге бір жерсорғыш снаряд сатып алынып, ол Сазды өзенін қамыстан тазалау жұмыстарына пайдаланылды.
Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бөгеттерге қызмет көрсету үшін барлығы 72 арнайы техника қажет. Биыл облыстық бюджеттен 9 техника сатып алуға 355 млн теңге қарастырылып, конкурс құжаттары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар лизинг тетігі арқылы 2,2 млрд теңгеге 36 арнайы техника алу жоспарда бар.
– Биыл 6 гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы зерттеу жүргізіледі. Соның нәтижесінде бөгеттердің нақты техникалық жағдайы анықталады. Тәуелсіздік жылдарында көптеген бөгетке күрделі жөндеу жасалмаған. Сол себепті шағын су құрылыстарының басым бөлігі тозған. Қазіргі есеп бойынша 60-тан астам бөгетті жөндеу қажет. Мұны бір жылда толық аяқтау мүмкін емес, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады. Мақсат – бөгеттерді қалпына келтіріп, халық игілігіне беру, – деді басқарма басшысы Исатай Еспағанбетов.
Биыл Ақтөбе облысында Қарғалы су қоймасын жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар Су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес өңірде екі жаңа су қоймасы салынбақ. Атап айтқанда, Жаман Қалғалы өзенінде – Өлке, ал Ор өзенінде – Жамбыл су қоймаларын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленген.
Бұдан бөлек, облыста Әлия және Жарық су қоймаларын салу жоспарда бар. Жарық су қоймасы Елек өзенінің бастауында орналасып, Ақтөбе су қоймасына келетін судың көлемін реттеуге мүмкіндік береді. Ал Әлия ауылындағы су қоймасы Қобда ауданында су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған.
Қазіргі уақытта аталған жобалар мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2027–2028 жылдары басталады деп жоспарланған.