Ақтөбеде әкім ашқан спорт кешені жұмыс істемей тұр

208

Петропавл ауылындағы спорт кешені сол кездегі облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тұсында ашылған болатын.

Ақтөбеде әкім ашқан спорт кешені жұмыс істемей тұр Фото: Inbusiness.kz

Спорт кешенінің пайдалануға берілгені туралы Қарғалы ауданы әкімдігінің ресми  сайты ақпан айында жазған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ақпаратта сол кездегі аймақ басшысы  Ералы Тоғжанов футбол, волейбол, гандбол, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлерінен балаларды баулитын спорт нысанын аралағаны, кешен тәрбиленушілеріне футбол және волейбол ойнауға арналған спорттық киімдерді, доптарды сыйға тартқаны жазылған. Және кешеннің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталғаны да айтылады. Алайда, ауыл тұрғындары  спорт нысанының есігінде қазір құлып тұрғанын жеткізді.

"Былтыр ашылады деді, бірақ ашылмады. Адамдар барып жүргенін көрмедім. Балалар мектептің спорт залына барады. Қыруар қаражат жұмсап салса, іске қосылмағаны – проблемасы бар шығар", – деді Петропавл ауылының тұрғыны Алтай Қоқанов.

Тағы бір тұрғын былтыр нысанды облыс әкімі аралап көрген сәтте расымен балалар келіп жаттыққанын айтты.

"Бір күн дайындалдық. Содан кейін жұмыс істеген жоқ. Сол кезде әлі істелмеген жұмыстар бар еді. Біздің ауылдың жастары спортқа бейім. Әсіресе, жеңіл атлетика, волейбол және күреспен айналысатындар көп. Ауылымызда әлемдік жарыстардың жүлдегерлері бар. Сондықтан, спорт кешені тезірек ашылады деп үміттенеміз", – деді ауыл мектебінің мұғалімі Қуаныш Құрмашев.

Ангар типтес спорт кешеніне тапсырыс беруші – Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасы. Жобаның құны – 279 млн теңге. Спорт кешенінің құрылысы  2022 жылдың маусымында басталып, биыл маусымда аяқталған. Желтау ауылдық округінің әкімі  Азамат Ырзағұловатың айтуынша, кешен ол кезде ресми ашылмапты.

"Тамыз айында  берілді. Біз қағазын көрген жоқпыз. Құрылыс басқармасы салды, солар қабылдаған. Енді облыстық спорт  басқармасына береді, сосын барып ауданның балансына береді.  Сосын барып штат бөлінеді. Ақпанда облыс әкімі  келгенде жұмыс сәттерін ғана көрсеттік,  салтанатты түрде, лентасын қиып,  ашылуы болған жоқ", – деді ауыл әкімі.

Ақтөбе облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір жер құжаттарын рәсімдеу жүріп жатыр. Барлық жұмыстар жылдың аяғына дейін бітіп, спорт кешені сол кезде толық пайдалануға беріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу