Ақтөбе облысында қызғалдақпен фотоға түскен Мұғалжар ауданына қарасты Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаева әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл оқиғаға байланысты оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша хаттама толтырылды.
Тексеру барысында әкімнің гүлдерді кәмелетке толмаған балалары жұлғанын айтқаны анықталған. Осыған орай, балаларының әрекетіне қатысты жауапкершілік анасына жүктеліп отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, әкім 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Сонымен қатар, бұл жағдай мемлекеттік қызметкердің этикалық нормаларды бұзуы ретінде қаралып, мәселе Әдеп жөніндегі кеңесте талқылануы ықтимал. Аудан әкімдігіне тиісті ұсыныс жолданған.
Еске салайық, ауыл әкімі Ләззат Бердібаеваның қолында гүл ұстап түскен суреті әлеуметтік желіде кең таралып, қызу талқыға түскен еді.