Ақтөбеде шешен қызы өзгелерге қазақ тілін үйретіп жүр

549

Болашақ филолог арнайы курс ашқан.  

Ақтөбеде шешен қызы өзгелерге қазақ тілін үйретіп жүр Фото: inbusiness.kz

19 жастағы Ализа Кайхарованың тілді үйретуде өз әдістемесі бар. Оған 8 жастағы баладан 50 жастағы мемлекеттік қызметкерлер келіп тіл сындырып жүр.

Ализа Кайхарова – ауылда туып-өскенімен, 11 жыл бойы орыс мектебінде оқыған. Ата-анасы қызының дәрігер болуын қалағанымен, Ализа филолог болуға шешім қабылдайды.

Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қазақ филологиясы бөліміне түстім.  Үйде де, мектепте орысша сөйлегендіктен, оқығандықтан, университетте  таза қазақ тілінде ақпарат алу бастапқыда өте қиын болды. Бірақ, уақыт өте келе үйрендім. Өйткені, қазақ тобында оқыдым. Студент бола жүріп қазақ тілі курстары ашылғанын көріп, жоба жетекшісіне хабарластым. Қазақ тілін үйретуге көмектесейін деп ұсыныс айттым.  Қабылдады. Солай тәжірибе жинақтап, кейін жеке курс ашуға шешім қабылдадым,- дейді Ализа.

  Ализаның қазақ тілі курсында 30 адам білім алып жүр. Арасында мектеп оқушысы, әкімдік қызметкерлері  мен бизнесмендер де бар.

Курсқа әртүрлі ұлт өкілдері келеді. Біреулері күнделікті өмірде адамдармен түсінісе алатын тұрмыстың деңгейдегі қазақ тілін меңгергім келеді десе, енді бірі жұмыс барысында керек екенін айтады. Қазақша судай сөйлеу үшін жарты жыл уақыт керек. Тілді үйретуде өз әдісім бар. Жеңіл тәсілі десем болады. Мысалы, қазақ тілінде шақ бар. Мен оқушыларыма тек ауыспалы келер шақты  үйретем. Өйткені, күнделікті өмірде соны көп қолданамыз. Қазақ тілін үйрену неге қиын? Меніңше, мектепте өзге ұлт өкілдері үшін қазақ тілін үйрету дұрыс жолға қойылмаған. Мүлдем сөйлей алмайтын, түсінбейтін балаға бірден грамматиканы, ережені  үйрету қиын. Ол бәлкім,  ережені жаттап алар, бірақ, ойын еркін жетізе алмайды. Мен филолог ретінде қазақ тілін үйретерде осы тұстардың бәріне мән беруге тырысамын,- дейді Ализа.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу