Ақтөбелік еріктілер жалғызбасты қариялардың аулаларын қардан тазартуға кірісті

556

Ақтөбеде қар шығару жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр. Қыс мезгілі басталғалы барлығы 213 мың текше метрден астам қар шығарылды.  

Ақтөбелік еріктілер жалғызбасты қариялардың аулаларын қардан тазартуға кірісті Фото: gov.kz

Жеке тұрғын үй иелері аулаларын қардан тазартып, мердігер мекемелердің арнайы техникалары жол жиегіндегі үйілген қарды тиеп, алып кетіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

Алайда, қала тұрғындарының арасында ауыр жұмысқа жарамайтын адамдар да бар. Осы ретте облыстық жастар ресурстық орталығы белсенді жастарды жұмылдырып, жалғызбасты 17 қарттың үйінің ауласын қардан тазартуға кірісті.

"Қалалық әкімдіктің берген тізімі бойынша кеше қаламыздағы волонтерлік топтардың белсенділерімен бірге қариялардың үйінің ауласын қардан тазарттық. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Әр үйге 5-6 волонтерден бөлінді. Қар аршуға жігіттер тартылды, ал қыздар үйдің ішін жуып-тазалауға көмектеседі", - дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Мусин. 

Игі іске Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері, "Volonter.2020_aqtobe" қоғамдық бірлестігінің, "Волонтеры КРМУ", "Жұбанов жылуы", "Медик волонтер", "Мұрагер", "Жас сақшы", "Аңсар" секілді волонтерлік тобының белсенділері атсалысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу