"Алматы Жастары 3.0" бағдарламасының аясында 188 тұрғын жеңілдетілген шарттармен пәтерлерін алды

584

Қала әкімдігі тарапынан бағдарламаны жүзеге асыру үшін 10 млрд теңге бөлінген. 

"Алматы Жастары 3.0" бағдарламасының аясында 188 тұрғын жеңілдетілген шарттармен пәтерлерін алды

Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңындағы онлайн брифинг барысында Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты Басқарма басшысының орынбасары Айбек Сайделдаев және Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Алматылық филиалы директорының орынбасары Данагүл Тілеуберліқызы айтты.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен әлеуметтік салада қызмет ететін жастарға арнап несиелендіру талаптары барынша жеңілдетілген "Алматы Жастары 3.0" жеңілдетілген несилендірудің қалалық бағдарламасы іске қосылғанын еске саламыз. Бұл - денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, сонымен бірге ЖОО мен ҒЗИ, журналистер және әлеуметтік саладағы басқа да қызметкерлер.

"2020 жылы барлығы қалалық "Алматы жастары 3.0" (1000 пәтер) және республикалық "Бақытты отбасы" бағдарламаларының аясында 3,5 мың пәтер бөлу жоспарлануда. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында осы екі бағдарлама бойынша 343 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 188 пәтер "Алматы жастары 3.0" бағдарламасы және 155 пәтер "Бақытты отбасы" бағдарламаларының аясында", - деді Айбек Сайделдаев.

Ол 188 пәтерден 82-сін білім саласының қызметкерлері, мәдениет саласынан -12, ЖОО және ҒЗИ қызметкерлерінен – 23, БАҚ қызметкерлерінен – 11 адам баспаналы болғанын айтты.

Қала әкімдігі тарапынан "Алматы 3.0" бағдарламасын жүзеге асыру үшін 10 млрд теңге бөлінгенін атап өту керек. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тарапынан 3 млрд теңге бөлінген.

ТҚЖБ Алматы филиалы директорының орынбасары Данагүл Тілеуберліқызының хабарлауынша, биылғы жылы осы сомаға 1000 отбасыны қамтамасыз ету жоспарлануда.

"Әкімдік тарапынан биылғы жылы жақсы сома 10 млрд теңге бөлінді. Оған дейін бөлінген сома әлдеқайда төмен. ТҚЖБ тарапынан 3 млрд теңге бөлінді. Барлығы осы 13 млрд теңгеге "Алматы жастары 3.0" бағдарламасы бойынша 1000 отбасыны қамтамасыз ету жоспарлануда", - деді Данагүл Тілеуберліқызы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу