Жұмыс сапары аясында білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау жүйелерін дамытуға қатысты негізгі мәселелер, сондай-ақ цифрлық жүйелерді енгізу және әлеуметтік саладағы жұмысты тиімді ету шаралары қаралды.
Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар өзара тығыз байланыс орнатып, әр әлеуметтік саясат бағыты бойынша бірлескен кешенді жоспарлар әзірлеу қажет екенін айтты. Сапардың басты іс-шарасы Алматы қаласының атқарушы органдары мен қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысқан жиын болды. Отырыс барысында денсаулық сақтау, оқу-ағарту, туризм және спорт министрлері, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ғылым және жоғары білім вице-министрлері баяндама жасады. Вице-премьер А. Балаеваға мегаполистегі әлеуметтік сала бойынша кешенді талдау нәтижелері таныстырылып, негізгі мәселелер мен сұрақтар анықталды, сондай-ақ жүйелі шешімдер ұсынылды.
Сонымен қатар қаладағы мектепке дейінгі және орта білім жүйесі қаралды. Салада кадр тапшылығы, басқару сапасына байланысты бірқатар мәселе бар. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, Алматыда 1 065 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 866-сы – жекеменшік. Қамтылған бала саны – 86 мың. Қалаға 2 мыңнан астам маман қажет. Бұл тапшылықтың 90%-ы жекеменшік ұйымдарда байқалады. Мектептердегі оқушылар саны жыл сайын 10-13 мыңға артып келеді. Алайда мектептерде 27 мыңға жуық орын жетіспейді. Жиын барысында цифрландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Цифрлық жүйе енгізілген соң, жекеменшік балабақшалар мен мектептердегі білім беру үдерісін ұйымдастыру барысында заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, жалған есеп пен іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлер анықталды. Нәтижесінде жеті жекеменшік мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысына қатыса алмады.
Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары цифрландыру тәртіп орнатуға және жұмыс үдерістерін тиімді етуге қажет құрал екенін атап өтті.
"Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Цифрландыру мен жасанды интеллектінің белгілі бір қиындықтарымен қатар, артықшылықтары да бар. Біз осы артықшылықтарды, ең алдымен, жұмыс үдерістерін оңтайландыру үшін пайдалануымыз керек. Тіпті кей цифрлық жүйелер мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы жалған тіркелген азаматтар мәселесінің ауқымын көрсетті. Біз барлығын бірдей айыптағымыз келмейді, бірақ жүйеге және жалпы мұғалімдер қауымына кедергі келтіріп отырған басқарушылар бар", – деді Аида Балаева.
Сонымен қатар ол білім берудің барлық деңгейі бір-бірімен тығыз байланыста болу керек екенін сөз етті. Мектептің тәрбиелік рөлін күшейтудің маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан" мен "Таза Қазақстан" қағидаттарын жүйелі түрде енгізу қажеттігін айтты.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың мәліметінше, Алматыда 236 мың студент білім алып жатыр, бұл – елдегі барлық студенттердің шамамен үштен бірі бөлігі. 2032 жылға дейін талапкерлер саны жыл сайын 23–24 мың адамға артуы мүмкін. Бұл инфрақұрылымды алдын ала дамытуды және жоғары оқу орындарымен өзара байланысты күшейтуді талап етеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де ерекше назар аударылды. Көптеген колледждерде заманауи инфрақұрылым жеткіліксіз, ал кейбір мамандықтарға еңбек нарығында нақты сұраныс айқындалмаған. Жасанды интеллектінің дамуына байланысты бірқатар мамандық өзектілігін жоғалтып бара жатқаны да айтылды.
Қаланың денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы, инфрақұрылым жағдайы және көрсетілетін қызметтердің сапасы негізгі мәселе болып қала береді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұсынған ақпаратта айтылды.
Алматы қаласында 418 медициналық ұйым жұмыс істейді. Салаға 1 100 маман қажет, оның ішінде 400-ден астамы – дәрігерлер. Халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту деңгейі – 80,3%, ал сақтандырылмаған және тұрақты түрде сақтандырылмайтын азаматтар саны 460 мыңнан асады.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметіне ерекше назар аударылды. Ел бойынша тіркелген 4 млн-нан астам азамат соңғы екі жылда емханаларға жүгінбегені анықталды. Бұл профилактика және диспансерлік бақылау жүйесін қайта қарауды қажет етеді.
"Әр медициналық ұйымға толық талдау жүргізілуі қажет. Соның ішінде Алматы қаласы ерекше бақылауда болады. Қалада үш миллионға жуық адам тұрады, медициналық мекеме сапалы қызмет көрсетуге міндетті. Мамандарды жалған тіркеу мен есепті бұрмалауға жол бермес үшін денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру маңызды", – деді Аида Балаева.
Ол сондай-ақ емханалар азаматтардың өз денсаулығын күтуіне, жауапкершілік алуына ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Әлеуметтік қолдаудың ашықтығы мен нақты бағытталуы да талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, деректерді цифрлық тексеру нәтижесінде Алматыда 10 мың отбасының негізсіз атаулы әлеуметтік көмек алғаны анықталған. Нәтижесінде жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаражат үнемделген. Премьер-министрдің орынбасары қоғаммен ашық диалог пен жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысының маңызын атап өтіп, заңның баршаға ортақ және оны сақтау әділетті әрі құқықтық мемлекет құрудың негізі екенін жеткізді. Жұмыс сапары барысында ғылым мен жоғары білімді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғалымдарымен кездесу өтті. Жиында академияның арнайы мәртебесі мен мүмкіндіктері бола тұра, оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны айтылды. Осыған байланысты Академияның мемлекеттік басқару мен экономика жүйесіндегі рөлін қайта қарау қажет екені атап өтілді. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қазіргі ғылыми басымдықтар дұрыс белгіленбеген, салдарынан ресурстар шашырап, маңызды бағыттарға жеткілікті көңіл бөлінбейтінін жеткізді. Сонымен қатар 2024–2025 жылдары Академия мемлекет, бизнес және шетелдік ғалымдардың қатысуымен 70 өңірлік және салалық форсайт-сессия ұйымдастырған. Соның нәтижесінде экономиканың нақты сұранысына бағытталған 220 міндет айқындалып, 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленген. Сонымен бірге ғылымды дамыту жоғары біліммен тығыз байланысты екені сөз болды. Алматы қаласында университет ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен өткен кеңесте қаладағы ғылыми және кадрлық әлеует жоғары болғанымен, университет ғылымы мен экономика сұранысы арасында алшақтық бар екені айтылды.
Осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев университетте 8 ғылыми-зерттеу институты, 39 ғылыми орталық және 140-тан астам зертхана жұмыс істейтінін, шамамен 400 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, университет ғылымының басты міндеті – ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізуді жеделдету және мемлекет және бизнеспен тығыз жұмыс істеу. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен өңірлер арасындағы тұрақты байланысты жолға қою негізгі міндет болып қала беретінін атап өтті. Кадр даярлау, қолданбалы зерттеулер мен технологиялық даму елдің нақты қажеттіліктеріне сай, бір жүйеде жұмыс істеуі тиіс.
Алматыдағы жұмыс сапары барысында А.Балаева бірқатар нақты тапсырма берді. Білім беру саласында кадрлық құраманықтау үшін сауалнама жүргізу, оқыту сапасын арттыру жоспарын әзірлеу, бастауыш білім мен колледждер жүйесіндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізу және оны педагогтарды оқыту жоспарын дайындау тапсырылды. Ғылым мен жоғары білім саласы бойынша әртүрлі жеке бастамалардан жүйелі жұмысқа өту қажеттігі қозғалды. Саланы дамытудың басты міндеттері – ғылыми басымдықтардың жаңа моделін жетілдіру, Ұлттық ғылым академиясының сараптамалық және аналитикалық рөлін күшейту, сондай-ақ университеттер мен ғылыми институттардың өңірлерді дамытуға бағытталған қолданбалы жобаларға қатысуын қадағалау.
Әлеуметтік қорғау саласында деректерді цифрлы жүйемен салыстыруды жалғастыру және қолдау шараларының нақты бағытталғанын қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ халыққа осы шараларды жүйелі түрде түсіндіру қажеттігі айтылды.