Алматыда қоқыс өртейтін зауыт бой көтереді

1325

Қалдық өртеу арқылы алынған 1кВт энергия 65-85 теңгеге шығады.

Алматыда қоқыс өртейтін зауыт бой көтереді

Алматыда қоқыс өртейтін зауыт бой көтереді. Жоба авторы құрылысты наурыз айында бастамақ. Бұл туралы Қазақстан-Франция сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған "Қалдықтарды қайта өңдеу стратегиясы" атты форумда айтылды.

Қоқыс өңдеуші кәсіпорындардың сөзін сөйлеуші өкілдер қалдық өртеу арқылы алынатын қуаттың қымбат болатынын, оның әсерін халық сезінбеу үшін мемлекет тарапынан субсидия төлену керектігін айтты. Олардың сөзіне сенсек,  қоқыстан алынған бір кВТ электр қуатының құны қарапайым халық үшін 65-85 теңге болмақ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов  бұл ұсынысқа егер қоқыстан энергия алу қымбатқа түсетін болса, кәдеге жаратудың басқа да жолдары бар деген жауап айтты. 

"Тариф мәселесі бір күнде шешіле салмайды. Оны өзгерту үшін Қаржы, Энергетика министрліктері мақұлдауы керек. Бүгін тариф 65-85 теңге болуы керек деген сөздер айтылды. Бұл өте үлкен тариф. Тіпті күн мен жел энергиясының тарифі де мұндай қымбат емес. Ары кетсе, 32 теңге болуы мүмкін, әйтпесе одан да арзан. Ал қоқыс өртеуден энергия алған күннің өзінде, оның жалпы энергетикадағы үлесі елеусіз. Тіпті елдегі қалдықтың 30-40%-ын өртеген күннің өзінде одан алынатын энергияның мөлшері тарифке әсер ететіндей көлемде болмайды. Инвестор тарту үшін тариф өсуі мүмкін. Оған түбі бір келеміз, бірақ қоқысты жағудан басқа да кәдеге жарату жолдары бар", – деді Ахметжан Пірімқұлов.

Министрлік өкілі өртенген қоқыстың күлі қайда көмілетініне де тоқталды.

"Қазақстандағы қалдықтың 15%-ы ғана сұрыпталып, өңделеді. Яғни 85%-ы сығымдалған күйде, кейде тіпті сығымдалмастан қоқыс полигондарына көміледі. Мамандардың айтуынша, қатты қалдықтарды өртейтін болсақ, одан 20% күл қалады екен. Ол күл өртеместен полигонға көмілген қалдыққа қарағанда қауіпсіздеу. Метан бөлінуі, инфекция таралу сияқты тәуекелдер бірден жоғалады. Қазіргі экологиялық кодекс бойынша ондай күлді сақтайтын арнайы полигондар болуы керек. Ол қоймалар экологиялық сараптамадан өтіп тұрады", – деді вице-министр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу